Аяғымыз бар-ау, аяқкиім жоқ

Тоқтар ҒАБДІРЕШҰЛЫ

18.02.2021, 10:48

1640

Бүгінгі қазақ аяғына не киіп жүр? Жасыратыны жоқ, көпшілігіміз қытай мен түріктің өтірік «брендтерін» киіп алып шапқылап жүрміз. Әлемге әйгілі Аccademia, Geox, Timberland, Baldinini, негізінен, бақуаттылардың аяғында жүр,  көбіміздің қалтамыз көтере бермейді.

Соңғы деректер бойынша бізге келетін аяқкиі­м­­нің 75 пайызы Қытайдан тасымалда­нады. Қал­ғаны Ресей мен Түркиядан келеді. Одан арғысы ба­­ғасы қымбаттау болса да, бренд деген аты бар АҚШ, Германия, Ита­лия, Голландиядан жеткізілуде. Адам жа­лаңаяқ жүре алмайды. Жазғысы бар, қысқысы бар – жыл сайын пәлен бә­теңке мен етікті тоздырамыз. Мұны жақсы білетін ше­тел­дік­тер сапасыз өнімді тықпалаудан та­нар емес. Әри­не, олар біздің аяғымызды ой­лап жатқан жоқ. Майлы шелпектен кім айы­рыл­ғысы келеді дей­сіз. Осыншалықты «аяқтан қалуымызға» өзімізді ғана кі­нә­ла­сақ болады. Бір кездері күллі Қа­зақстанды аяқкиім­мен жарылқаған «Же­ті­су­ды» жап­тық. Шым­кент­тегі «Вос­ход», Ақтөбедегі, Қызылордадағы ірі аяқкиім фабрикалары да ал­дыңғысының кебін құшты. Қазір республикада аяқ­киім тігетін 100-ден аса ша­ғын кәсіпорын бар де­седі. Бірақ масқара бол­ғанда, олардың өнімі іш­кі қажеттіліктің 1-2 па­йызын ғана қанағаттанды­рады екен. Он­да да бұлар, негізінен, мұнай­шы­лар мен құрылысшыларға қажетті арнаулы аяқкиім шығарады. Яғ­ни ірі компаниялардың тапсырысын орын­даумен шектеледі.

Жалпы, тігіншілік қазаққа таңсық кәсіп емес. Төрт түлік малдан ішер асы мен киер киі­­мін айыр­ған ағайынның ата дәстүрден бі­раз ажы­рап қал­ғаны ғана қынжылтады. Ке­зінде мал шар­уа­шы­лығымен айналысқан Қазақ­стан­ның түк­­­пір-түкпірінде жүн-жұр­қа, тері-терсек атаулы іріп-шіріп жатыр. Мал баққан жұрт «жүн­ді ешкім алмайды» деп еңірейді. Соңғы кез­дері шіріп жат­қан жүн­­­ді өртейтін болдық. Бар­ды ұқсата ал­ма­сақ, ен­ді қайтпекпіз?! Ши­кі­зат­­ты Қытайға су тегінге сатқанымызға мәз бо­­лып жүр­ген­дей­­міз. Жыл сайын Қазақстан Қы­­­тай­ға 5 млн ірі қараның, 10-15 млн ұсақ мал­­­дың те­­­рісін экспорттауда. Ал статистика мы­на жайларға қанықтырды. Жыл сайын бізде 500 мың тоннадан артық мақта талшығының 10 сорты, 30 мың тоннаға жуық жүн, 7,5 млн тон­­на тері өнім­дері жиналады екен. Бұ­лар­дың түгелі дер­лік шикізат күйінде шетел аса­ды. Себеп бі­реу – қа­зақ жерінде аста-төк жатқан шикізатты өңдейтін кә­сіп­орын­дар жоқ. Оларды сал­масақ, өзге ел бюдже­тінің бү­йі­­рін бұлтитып, өзіміз баяғы таз ке­пеш­пен жүре бермекпіз.

Майтабандар толып жүр

Сапасыз аяқкиім аяқты құртады. Қа­зақстан ортопедиялық зерттеу орталығы­ның мамандары Қытайдың сасық аяқкиімін ки­ген балалардың 70 пайызының аяқтары дұ­рыс дамымағанын анықтаған. Қа­зіргі жас­тардың майтабан боп, әскерге жа­ра­мауы да сол себепті. Жағдай жыл өткен сайын ушығып отыр.

— Табанның қалып­тасуы бес жасқа дейін өрбиді. Бала жүрме­ген уақыттағы майтабандық – физиоло­гия­лық нәрсе. Ал 2-3 жасқа келгенде неврологиялық дерт байқалса, табанның сіңір­лері нашар дамиды. Сондықтан бала­ға дұрыс аяқкиім таңдаудың маңызы зор. Арзан бәтеңкеге ортопедиялық аяқкиім деп жа­зып қойса, оған сенудің қажеті жоқ. Олар­дың супинаторлары өте сапасыз. Кейбір ата-аналар майтабандылыққа мән бер­мейді. «Жақсы ғой, ертең өскенде әскер­ге алмайды» дейтіндері де бар. Алайда жағ­дай қауіпті. Себебі бала өсетін жасөс­пірім­дік уақытта табанға түсетін сал­мақ ұдайы артады. Аяқ тез талады, бірте-бірте қан тамыр­ларының варикозы дамуы мүм­кін. Бізге қаралған балалардың 60 па­йы­зы майтабан болып шықты. Ата-ана­ға берер кеңесім – ұл-қызыңызға аяқкиім алар­да дәрігермен ақылдассаңыз жақ­сы бо­лады, – дейді бізге берген сұхбатында оралдық ортопед-дәрігер Жасұлан Мұқан.

Ауылда аяқкиім тігіліп еді...

Осыдан 6-7 жыл бұрын Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданы Аралтөбе ауы­лын­ың тұрғыны Нәсіпқали Жылқайдаров инновациялық жобалар­ға берілетін 3 млн теңге көлемінде грантты ұтып алған-тұғын. Сөйтіп, ауылдағы бос тұрған үйді аяқкиім тігетін цех­­­қа айналдырды. Қайтарымсыз грант қаржысы ательенің құрал-жабдықтарын са­­тып алуға жұмсалды. Тігін цехына жұмысқа алынған ауыл тұрғындарын іске баулуға аға­мыз­­дың ұлы Ришад көмектесті. «Әсем» деп аталатын шағын цех таза табиғи ма­те­риалдан өнім шығара бастады. Қажетті шикізатты Мәскеу, Самара, Ташкент, Шым­кент қалаларынан алдырып отырды.

Аяқкиімнің тігілуі процесі былай: алдымен болашақ аяқкиімнің құрақтары пішіледі. Жеке бөліктерді жедел дайындап тіге алатын шеберлер оларды әп-сәтте дайын бөліктерге айналдырады. Содан кейін барлық бө­ліктер рет-ретімен тігіліп, қажетті са­ңы­лау­лары салынады. Табаны облыс орталығы Орал­да құйдырылады. Сосын ғана саудаға шығаруға жа­райтын тауар пайда болады.

Аядай жердегі ателье бір кездері айына 300-500 жұпқа дейін аяқкиім тікті. Бағасы да қолжетімді еді. Мәселен, бүлдіршіндердің жазғы аяқкиімі 500-800 теңге аралығында, арнайы жұмыс аяқкиімі 3000-6000 теңге шама­сын­да болды. Қонышты әскери үлгідегі аяқкиім (берцы) 6 мыңнан 8500 теңгеге дейін тұрды. Нәсіпқали аға тапсырыспен күреске, көкпарға арналған аяқкиімдер де тікті, ат әбзелдерін жасады. Дайын өнімін Орал қаласындағы бір компанияға ұзақ мерзімді келісімшарт бойынша өткізіп жүрді. Яғни Аралтөбеде тігілген аяқкиім облыс аумағына тарап жатты. Нәсіпқали Жылқайдаровтың кәсібі ауыл тұрғындарына да шарапатын  тигізіп, Ал­тын Төлеуғалиева, Нұргүл Бекетова, Гүл­шат Қожжанова, Әнуар Рысқалиев секілді ауылдастарын жұмыспен қамтыған еді. Өкінішке қарай, түрлі кедергілер, әсіресе коронавирус індетінің таралуы кәсіпкердің жұмысын әзірге кідіртіп тұр. Қазір Оралға қоныс аударған Нәсіпқали аға елдегі жағдай түзеліп, індеттің беті қайтса, мемлекет тарапынан тиісті қамқорлық болса, ауылдағы кәсібін қайта жандандырмақ ниетте. 

– Бізде жүн де, тері де бар. Өкінішке қа­рай, оны өңдеп, кәдеге жаратып жатқан­дар мүлде аз. Жағдайды реттеу үшін үкімет сырттан келетін аяқкиімге салынатын қосымша құн салығын белгілі бір уақытқа арттыруы керек. Сонда отандық кәсіпорын­дар аяғынан тік тұрып кетер еді. Мәселен, Ресейде аяқкиім өндірісі мен былғары өңдеу ісін қорғау үшін сырттан келетін был­ғары өнімдерінің бір тоннасына қомақты кедендік салық салынуда. Ал бізде кедендік салықтың көрсеткіші тым төмен. Оның үстіне еліміздегі тері-терсектің бәрі сыртқа заңды жолмен кетіп жатқан жоқ. Бұған тосқауыл қоятын уақыт жетті, – дейді «Әсем» цехының жетекшісі Нәсіпқали Жылқайдаров. 

Тегтер: жеңіл өнеркәсіп аяқ киім цех мәселе

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 13:15
Дәрігерлер тұрғындарға үндеу жасады
Сайт әкімшілігі 10:48
Қырғызстанда жоғалған қазақстандық қыз өлі табылды
Сайт әкімшілігі 09:24
Еліміздің барлық өңірі «қызыл» аймақта тұр
Гүлжан СЕРІКҚЫЗЫ 30.07.2021, 17:53
Ішкі туризмнің халі қалай?
Сайт әкімшілігі 30.07.2021, 17:51
Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі: мемлекетке сену құқығы
Сайт әкімшілігі 30.07.2021, 17:49
Жаңа кодекс қазақстандықтарды қалай қорғайды?

Аңдатпа


  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39
  • «Жас алаштағы» жасын жылдар
    15.07.2021, 10:58
  • Ташкенттен «Жас Алаш» газетінің түпнұсқасы табылды (видео)
    07.07.2021, 13:15