Бақша дақылдарын егетін диқандарға мемлекеттен демеу керек

Нұр-Қасым ЖОМАРТ

17.09.2020, 11:09

1686

Сыр елінде күзгі жиын-терім қызған шақ. Өзге дақылдармен бірге, қауын-қарбыздан да берекелі өнім жинайтын бағбандардың бүгінгі салы пәс. Неге десеңіз, қауын шыбыны өңірге қайта келгендей.

Әлқиссаны әріден бастасақ.

Кеңес Одағы тұсында танымалдыққа ие болған Сырдың бал қауындары – күләбі, баймағамбет, әміре, торлама, тағы да басқа тілі дәм үйірер дақылдары  тәуелсіздік жылдарында сыртқа шықпай қалды. Бақша өнімдері экспортталмағандықтан, егістік көлемі де бұрынғыдай гектарланып егілмей, қысқарып, жекелеген адамдардың ғана бақшасында өсетін жағдайға жетті. Кезінде тонналап сырт мемлекеттерге сатылатын қарбыз бен қауынның елден шықпай қалуының себебі қауын шыбыны деген зиянкестен еді. Бақша жемістерін уландыратын қауіпті паразит өнімнің ішін ірітіп, жеуге жарамсыз қылды. Осының салдарынан Қызылорданың қауындарын шетел тұрмақ, тіпті аймақтан тыс жерлерге шығаруға болмайтындай етіп карантинге жапты.

Өткен жылдар жайында сол кездегі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы, бүгінде облыс әкімінің орынбасары Бақыт Жаханов қауын шыбынымен күрес жайында былай деген еді: «Зиянкестермен күреске біз ғылымды тарттық. Бақшалықтағы көктей солған қауындар мал жеміне де жарамсыз болып, барлық шаруашылықтар қатты зиян шекті. Өткізу тұрмақ, жеуге жарамсыз дақылдарға қарап «обал-ай» дейтінбіз. Мұның амалын табуды ғалымдармен бірге іздедік. Шаруашылықтармен тікелей жұмыс істелді, фермерлер үшін семинарлар өткізілді. Егістіктерді өңдеуге, қауын шыбынына қарсы дәрумендерді алуға жыл сайын мемлекеттік қазынадан арнайы қаражат бөлінді. Осының нәтижесінде карантин алынып, қауын мен қарбыз экспортқа шығарыла бастады», – деген-ді.

Енді бүгінгі күнге көшсек.

Сырдария ауданында Іңкәрдария деген шағын ауыл бар. Ауыл тұрғындары төрт түліктен бөлек, Қызылқұмның етегіне бақша егеді. Құмға қуырылып піскеннен бе, қауындары нардай әрі дәмі балдай. Ауыл тұрғындары гектарлап егіп, жылына әр отбасы шамасына қарай 5-15 тоннадай өнім жинайды.  

Жылда бақша егудің қиындығы мен қияметіне қарамайтын диқандар биылғы егіннің жайы мәз емес екенін айтады. Өйткені сырты бүтін болғанымен, ішін құрт кеулеген қауындар мал жеміне де жарамсыз екен. Ауыл тұрғыны Нартай Несіпбаев ала жаздай төккен тердің өтеуінің орнына қып-қызыл шығынға батқанын айтады. Небәрі 1,5 гектар жерден жиған өнімінің тең жартысын зиянкестер жеп қойған.

– Жаз шықса, бақша егіп, одан алған өнімді сатамыз. Жер емген адамға Жер-ана да жақсы өнім береді. Жылда аздап қауын құрты болатын еді. Биыл он қауынның бесеуі құрт болып шығып жатыр, – дейді диқан.

Бұл тек бір ғана Нартай емес, қауын өсірген барлық шаруаға ортақ өзекті мәселе болып тұр. Өйткені қауын шыбынына қарсы қанша күрескенімен, қарапайым диқанның қолы қысқа. Әбігерге түскен ауылдағы ағайын зиянкестерді залалсыздандыру бағытында сала мамандарынан көмек сұрайды. «Құрт улайтын мамандар жылына екі мезгіл дәрісін сеуіп тұрса болар еді. Яғни гүлдеген және түйнектеген уақытында. Сол кезде құрт болмас еді», – дейді іңкәрдариялық диқандар.

Шаруалар үшін бақша өнімін нарыққа шығару да мұң. Сұраныс бар, бірақ қауынды шалғайдағы ауылдан облыс орталығына жеткізу оңай емес әрі жер шалғай. Сондықтан тұрғындар елді мекеннен 30 шақырым жердегі Батыс Еуропа–Батыс Қытай автодәлізінің бойын жабайы сауда орнына айналдырған. Іңкәрдариялық диқандардың тәтті қауынын тек күре жолдың жолаушылары ғана сатып ала алады.

– Қызылордада мұндай қауын болса алар едік. Қалада бәрі қымбат. Қарбыздың келісі – 100-135 теңге. Қауынды 1000 теңге деп тұр. Оның өзінде, дәмі жоқ. Ал мына қауындар дәмді, – дейді жолаушы Рыскүл апай.

– Бейнеті мен шығыны көп қауын өсіруші диқандар жылдан-жылға азайып барады. Қазірдің өзінде санаулы ауылда ғана қауын шаруашылығы сақталған. Болашақта күріш секілді ауылшаруашылық өнімдеріне берілетін субсидия бақша дақылдарына да бөлінсе, – дейді «Гауһар» шаруа қожалығының директоры Әбдіразақ Байманов.

Кезінде одақтас 15 республикаға тонналап қауын жөнелткен аймақ байырдан келе жатқан жергілікті қауын сорттарының таза тұқымын да сақтап қалмаған. Қазір өңірде дакара, бакинка, эфиопка деген Орталық Азияға бейімделген гибрид сорттар өсіріледі. Дегенмен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ғалымы Самалбек Қосанов Сырдың төл қауындарын қайта жаңғыртуға болады дейді. Ол үшін тұқым шаруашылығын ашу керегін айтады. 

– Бақша дақылдарының тұқым шаруашылығын міндетті түрде ашу керек. Осы жұмыстарды жолға қоятын болсақ, ол міндетті түрде өз жемісін береді. Бұл жұмыстың нәтижесін ойша көз алдымызға елестетіп тұрмыз, – дейді ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты С.Қосанов.

Университет ғалымдары қауыннан бұған дейін болмаған түрлі өнімдер шығаруға да әзір екен. Мәселен, олар тәжірибе жүзінде қауыннан қытырлақ чипсы өндіріп көріпті.

– Қауынды кептіріп, чипсы және соломка сияқты етіп тәжірибеден өткізіп көрдік. Қауын чипсыйының дәмін көрген жастар екінші қайтара іздеп келіп жатыр. Яғни сұраныс бар деген сөз, – дейді ғалым С.Қосанов.

    Аймақта дәстүрлі бақшалықтан тың технологияға көшкен шаруашылықтар да бар. Солардың бірі – «Іскер М» серіктестігі. Төрт жылдан бері жас агрономдар Сыр топырағында экзотикалық климатта өсетін қауын сорттарын шығарып келеді.

Экспортқа бағытталған шаруашылықтың директоры Ержан Сүгіралин: «Бизнес жасағанда, Нұрсұлтан Әбішұлы айтқандай, велосипед ойлап табудың қажеті жоқ», – дейді.

– Нарық зерттелуде. Өнімдері тұтынушылар сұранысына ие болса, онда молынан өндіру қажет. Біз өсіріп, сататын қауындар голланд, испан сорттары. Біздің табиғатқа бейімделген. Бұл Еуропаға жақсы танымал әлемдік әлеуметтік қауын сорттары. Қауынды көбінесе Санкт-Петербург пен Челябинсктің тұтынушылары сұрайды, – дейді кәсіпкер.

Бақшалық тамшылатып суару әдісі арқылы күтіп-бапталады. Сондықтан су тапшылығынан мәселе жоқ. Өнім шығымдылығы да өте жоғары. Бұл қауындардың ерекшелігі – зиянкестерге төзімді әрі ішіне құрт түспейді екен.  

Арыстанбек Шайменов осы серіктестіктің агрономы. Агрономиялық тәжірибесі мол кәсіби маманның жастарға үйретері де көп.

– Егіс алқаптарын тамшылатып суарамыз. Бұл суды үнемдеуге мүмкіндік береді, сондай-ақ артық арамшөптерден арылтады. Әрбір қауынның өз ерекшеліктері бар. Алдымен эксперимент жүргіземіз, содан кейін өнеркәсіптік ауқымда отырғызамыз. Біз таңдаған голланд, испан селекциясының көптеген сорттары тұқым өндірушілер мәлімдеген астықтан сәл аз өнім беретінін көрсетеді. Бірақ қауынның бойында көп мөлшердегі қантына байланысты бұл қауындар басқа қауын сорттарынан дәмді әрі салмақты. Сондықтан сұранысқа әрдайым ие. Біз серіктестермен бірге бұл қауындарға қант қоспай-ақ джем және сироп дайындап жатырмыз, – дейді бас агроном.

– Қызылорданың жері қауын өсіруге өте қолайлы. Жердің құнарлылығы сол – бізде ең тәтті қауындар өседі. Голландиялық әріптестеріміз біздің қауындарды әлемдегі ең дәмді қауын деп бағалап отыр. Сондай-ақ оларды 4-5 айға дейін сақтауға болады. Ұзақ сақтап, қыста сатуға да болады, – дейді Е.Сүгіралин.

Сан алуан сырқатқа шипа, кез келген сортының 100 грамм бөлігі бір күндік С дәруменімен қамтамасыз ететін қауынның орны әсте бөлек. Жалпы, Сыр өңірінде қауынның кез келген сортын өсіруге болатыны ғылыми дәлелденген. Оған ынталы шаруалар да баршылық. Тек бақша дақылдарын егетін диқандарға мемлекеттен демеу керек. Сонда Қызылорда облысы ел нарығын күрішімен ғана емес, бал татитын қауынымен де қамти алар еді.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Нұр-Қасым ЖОМАРТ 22.09.2020, 10:50
Суы мен жолы, мектебі мен емханасы жоқ Сабалақ
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 22.09.2020, 10:44
«Ең үздік жоба» жемқорлықты ауыздықтай алмады
Нұр-Қасым ЖОМАРТ 22.09.2020, 10:41
Тоқаевтың тапсырмасы неге орындалмады?
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 22.09.2020, 10:25
Арызын билікке жеткізе алмаған
Мариям МАҚСАТ 22.09.2020, 09:53
Келмеске кеткен «Кутузовты» көксегені несі?
Сайт әкімшілігі 21.09.2020, 17:48
Күшті дауыл мектептің шатырын жұлып әкетті

Аңдатпа


  • Бір тәулікте қанша адам коронавирус жұқтырғаны анықталды
    23.09.2020, 09:43
  • Nur Otan еліміздің солтүстік облыстарына қатысты қандай уәде береді?
    22.09.2020, 09:50
  • Конгресс-Холл экс-директоры миллиардтаған ақша жымқырған ба?
    21.09.2020, 15:07
  • 100 жастағы әжей пневмониядан жазылып шықты
    20.09.2020, 14:39
  • Көлік кептелісінен құтылар күн бар ма?
    18.09.2020, 14:27