Ауқымды саяжай «ауыл» мәртебесін сұрап отыр

Еңлік АБАҒАН

13.08.2021, 09:00

1064

Облыстың шеткері аудандарында мыңдаған адам саяжайдағы үйлерде тұрады. Кей саяжайларда газ, асфальт пен су құбыры жоқ. «Бір жоқты бір жоқ табады» демекші, мектеп, ауруханасын да қосыңыз. Осыдан барып тұрғындары биліктен көмек көре алмағандарына, сөзге құлақ түретін жанның жоғына ренішті. Әкімдіктің бұл мәселеден хабары бар, бірақ қала сыртындағы тұрғындардың мәселесін шеше алмайды: заң бойынша саяжай үйлері тек ауылшаруашылық мақсатқа пайдаланылуы керек, сондықтан ол жерге газ бен су тарту тұрғындардың өз міндетіне кіреді.

«Весна» бау-бақша серіктестігі Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Жаңашар ауылы аймағында орналасқан. Тұрғындар саяжайға ауыл мәртебесі берілмегендіктен, үкімет тарапынан қайыр-қолдаудың жоқ екенін айтты. Саяжайда мектеп, балабақша, қоғамдық көлік қатынасы сияқты әлеуметтік қызмет инфрақұрылымы жоқ. Су кіргізуге немесе үйінің сыртын қаптауға көбінің мүмкіндігі жоқ.

Ауылдық округ әкімдігі өкілдері «ауыл статусын бергенге адам саны жеткіліксіз» деген саяжайдың билік назарынан тыс қалғаны мұнда келген адамға бірден білінеді.

ҚАШАН АУЫЛҒА АЙНАЛАМЫЗ?

Саяжай тұрғындары да өз мәселесін көтеріп, еш нәтиже шықпағанына ренжулі. Құрғақ уәдеден де шаршаған көрінеді. Наразылықтарын кімге барып, кімге айтарларынан бейхабар. «Ауыл» статусын беру мәселесі бір жылдан асты, өз шешімін таппаған. «Халық саны аз» дегендері 2009 жылғы санақ бойынша. Одан бері көпбалалы отбасы санымен бірге халық та көбейді емес пе? Бұл туралы бізге саяжай тұрғыны Әйгерім Атакеева баяндап берді.

– Ең басты көтеріп отырған мәселеміз – ауыл статусын беру. Әкімдікке хат та жаздық. Тіпті «31-арна» тілшілерін де шақырдық. Әкім барлық мәселемізді шешіп береміз деген-ді. Бірақ ол бірдеңені шешемін дегенше, орнына басқасы келді. Ол әкім жұмысына кірісіп, ауыл-ауылды аралап жүр. Жаңашар, Бәйтерек ауылына барды. Әлеуметтік желіге жазғанымызда «саяжай массивін де аралаймын» деген жауап алып едік. Бірақ ол келмеді. Жанымыздағы ауылдардың жағдайымен танысып қана қайтты, – деген тұрғын наразылығын білдірді. Оның айтуынша, «халық саны» аз дегені 10 мыңнан асып жығылады.

– Мектеп жасындағы оқушы саны 800 баланы құрайды. «31-арна» тілшілеріне түсініктеме берген әкім 2009 жылдың санағымен айтып тұр. Үй-үйді аралап, санақ жүргізетін қызметкердің өзі «тұрғын саны 10 мыңнан асады» деп айтты. Бізде көпбалалы отбасы көп. Бір саяжайдың өзі үшке бөлініп тұр. Бір бөлігі Ават ауылына, бірі Бәйтерек, енді бірі Жаңашар ауылына қарайды, – дейді тұрғын.

Аудан әкімдігінен келген жауап та ресми тілмен жазылған. Онда: «Кемінде 2000 халқы бар, жыл сайын емделу және демалу үшін келетіндердің саны кемінде олардың жартысын құрайтын, емдік маңызы бар жерлерде орналасқан елді мекендер де кенттерге теңестіріледі; оларға қала тұрғындарының жазғы демалыс орындары болып табылатын, ересек халықтың кемінде 25 пайызы ауыл шаруашылығымен тұрақты түрде айналысатын саяжай кенттері де жатады». Бұл хаттан бір түсінбегеніміз: «50 адам болатын елдік мекен» деген сөйлем. Қателесіп кеткен шығар. Десе де, 50 деп тұрғаны 5000 ба, әлде 50 мың ба, сол жағы белгісіз.

МЕКТЕПКЕ «САЯХАТ»

– 800 балаға арнап екі автобус шығарған. Бірақ оған олар сыймайды. Сондықтан оқушылардың көбі мектепке таксимен баруға мәжбүр, – дейді «Весна» саяжайының тағы бір тұрғыны.

Саяжай балалары білім алып жүрген Жаңашар ауылындағы мектеп 1000 оқушыға арналған. Соның 800 орнын бау-бақша массивінің баласы толтырып тұр. Тұрғынның сөзіне қарағанда, балалар автобусқа сыймай, сығылысып, мектепке әрең жететін сияқты. Таңертең кеткен оқушылар көлік тапшылығының кесірінен кешкі 8-де бір-ақ қайтады. Ал сағат 8-де басталатын сабаққа 7-де шығады. Алыста тұратын оқушылар 06:40-тан бастап автобусты күте бастайды.

«АУЫРЫП ЕМ ІЗДЕГЕНШЕ...»

Саяжай массивінің тұрғындары көп нәрсе сұрамайды. Шағын ғана амбулатори салып, терапевт пен педиатр дәрігер қызмет етсе болғаны. Өйткені ауруханаға барғаныңша, жедел жәрдем келгенше бір күнің кетеді екен. «Ауруханаға бару үшін үлкен тас жолға шығамыз. Одан кейін Жаңашардың қиылысына дейін көлік тоқтатамыз. Ары қарай Жаңашардың өзіне такси ұстап қана жетеміз. Аудан әкімдігіне хат жолдадық. Әкімге жолығып, жағдайымызды да түсіндірдік. Сол кездегі әкім: «Амбулаторияға 60 сотық жер ғана кетеді. Үш-төрт айдың ішінде салып береміз», – деп уәде еткен еді. Ол әкімнің сөзі құр сөз болып қалды. Орнына жаңа әкім келді», – деген ол назын жеткізді.

СУДЫҢ ДА СҰРАУЫ БАР

Дана халқымыз «Судың да сұрауы бар» деп бекер айтпаған ғой. Аталған саяжай массивінің тұрғындары таза суға зәру болғалы қашан. Тіпті су мәселесі балтыр сыздататындай дәрежеге жеткен. Су алатын ұңғыма (скважина) қазып, үйлеріне су кіргізген. Бұл екінің бірінің қалтасы көтере бермейтін әдіс. Таза суды шығару үшін жұмысы, құбырын сатып алғанға ғана 250 мың теңге кетеді. Суармалы су болса алты ай келеді. Су қысымы да аз. Қыстың күні тіптен сусыз отыратын күндері болатын көрінеді. Жауапты мекемелерге шағымданып та көрген.

Былтыр су қысымы мүлдем жоқ болып кеткенде әр отбасы 10 мыңнан жинап, су сорғысын (насос) орнатқан. Соның салдарынан қазіргі таңда су мұнарасын толтыру үшін суды белгілі бір уақытта өшіріп отырады. Онымен қоса, үй жанында қазылған су ұңғымасы да тартылып қалған. Басқа жерден қазып көрейін десе, судың шығу-шықпауы белгісіз.

СӨЗ СОҢЫ

Өз мәселесін өздері шешіп үйреніп қалған ауыл тұрғындары ешкімге жалтақтамайды. Мүмкін, сөздеріне сенбейтіндей халге жеткен болар. Мысалы, электр бағаналары апатты күйде тұр. Жаңашар ауылы әкімінің орынбасары «бір жерде бағаналар бар, соны береміз» деп те айтқан көрінеді. Күте-күте шаршаған қараша халық 25 мыңнан жинап, өздері сатып алып қойған. Себебі әркім өз өміріне, үйіне, техникасына алаңдайды. Күндерін әрең көріп отырғанда солардан айырылып қалмасақ дейді. Енді дайын бағаналарды орнату үшін техника керек. Оған да қосымша қаражат жинайды.

Массивке жақын маңда тауық фермасы бар. Иісінен демалу мүмкін емес. Осыны айтып наразылықтарын білдірсе, ешкім шеше алмауда. Ферма басшысы ешкімнің сөзін тыңдағысы келмейтін көрінеді.

Жоғарыда көтерген мәселенің барлығын Әйгерім Атакеева облыс әкімі Амандық Баталовтың facebook әлеуметтік желісінде жекесіне де жазған екен. Әйткенмен ешбір жауап ала алмаған. Бір жыл бойы араға уақыт салып, үздіксіз мәселені айтып, хат жолдаған. Жауап жоқ. Бірақ аймақ басшысы «пост» салып, кері байланыс орнатқандай-ақ ойлайсың.

Қай жауапты мекемеге хабарлассаң да, алар жауабың біреу: ол – «Саяжай – кооператив. Кооператив болғандықтан, ішкі мәселелерін өздері жиналыс жасап шешеді. Кооператив болған соң, оларға үкімет қаражат сала алмайды, ештеңе істей алмайды. Олардың жарғысында да жазылған. Жолдары, жарықтары бар, бас қосып, жиналыс жасап шешетін нәрсе. Мораторий өз күшін жоймай немесе «ауыл» статусын алмайынша, қолымыздан келер шара жоқ».

«Весна» саяжайы тұрғындарының ең басты шағымы – ауыл мәртебесін алу туралы мәселесі республикалық деңгейде қолға алынған көрінеді. Қалғаны уақыттың еншісіндегі дүние.

Тегтер: саяжай мәртебе ауыл әкімдік

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 16:55
Нұралықтар-қауырт қимыл үстінде
Таңшолпан ҒАЗИЗҚЫЗЫ 17.09.2021, 11:38
Қоқыс та қордалы мәселе
Мариям МАҚСАТ 17.09.2021, 09:13
«Басшымыз күн көрсетпейді»
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 17.09.2021, 08:28
Қарағанды облысындағы мектептерде короновирус қаулап барады
Б.СӘРСЕНБИ 17.09.2021, 04:29
«Балаларға вакцина салынады» деген жалған
Еркежан АРЫН 16.09.2021, 16:30
Қазақстандықтар министрліктердің нормативтік-құқықтық актілерін белсенді талқылауда

Аңдатпа


  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39