Ауылға көшкен жастардың арманы орындала ма?

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

18.11.2020, 09:20

513

    Жер-жаһанды жаппай жайлаған қытайдың кесапат кеселі қазақстандықтарды да қаржы қыспағына алды. Бірқатар бизнес нысандарының кәсібі тоқтап, тоқырап тынды. Жабылмағандары жұмыскерді  жалақыдан  қысты.

«Буштың сирағына» тойып, үкіметтің 42 мың теңге жәрдемақысын қырық минутқа жеткізбей құртқан ордабұзар жастар бала-шағасына қам жасау қарекетін күйттеп, амалсыздан мекенжайынан ауа бастады. Тұрмыс тауқыметі титықтатқан жас отбасылар қолға кетпенін алып, ауылға көшті. Биылғы жазда Қарқаралы ауданына қарасты Томар ауылына нілдей жас алты отбасы келіп орнықты. Көбісі осы ауылдың көне тұрғындарының ұрпақтары көрінеді. Көш иелері қаланың қоңыр тірлігінен қажығанын айтады. Бірақ нарықтың талабы қалада  қатал болғанымен, ауылда өктем. Табиғаттың тосын мінезіне төтеп беріп, малы мен жанын шығынға шығармай, қарсы кезіккен қиындықпен бел жазбай, бекем тұрып белдесуге тура келеді. Әйтпесе тоз-тозың шығып, тірлігің әдіре қалады. Бұл – жазылмаған дала заңдылығы.

Жастар келіп, ауылға жан бітірді

Томар ауылына биыл  облыс орталығынан бес отбасы көшіп келген. Былтыр екі отбасы қаладан осында ойысыпты. Тұрғындар саны екі жылда екі есеге өсіп, 600-ге жеткен шағын өлкеде  140 отбасы  түтін түтетіп отыр. Олар осы ауылға бөтен емес, жекешелендіру басталғанда қалаға  үдере көшкен байырғы тұрғындардың балалары. Кезінде әке-шешелері үйлерін өткізе алмай, есіктеріне қара құлып салып, иесіз  қалдырып кеткен. Енді перзенттері  қарашаңырақтарына қайта оралып, қазанын көтеріп отыр. Үйі жоқтары ата-аналарының үйін кепілдікке қойып, баспана сатып алған. Қаладан ауған көш биылмен бітпейтін секілді. Жақында Астанаға кеткен байырғы тұрғындар келіп, қайту мақсаттарын айтып, үй іздестіріп кеткен. Соңғы  екі  жылда шаһардан туған өлкелеріне  оралғандардың  барлығы дерлік қырықтың қырқасына жетпеген жас жанұялар.  Ауыл топырағын түлетуге келгендердің  төртеуі «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау» қоры арқылы 4 млн теңге несие алып, алдына ірі қара мал салып, меншігіне жер  сатып алған.  Ауыл  іші жанға, өрісі малға толып, бір демде берекесі кірген.

— Жер алмаған шаруалар әкімдікке өтініш жазып, төрт түліктерін уақытша ауылдың жайылымдық жерлеріне бағып жүр. Өңірімізге тиесілі жайылымдық  жердің көлемі – 171 мың гектар, бұл келешекте  аздық етеді. Себебі елді мекенде мал басының көрсеткіші  бұрнағы жылдан анағұрлым артып келеді. Қазіргі кезде ауылымыздағы ірі қара саны 3000-ға жуықтап қалды, ірі қарадан өретін  төлдің саны  жылдан-жылға көбейе бермек, – дейді Томар ауылының әкімі Нұрсылан Жағыпаров.

Мал баққанға бітеді...

Айболат Жолдасбеков Томарға екі жыл бұрын көшіп келген. Қалада  учаскелік инспектор болып қызмет еткен. Табысы мардымсыз, жүктемесі ауыр еңбектен қажыған ол ауылда тұрып, атакәсіп арқылы күн көруді мақсат етіпті. Ақыры ойлаған мақсатына қол жеткізді. Алпысқа жуық ірі қара мал сатып алды. Меншігінде 30 мың гектар жері бар.  Шаруа қожалығының иесі зайыбымен бірігіп, екі мәрте «Бастау бизнес» жобасы  арқылы 3 млн 200 мың теңгенің несиесіне қол жеткізген. Бүгінгі тұрмыстары орта санатта. Шаруасын дөңгелетіп, көл-көсір табысқа кенелсем деген  ниет пен  бойында күш-қуат бар. «Тек бұл жолда мал азығының тапшылығы мен  қымбаттығы бөгесін болып тұр», – дейді қожалық жетекшісі.

— Шабындық жер биыл қуаңшылық салдарынан дұрыс өнім бермеді.  Маңайдағы  жеке шаруалардан 600 мың теңгеге шөп сатып алдым. Ауылда бір машина шөптің құны 180 мың теңге мұғдарында. Оның сыртында, 350 мың теңгеге жем жеткіздім. Сиыр мен жылқы малы азықты көп қажет етеді. Базда аялдайтын  мерзімдері ұзақ. Біздің жақтың қысы қатты, жазы қуаңшылық болады. Арқада алты ай қыс сақталатын кездер де болады. Айналып келгенде, малды азықтан тарылтпай алып шығу үшін 1,5 млн теңге қаржың болуы керек. Біз секілді шаруаларды  мал азығының қымбаттығы  қыспаққа алып отыр. Осы қиындық жылма-жыл алдымыздан шығады.  Қалада жем бағасы аспандап тұр. Мәселен, биыл бір тонна арпаның нарқы – 80 мың, бір қап кебек 1400 теңгеге бағаланды. Оған  тасымал құнын қосыңыз. Ал біз тұратын  ауыл мен облыс орталығындағы базардың арасы 350 шақырымды құрайды, – дейді ол.

      Жері қуаң Томар ауылының мал баққан шаруалары жемшөп қорының тапшылығынан жақын арада арылмасы анық. Бұл өңірде мал азығының қорын дайындайтын шаруашылықтар атымен жоқ. Әр шаруа осы тығырықтан өз қал-қадерінше шығып келеді. Томарлық тәжірибелі қожалық иесі Нұрлан Жағыпаров  қиналысын былайша баяндады:

— Меншігімдегі жердің түсімі көңіл көншітпейді. Жаһандық жылыну процесі шабындық жерлерді де жайпады. Бір жыл өнім берсе, екі жыл қылтиған шөп шықпайды. Жазда қуаңшылыққа жиі ұрынамыз. Табиғи шабындықтар да тып-типыл. Бұрынғы  егілген көпжылдық шөп  сиреп, азды. Өнім бермейді. Одан өзен-көлді жағалап шалғы саламыз. Оның өзінде тәуліктеп тырмалап жүріп бір қап шөпті әрең табамыз. Жылда қырқа берген соң, тегістіктегі шөптің түсімі де азайды. Мал ашқұрсақ болса, жұт туындайтыны кәдік. Амалсыздан мал азығын сырттан сатып аламыз. Нарықтағы бағада тұрақтылық жоқ. Мал азығы да АҚШ-тың долларындай күнде құбылып өседі. Үкімет жемшөп қорын қамдап қолға алмаса, ауыл ашаршылықтың таз кебін кигелі тұр.

     Сонда халық жемшөпті қайдан алуы керек?  Әрекетсіз берекет жоқ. Олай болса үкімет бұл істе  неге көзжұмбайлыққа салынып отыр?

«Айсбергті айналып өткісі келмеген кеме суға кетеді»

Осылай деп, дамылсыз үкіметке үн қатып келе жатқан құрметті агроном, ауыл жанашыры Қайыр Рақматуллиннің үніне барлық тармақтағы билік құлақ аспай келеді. Ауыл шаруашылығы саласында жауапты қызмет атқарған маман кеңестік кездегі тәжірибелі  шаруашылықтардан мемлекеттік  мал азығы  шаруашылықтарын құру жайында келелі ой, пайымды пікір айтудан тайсалмақ емес.

— Еліміз әлемде жер көлемі бойынша  тоғызыншы орында бола тұра, шөп жоқ деуге бетің қызарады. Елді, табиғатты сүйетін, мал өсіргісі келетін жастар ауылға көшіп баруда. Осындай  жағдайда не істемек керек? Үкімет таяқ шаншысаң, өсіп кететін Украина, Белоруссия, Молдавия, Батыс Еуропа елдеріне еліктейді. Ал Қазақстан табиғаты қатаң, жартылай шөлейт. Оңтүстікте 50 градусқа дейін ыстық, қалған үш аймақта алты ай қыс, ақырған аяз, ақтүтек боран. Қуатты машина-трактор ауласы бар шаруашылық қана табиғи апатқа қарсы тұра алады. Аталған мемлекеттік мал азығы шаруашылықтарын құру үшін  азғана толықтырумен «жұлдыз санап», жұмыссыз отырған ауыл-округтің штатын пайдалануға болады. Барлық ауылдық округте мал азығы шаруашылығын құру міндетті емес. Біреуін құрып, көрші ауылдық округте бригадасын ұстаса жеткілікті. Шаруа қожалықтарына бір-бір танаптан бөліп берген егістік жерлерді қайтарып алып, осы шаруашылыққа бекітіп, екі танапты (арпа – көпжылдық шөп) ауыспалы егіс жүйесін қалпына келтіру керек. Шараны іске асырса, мал азығының өзіндік құны арзандайды. Сонда ғана мал шаруашылығы өркендейді, – дейді зейнеттегі ауыл шаруашылығының кәсіби маманы.

      Ұшқан ұясына оралып, атакәсіпті қолға алған  жастардың үміті ақтала ма? Әлде жоғарыдағы ескертулері естімейтін үкіметтің үлесінде қала ма?  Тірліктері өнбес кәсіпке айналып, қалаға кері қайтса ше? Қайткен күнде де қазақтың күнкөрісін ауылдан жасау керек. Мемлекет осыны ойлауы қажет.

Тегтер: жастар жұмыссыздық жұмыс беруші кәсіп нәсіп

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 17:56
Оңалту орталығына жасалған сый
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 10:18
Өндірісті өлке өміршеңдігін танытты
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ 09:20
Бір Өскеменге екі Пушкин әділет пе?
Сайт әкімшілігі 25.11.2020, 22:33
«Бизнеске арналған үкімет»
Тоқтар ҒАБДІРЕШҰЛЫ 25.11.2020, 17:22
Батыс Қазақстанда азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін 30 мини-маркет ашылады
Нұрболат ӘЛДИБЕК 25.11.2020, 10:14
Байзақтықтар бала таптыру мен жол жөндеуден көш бастап тұр

Аңдатпа


  • Нұр-Сұлтан дәмханасындағы жарылыс: тағы бір адам қайтыс болды
    25.11.2020, 10:40
  • «Жас Алаш» жазған жайдан соң: Тұғыл тығырықтан шықты (видео)
    24.11.2020, 15:57
  • «Жас Алаштың» себепкер болуымен көп балалы ана жер алды
    23.11.2020, 11:20
  • Құны 68 мың теңгелік бетперденің қандай мақсатта алынғаны белгілі болды
    24.11.2020, 12:41
  • Үгіт-насихат материалдарын "Жас Алашқа" ұсыну тәртібі туралы мағлұмат
    23.11.2020, 18:42