Бағыс Қазақстанның картасына енді

М.СӘУЛЕБЕК

04.06.2021, 12:19

2006

Үкіметтің 19 мамырдағы №326 қаулысымен Түркістан облысының шекарасы өзгертіліп, мемлекеттік шекара маңындағы Бағыс және Хиебон ауылдары 795,62 гектар жер аумақтарымен Түркістан облысының аумағына енгізілді.

Бұған дейін аталған елді мекеннің тұрғындары жерлерін, жылжымайтын мүліктерін рәсімдей алмай келген болатын.  Енді ресми мәртебе беріліп, жылжымайтын мүлікке түгендеу жұмыстары аяқталды. Азаматтардың жер учаскелерін рәсімдеу жұмыстары басталды. Бағыс ауылы тұрғындарына қолайлы болу үшін мобильді халыққа қызмет көрсету орталығы ұйымдастырылды. Түркістан облысы әкімдігінің хабарлауынша, шілде айына дейін Бағыс елді мекені табиғи газбен толық қамтамасыз етілмек. Келесі жылы ауылға 300 орындық жаңа мектеп салынады.

Шекара маңындағы Бағыс ауылы Сарыағаш қаласынан 40 шақырым жерде орналасқан. 2009 жылғы санақ бойынша елді мекенде 1143 адам тұрған.

Бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша бағыстықтармен премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов кездескен болатын. Кездесу барысында тұрғындар меншік пен жер телімдерін рәсімдеу мүмкіндігі жоқ екенін айтып мәселе көтерді. Ауыл халқы жайылымдық және суармалы жерлердің жетіспеушілігі мен ауылға газ жеткізу мәселесін көтерді. Проблемалық мәселені шешу мақсатында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев пен мүдделі органдардың басшыларына тапсырмалар берілген еді. Айта кетері, аталған ауылдар  Қазақстанға 2001 жылы өтуі тиіс болған. Алайда құжаттардың түгенделмеуі салдарынан Бағыс пен Хиебон Қазақстан картасына енбей қалған-ды. Енді қос елді мекен Түркістан облысы Сарыағаш ауданының құрамына ресми  түрде еніп отыр.

 «Жас Алаштың» тілшілері 2019 жылдың күзінде Бағысқа барып, ауыл тұрғындарымен тілдесіп қайтқан болатын. Осы сапар бойынша газетте «Картада жоқ ауыл» деген материал  жарық көрді. Қазақ-өзбек шекарасы аумағында орналасқан Бағыс 2000 жылдардың басында біраз қиыншылықты бастан өткерді. Бағыс пен осы маңдағы Түркістан елді мекендері кеңес заманында Түркістан әскери округіне қараған. Түркістан ауылы кеңшар орталығы еді. Бірақ бұл екі ауыл да әскери округті жеміс-жидек, азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырғанымен, тұрғындардың барлығы Сарыағаш ауданының есебінде болған. Түркістан әскери округіне ол кезде қазіргі Төлеби, Қазығұрт аудандарынан да біраз жер қарайды. Кейін Одақ тараған кезде әр аудан өзіне тиесілі жерлерді қайтарып алған. Ал Сарыағаш өзінің тиесілі жерін ала алмайды. Өйткені жерді халқымен қоса, Өзбекстанның Қыбырай ауданы өзіне заңдастырып қойған екен. Содан Бағыс пен Түркістан ауылдарының тұрғындары Қазақстанға тиесілі екендіктерін  дәлелдеу үшін көп шапқылады. Тіпті ереуілге де шықты. Дегенмен Қазақстан билігі бұл мәселеге өте сабырлы қарады. Ақырында Түркістан ауылы Өзбекстанда, Бағыс Қазақстанда қалды.

­­– Бұл ауылдың аумағы кеңес заманында әскери округке қарағанымен, халқы Сарыағаш ауданының есебінде болды. Осында тұратын халық бұрыннан Қазақстан азаматы. Егемен ел болып, Өзбекстанмен арадағы шекарамызды шегендеп, іргемізді бекіткен соң, ауыл Қазақстанда қалды. Қазір, құдайға шүкір, Қазақстанның азаматы ретінде тіршілігімізді жалғастырып жатырмыз. Ауылдағы жолдар жөнделді, сыртпен байланысымыз жақсарды. Ауызсу мәселесі де ойдағыдай шешілді. Ендігі қинап тұрған мәселе – суармалы егістік. Ауылда ағын су деген атымен жоқ. Бір кезде су алып келген каналдың басы Өзбекстанда қалып қойды. Негізі, су бұратын жерді Қазақстаннан істеуге де болар еді. Алайда Бағыс ауылы осы уақытқа дейін Қазақстан картасына енбегендіктен, бұл іс соңына дейін атқарылмай қалды. Нақтырақ айтсақ, Бағыс Сарыағаш ауданының құрамына берілді деген заң жоғарыдан бекітілмеген. Соның кесірінен ауылдағы үйлердің көпшілігі рәсімделмеуде. Ауылға кадастрлық нөмір берілмеген. Әкесі өлсе, баласы үйді мұрагерлік жолмен рәсімдеп ала алмайды. Яғни құжатсыз үйлер көп. Одан бөлек, баспананы кепілге қойып несие алу мүмкіндігінен де айырылдық. Үйдің құжаттары толық болса да, бәрібір іске аспайды. Себебі тағы да сол – кадастрлық нөмір жоқ дейді. Мемлекет тарапынан берілген көп мүмкіндіктерді пайдалана алмаймыз. Осы мәселе мектебімізге де кесірін тигізіп отыр. Мектептің алғашқы ғимараты 1947 жылы салынған. Оқушылар үш ауысымда оқиды. Тіпті облыстан комиссия келіп, апатты жағдайдағы мектеп деген баға беріп кеткен, – деген еді сол жолы «Жас Алаштың» тілшілеріне сұхбат берген Бағыс ауылының биі Әбидолла Құсайынов. 

Содан бері бір жарым жылдан астам уақыт өтіпті. Бағыс енді, міне, ресми түрде Қазақстан картасына енді.  Түркістан облыстық әкімдігінің таратқан мәліметіне қарағанда,   ауылдағы газ мәселесі бір-екі айда шешіледі, келесі жылы жаңа мектеп салынады. Бағыстықтардың  басқа да мәселелері алдағы жылдары шешімін табады деген үміттеміз.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 11.06.2021, 11:11
Кім кінәлі?: Жауап берсін!
М.СӘУЛЕБЕК 10.06.2021, 17:45
Мегаполис бюджеті 2,7 есеге көбейген
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 10.06.2021, 14:13
Бір дүкеннің маңынан үш күннің ішінде екі мәйіт табылды
Мариям МАҚСАТ 10.06.2021, 12:04
«1 млрд теңгелік ескерткіштің ар жағынан жемқорлық «қылтиып» тұр»
Сайт әкімшілігі 08.06.2021, 16:45
Елордада 49 мектеп аралас тілде, 34 мектеп қазақ тілінде білім береді
Миуа БАЙНАЗАРОВА 08.06.2021, 14:00
Сыр елінің құт-берекесі неге қашып тұр?!

Аңдатпа


  • Кім кінәлі?: Жауап берсін!
    11.06.2021, 11:11
  • Ресей деградацияға ұшырауда
    10.06.2021, 10:33
  • Түнгі жол (Әңгіме)
    08.06.2021, 12:00
  • Жеңсең, жүз атаң табылар еді...
    08.06.2021, 10:30
  • Қазақ тілінде оқымаған бала ұлттың ұлы бола ала ма?
    03.06.2021, 09:02