Бас қақпаға бас сұққан жолаушының арманы

Нұр-Қасым ЖОМАРТ

16.02.2021, 14:31

1369

«Қонақ келсе – құт» дейтін меймандос елміз ғой. Сол қонағыңыз көкті тіліп, әуелі әуежайға қонады. Ал Сыр елінің «Қорқыт ата» әуежайында қонақ күтер жайлылық бар ма? Алаштың Ақмешітіндегі бас қақпа бас сұққан жұртты бауырына тарта ала ма? Гәп осында. Өйткені сырттан келген жан Қазақ елінің алғашқы астанасымен танысуды алдымен әуежайдан бастайды.

Осы уақытқа дейін Қызылорданың әуе қақпасы саналатын әуежайдың сервистік қызметіне көңілі толмайтындардың қатары өз қызметкерлерімен толығып жатыр. Неге дейтіні жоқ, аты «халықаралық» дейтін әуежайға ұшып-қонып жүргендер оның жайын жасырмай, айтып бере алады.

Сонымен, әуежайдың жолаушыларға қызмет көрсету жөніндегі супервайзері болып жұмыс істейтін Ботагөз Жорабек республикалық БАҚ-қа ренішін жария етті. Онда ол шетелдік қонақтар түгіл, өз жолаушымыздан да ұялатын жағдайға жеткенін айтады.  

– Осында 10 жылдан бері қызмет атқарып келемін. Осы жылдар ішінде әуежай қарапайым жолаушыларға қызмет көрсету мен сервис сапасын жақсартуда бірде-бір қадам ілгері жылжыған емес. Әуежай жолаушылар үшін, сондай-ақ қызметкерлер үшін, тіпті қарапайым жылу беру жүйесімен жабдықталмаған. Қол жуатын жерлерде тек мұздай суық су ағады. Рас, VIP-залдан ұшатын ауқатты, биліктегі жолаушыларға жайлы жағдай жасалған. Ал өзге жолаушылар неге кемсітіледі? Қонақжайлық әуежайдан басталады емес пе?! Шетелдік туристерге де тіке қарауға бет жоқ. Олар наразылығын ашық айтады, ресурстарға бай өңірде неге осынша аянышты, сұрықсыз әуежайдың жұмыс істейтініне түсінбейді. Олар елдің өмір сапасын, мемлекеттің инфрақұрылымын жақсартуға мүмкіндігіміздің барын біледі, бірақ үкіметтің оған ниеті жоқ. Шетелдік қонақтарға уәж айтып, осыған жеткізген үкіметтің ісін тіпті ақтағымыз да келмейді, – дейді супервайзер.

Сондай-ақ ол кеңес кезінен пайдаланылып келе жатқан әуежайда ең қарапайым жағдайлардың да ескерілмегеніне назар аударады.

– Біз ХХІ ғасырда өмір сүрудеміз. Қақаған қыс. Мысалы, Қызылордадан Нұр-Сұлтанға FlyArystan әуекомпаниясының ұшақтары ұшады. Оның жолаушылары жан төзгісіз үскірік аязда қолдарындағы жас сәбилерімен рейсті күтіп, перронда дірдектеп жүруге мәжбүр. Бұған кім айыпты? Әлде халық осыған лайықты ма?! Егер заманауи талаптарға сәйкес келетін жаңа әуежай салса, оның «жеңдері» болар еді де, ұшақтың өзі соған есігін таяп, тұрақтар еді. Демек, адамдар далада жаурамай, бірден залдан ұшаққа өте алар еді, – дейді Ботагөз ханым.

Жаңа ғасырдың екінші онжылдығының басындағы арманымыз үлкен-тұғын. «Қызылордада жаңа халықаралық әуежай салынғалы жатыр» деп, сүйіншілегенімізге де ондаған жылдың жүзі болды. Мамандар алдағы он жылда Сырдың бас әуе қақпасы арқылы 400 мың жолаушы тасымалданады деп болжам жасады да. Берісі Бейжің, әрісі Дубай, Стамбул қалаларына көзді ашып-жұмғанша жетіп баруды көздегеніміз де сол кез. Отауымыз сай болмаса да, бірқатар әуе компанияларымен келісім жасалды. Бірақ қанша әспеттегенмен, әуежай халықаралық талаптарға сай емес еді. Тіпті әлгі жүз мыңдаған жолаушыны қабылдауға мүмкіндігі жетпейтіні де белгілі. Сөйтіп, жергілікті билік жедел іске кірісіп, бұдан алты жылдай бұрын Қызылорда әуежайына «халықаралық» мәртебесі берілді. Ақмешіттен Мәскеуге ұшақ ұшатыны шындыққа айналды. Одан кейін де осы әуежайдан Иранға экспортталған қой да «ұшты».

Ботагөз ханым және басқалар он жыл бұрынғы уәдені малданып жүрді, үміт үзбеді. Алайда былтыр Түркістанға жаңа әуежай салынғанда Қызылордаға енді үкіметтің қолы жетпейтінін түсінді. Шағым иесі «Қызылорда облысының жаңа басшысы Гүлшара Әбдіқалықова жағдайды өзгерте ме, жаңа халықаралық әуежай салынуына ақша бөлінуіне не инвестордың келуіне қол жеткізе ме?» деген үмітін үзбейтінін әлі де айтады.

– Әрине, шағымым арқылы әуежай басшылығын өзіме қарсы қойып алуым мүмкін. Мен өз елімнің патриоты болғандықтан, осыны айтып отырмын. Тек жалақы үшін жұмыс істесем, бәріне ары қарай көне берер едім. Білікті маман ретінде ақшаны шетелде де таба аламын. Бірақ мен туған елімнен, туған жерімнен кеткім келмейді. Қайта оның дамуына, әуежайдағы сервистің жақсаруына үлесімді қосқым келеді, – деген Ботагөз ханым облыс басшылығынан Қызылорда қаласында халықаралық әуежай салғызу мәселесін көтеруді сұрайды.

Әуе қақпасын ҚТЖ-ның бір құрылымы – Airport Management Group басқарады. Мұндағы алғашқы әуежай қаланың оңтүстік-шығысында 1920 жылдардың соңында тұрғызылыпты. Бүгінде ол аэровокзал ғимаратында қалалық автовокзал ретінде жұмыс істейді. Ал оның ұшақтар ұшып-қонатын бұрынғы жолағы бойымен Астана даңғылы өтеді. Қазіргі әуежай 1988 жылы іске қосылған-ды. Ал 2001 жылы әуежайда сағатына 150 жолаушы өткізу қабілеті бар жаңа аэровокзалдық кешен салынды. 2011 жылдың сәуірінде ұшу-қону жолағы реконструкциядан өтті, радионавигациялық, жарық-сигналды және метеорологиялық құрал-жабдықтар жаңартылды. Нәтижесінде 2014 жылғы 3 қарашадан бастап Қызылорда әуежайына халықаралық рейстер орындайтын әуе көліктерін қабылдауға рұқсат берілді. Атап айтқанда, Ресеймен әуе қатынасы жолға қойылды, Мәскеуден ара-тұра «Аэрофлот» қатынайды. Ал өзге шет мемлекеттерге рейс жасалмайды. 2019 жылы әуежай терминалын жөндеу, қайта салу жобасы қабылданды. Соның арқасында өткізу қабілеті сағатына 250 жолаушыға дейін артуға тиіс болатын. Жеті жылға сотталып кеткен облыстың бұрынғы әкімі Қуанышбек Ысқақов тұсында құпталған жобаға 18,9 миллиард теңге жұмсау көзделген-ді.

Уақытын алтынға балайтын жолаушы діттеген жеріне ұшақпен тез жеткісі келеді. Дегенмен әбігерге салған пандемияның салдарынан көп елдердің барыс-келісі шектеліп тұр. Бүгінде «Қорқыт ата» әуежайы аптасына 31 рейске қызмет көрсетіп отыр. Мұның өзі ішкі бағыттар. Бәрін қойшы, он жылдан бері жергілікті әкімдік тарапынан халықаралық талаптарға сай жобаланған жаңа әуежай терминалының құрылысына қыруар қаржы жұмсалғанын былай қойғанда, құрылысты қаржыландыру көзі де, инвестор да, басшылардың сөзі де мың құбылды. Ал әлгі жобада ішкі және халықаралық бағыттар бойынша жолаушыларға қызмет көрсететін екі деңгейлі терминал, жолаушылардың ұшаққа тікелей өтуіне екі телескопиялық қондырғы, 180 орындық автокөлік тұрағы, VIP және CIP залдары, «Дьюти фри» дүкендері қарастырылған. Жаңа  әуежай  құрылысының 2014 жылдың мамыр айында басталып, 2015 жылы ел игілігіне берілетіні айтылған еді. Алайда құрылыстың қадасы қағылғанымен, сұлбасы көрінбеді. Ал облыстың жаңа басшылығы жаңа әуежай құрылысынан бас тартты. Өйткені жоба қымбатқа түспек әрі өзін-өзі ақтамайды. Оның орнына ескі ғимаратына реконструкция жүргізілмек.

Халықаралық терминалдың нүктесін облыс әкімінің өзі қойды. Ол жаңа әуежайдың салынбайтынын қадап айтты. «Экономикалық тұрғыдан тиімді еместігін» алға тартқан Гүлшара Әбдіқалықова жобаның тым қымбаттығымен түсіндірді. «Бұл – өте ірі және тым қымбат жоба, құны – 18 млрд теңге. Дағдарыс кезеңінде бұл жобадан  бас  тарттық. Бізге жақын Түркістанда үлкен әуежай салынды. Байқоңыр қаласында да «Крайний» әуежайы бар. Сондықтан қазіргі әуежайды кеңейту және қайта құрылымдау туралы шешім қабылдадық. Жобалау-сметалық құжаттары әзірленуде. Келер жылдың басында дайын болады. Құны да қолайлы, шамамен 1,5 млрд теңгені құрайды. Стандарттар бойынша барлық жағдай жасалады. Яғни таспаларда жүк қабылдау, тіркеу, күтуді ұйымдастыру мәселелері және тағы басқалары бар. Бүгінде «Қорқыт ата» әуежайының қолданыстағы терминалын кеңейту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстары аяқталуда. Мемлекеттік сараптаманың қорытындысы алынған соң, құрылыс жұмыстары басталады», – деді аймақ басшысы.

Осылайша көп жылдан бері «жыр» болып келе жатқан халықаралық терминал қонақтар үшін де, қызылордалықтар үшін де көзден бұл-бұл ұшты.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Миуа БАЙНАЗАРОВА 18:13
Шенеуніктер неге тәртіп бұзады?
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ 12:24
Екпіндіктер әкім Смайыловтан жауап күтіп жүр
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 10:15
Әкім бол, туысыңа жақын бол!?.
Сайт әкімшілігі 03.03.2021, 14:53
Полиция 7 адамның өмірін қиған жол апаты туралы айтты
Сайт әкімшілігі 03.03.2021, 10:53
Атырауда анасы мен төрт баласы уланып қала жаздады
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 02.03.2021, 18:02
Теміртаулықтар қатты аязда жылусыз қалды

Аңдатпа


  • Әкім бол, туысыңа жақын бол!?.
    10:15
  • Сейдағаңның серілері едік
    03.03.2021, 10:12
  • Бес тағдыр – бес тал гүл
    02.03.2021, 10:44
  • Буырқанған дауылда сыналған басылым
    25.02.2021, 13:12
  • «Жас Алаштан» басталған журналистік жол
    23.02.2021, 10:51