Ардагерлер кеңесіне ұстанымы биік тұлға қажет

Нұр-Қасым ЖОМАРТ

26.02.2021, 09:15

3472

Қазақ халқының ел билеу дәстүріндегі қалың бұқара мен биліктің арақатынасына көпір қызметін атқарған өз институты болды. Ол игі жақсылары бар ақсақалдар кеңесі еді. Бейнелеп айтқанда, халық – киіз үйдің керегесі, билік – шаңырағы болса, ақсақалдар кеңесі сол араны жалғаған уық болатын. Осы өзіндік болмысы мен табиғи сипатын безбендеп, ұрпақтарына «Ауылда көнекөз қарияң болса, жазып қойған хаттан кем емес, Ауылда төбең болса, ерттеп қойған жүйрік аттан кем емес» деген мәтелді санасына сіңіріп өсті.

Иә, халық қариясына қарап бой түзейді. Ақсақалына қарап елі өседі, көргендерін бойына түйіп өседі. Жалпы, ақсақалдар немесе ардагерлер кеңесі қоғамдық-әлеуметтік мәні зор, алдыңғы үзігінде ел ағалары тұратын халықтық жиын. Ақсақалдар кеңесі ел ішінде орын алған сан-сипат мәселелерді талқыдан өткізіп, кесім шығаратын немесе бір шешімге келіп, жоғары инстанцияға ұсыныс беретін халықтық басқарудың бейресми тұрпаты.

Жалпы, жақсы қартая білу де үлкен өнер болса керек. «Жақсы адам қартайса, көкірегі толы хат болар, Жаман адам қартайса, бықсып жанған от болар» деген сөз тегін айтылмаған. Көрген-білген тәжірибелерімен бөлісіп, кейінгі жастарға ақыл-кеңестерін бере жүретін үлкендердің ісі әркезде де өнеге болуы тиіс. Өкінішке қарай, іс жүзінде күнделікті өмірдегі жағдай дәл біз күткендегідей бола бермейді. Кейбіреулер жасы егде тартса да, түрлі ұятты қылықтарға барып, кейінгілерге теріс үлгі көрсетіп жатады. Ендігі бір шалдардың тірлігі қара бастарынан артылмайды. Кейінгі ұрпаққа дұрыс жол көрсетуге мүмкіндіктері жоқ, әйтеуір, жер басып жүргендеріне мәз. Тіпті балама жақсы қызмет алып беремін деп, әкімқараларға жалпаңдап жүретіндер баршылық. Ондайлар әдетте «ақсақал» деген ардақты атқа кір келтіріп, азын-аулақ беделдерінен айырылады. Жақсы ғұмыр кешіп, ел-жұрттың алдында абырой-беделге бөлене білген адам қартайдым деп өкінбеуі тиіс. Өйткені ондай адамдардың ісі ел есінде ұзақ сақталады.

Жуырда қоғам қайраткері, қолынан қаламы түспеген ардагер ағамыз Тобаш Ембергенұлы базынасын айта келді. Айтуынша, Қызылорда қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Әбішовтің жұмысында олқылықтар мен қаржы бұзушылықтарға жол бергеніне наразы. Тарқата айтсақ, қалада тұратын 30 мыңға жуық ардагер төраға жұмысынан қаржылық шикіліктер тауып, кінәсін мойындатқанымен, «өз еркіммен кетем» деген кеңес төрағасы бір жарым жылдан бері тапжылмастан әлі отыр екен. «Ардагерлер кеңесіне ұстанымы биік тұлға қажет» деген ол әңгімесін былайша өрбітті.

– 2019 жылы қалалық ардагерлер кеңесінің тексеру комиссиясы тендерден ұтып алған қаражаттың тиісті мақсатқа жұмсалмағанын, басқа да шараларда төрағаның жалған құжатпен қаржы алғанын анықтады. Сондай-ақ төрағаға 3-4 жыл бойы ардагерлер кеңесінің өткізуге тиісті іс-шараларын мезгілінде атқарылмай жүргені туралы бірнеше рет айтылғанымен, нәтиже шықпады. Түсінген адамға С.Әбішовтің бұнысы өткен ғасырдағы сан қилы қиындықтарды еңсеріп, ерен еңбек етіп зейнетке шықса да, қазіргі жастарға үлгі көрсетіп жүрген жүздеген ары да, жаны да таза еңбекқор ардагерлердің атына өрескел нұқсан келтіріп отыр. Алайда облыстық ардагерлер кеңесінің алқасы С.Әбішовке сол кемістіктері үшін не ескерту, не сөгіс жариялап, оның кінәсін бетіне басу сияқты шара қолданбай, оны қызметтен алу не қалдыру мәселесін келесі пленумға қалдырып, дәрменсіздік танытуы олардың да бұл мәселеге тиісті мән бермей отырғанын білдіреді, – деп ашынады ақсақал.

«Төрағаның жұмысына наразымыз», – деген Тобаш Ембергенұлы ақсақалдардың шағымдарын да ала келіпті. Ойлы оқырманға түсінікті болу үшін шағымды қаз қалпында беруді жөн көрдік.

«Қызылорда облысы бойынша 65 мыңға жуық еңбек ардагері есепте тұрса, оның ішінде 30 мыңға жуығы Қызылорда қалалық ардагерлер кеңесінің үлесіне жатады, ол облыс ардагерлерінің 46 пайызын құрайды. Ардагерлердің қалғандары облыстың жеті ауданында біріктірілген.

Қызылорда қаласындағы 30 мыңға жуық ардагерді біріктіретін үлкен ұйымға жетекшілік ету оңай шаруа емес. Себебі аудандарға қарағанда қаладағы ардагерлер арасында жүргізілетін мәдени-көпшілік жұмыстардың ауқымы үлкен және жан-жақты. Сондықтан мұндай ұйымды басқарушыдан үлкен парасаттылық, жан-жақты білімділік, ұйымдастырушылық қабілеттілік талап етіледі.

Соңғы 4-5 жыл төңірегінде осындай қоғамдық үлкен ұйымды басқаруға қаламыздың қоғамдық өміріне белсене араласушылар санатында жүрген азаматтардың бірі Әбішов Сайлаубай сайланған болатын. Қала ардагерлері жаңадан сайланған басшыға алдағы уақытта ардагерлер жұмысын бұрынғыдан да жақсартады деген сенім білдірген еді. Бірақ соңғы екі жылда қалалық ардагерлер ұйымының бастауыш ұйымдарына басшылық жасауы мен ардагерлер арасында мәдени-көпшілік ұйымдастыру жұмыстары өз дәрежесінде жүргізілмей келеді. Ең болмаса жыл ішінде өздерінің атқарған жұмыстары жайлы бір рет пленум мүшелеріне есеп беру, тоқсан сайын алқа мәжілістерін мезгілінде өткізу, әртүрлі шараларға ардагерлерді белсенді түрде кеңінен қатыстыру жұмыстары өз дәрежесінде болмағаны шындық. Ардагерлер ұйымының сан-салалы жұмысындағы көптеген олқылықтардың орын алғанын қала ардагерлері төрағаға айтып та, ескертіп те жүр.

Оның үстіне ардагерлер арасында соңғы 2-3 жылдан бері бұл мекемеге бөлінген қаржының дұрыс жұмсалмай жатқанына жол беріліп жатқаны жайлы әңгімелер тарауда. Осы хабардың рас-өтірігін анықтау мақсатында қаланың бір топ ардагерлері қала ардагерлерінің кезекті конференциясында сайланған тексеру комиссиясына арнайы хат жолдап, тексеріп беруді сұраған болатын. Комиссия 2019 жылдың желтоқсан айында тексеру қорытындысы жайлы анықтамада С.Әбішов 2017-19 жылдары әлеуметтік салаға жұмсау үшін тендерде ұтып алынған 6 миллионға жуық теңгенің 360 мың теңгесі өз мақсатына жұмсалынбай, қаржылық бұзушылыққа жол бергені және ардагерлерге көрсеткен қызметі үшін бөлінген 6 миллион теңгенің 959 мың теңгесін келісімшартпен өзі алғаны көрсетілген. Анықтамада айтылған негізгі қаржы бұзушылық деректерді айтатын болсақ, шаралар өткізуге жұмсалған қаржыларды шығыс етуге жасалынған кейбір актілерде нақтылық жоқ, жалған деректер басым деуге болады. Мысалы, іс-шараларды өткізуге қатысқан адамдардың тізімдері, олардың аты-жөндері актілерде аталмаған.

Бір факті: 2019 жылдың шілде айында С.Әбішовтің ұйымдастыруымен Аралдағы Қамбаш көлі жағасында ұйымдастырылған слетке қаладан 50 еңбек ардагері апарылған. Жол жүру кезінде Қармақшы кентінде Қызылордадағы «Лесхоз» мекемесі өзінің ардагерлерімен бірге, С.Әбішовтің апарған 50 ардагеріне мекеме есебінен түскі ас беруді ұйымдастырған. Ал С.Әбішов болса өзінің апарған 50 ардагеріне тағы да түскі ас бердім деп, 75 мың теңгеге жалған құжат (счет-фактура) жасап, акт жасағаны анықталып отыр. Мұндай келеңсіз жағдайды С.Әбішов тарапынан жасалынған қылмыстық әрекет деп санауға болады. Осыған орай, қалалық ардагерлер кеңесінің 2017-19 жылдардағы банктік есепшотындағы демеушіліктен түскен қаржылардың есебі мен қозғалысы, осы жылдардағы салық төлемдерінің заңдылығын тергеп-тексеріп, анықтау құқық қорғау және салық саласы органдарының арнайы мамандарының араласуын қажет етеді.

Қалалық ардагерлер ұйымы басшысының қаржы бұзушылыққа жол беріп отырғаны жайлы мәселе былтыр С.Әбішовпен кездесуде айтылды. Осы кездесуде ол жақын күндерде жұмыстан шығатынына бізді сендірген еді. Бірақ ол уәдесін орындамады. Сондықтан С.Әбішовтің қоғамға төрағалық қызметін өз дәрежесінде атқара алмай жүргенін және қаржы бұзушылыққа жол бергенін ескеріп, оның төрағалықтан тез арада босатылуын көптеген ардагерлер талап етуде. Қалалық ардагерлер ұйымын басқаруға ардагерлерге шын жаны ашитын, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, жұмысы таза азаматтың болғанын қалаймыз», – делінеді хатта.

Бұл хатпен таныс облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Дүйсенбаев былай деп жауап беріпті. Онда «С.Әбішовтің қызмет бабындағы кейбір іс-әрекеттеріне байланысты Сыр ардагерлерінің атына нұқсан келтіргені жөнінде алқа мүшелері өз реніштерін білдірді» дей келе, «Алқа мүшелерінің ұсыныстарын негізге ала отырып, С.Әбішовке шара көру немесе алдағы уақытта қызметін жалғастыру, тоқтату мәселесі қалалық ардагерлер кеңесінің алдағы болатын пленумында қаралатынын назарларыңызға ұсынамыз. Алайда қазіргі кезде елімізде болып жатқан індетке байланысты кезектен тыс пленум өткізу қазіргі санитарлық талапқа сай келмейтінін ескере отырып, елде қалыпты жағдай тұрақталған соң пленум өткізілетінін хабарлаймыз», –  делінген.

P.S. Бұл мәселенің нүктесін облыс әкімі немесе әкімдіктен бір мәмілегер шығып қоймаса, ардагерлер арасы ушығып бара жатқаны байқалады. Осыншама ардагерлер наразы болғанына қарағанда, ардагерлер кеңесі төрағалығына ақсақалдық ұстанымын биік ұстай білетін нағыз төрағалық деңгейдегі тұлға керек шығар.

Тегтер: ардагер Ауған соғысы ескерткіш мәселе әкімдік жергілікті әкімдік

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 16.04.2021, 14:45
"Зорлау фактісін біле тұра жасырған" - мектеп директоры сот алдына келді
Мариям МАҚСАТ 16.04.2021, 10:32
«Қабырғасы құлай ма» деп қорқамыз»
Нұрболат ӘЛДИБЕК 16.04.2021, 10:01
«Өз еркіңмен қызметіңнен кет деп жатыр»
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 15.04.2021, 11:50
«Солтүстікке көшсек» дегендер жетерлік
Тілек ҚАЙЫРБЕКҰЛЫ 14.04.2021, 20:36
Жасыл экономика сән бе, әлде қажеттілік пе?
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 14.04.2021, 09:16
Құба даланы бұғаттағандарға бұғалық неге салынбайды?

Аңдатпа


  • «Қабырғасы құлай ма» деп қорқамыз»
    16.04.2021, 10:32
  • 20 жыл тұрған баспанамыздан қуып жатыр (видео)
    15.04.2021, 12:06
  • Қонаевқа неге соқтыға береміз?
    14.04.2021, 09:08
  • Дағдарысты ауылдан жауап
    09.04.2021, 08:46
  • Жылқы бағып, мотоцикл мінген әзиз әжелер
    08.04.2021, 14:24