Берешекке белшесінен батқан автопарк кімге керек?

Мариям МАҚСАТ

25.08.2021, 12:40

2026

Павлодар қаласындағы толығымен мемлекеттің меншігі болып саналатын №1 автобус паркі сатылымға шығарылды. Бұл кәсіпорынның соңғы үш жылдағы таза табысы небары 26 мың теңгені құрайды. Ал қарызы миллиардтап саналады.

1957 жылы ашылған №1 автобус паркі облыс орталығындағы байырғы кәсіпорындардың бірі. Бүгінде мұнда жолаушыларды 13 бағыт бойынша тасымалдайтын автобус бар. Оның тең жартысы қалаға іргелес жатқан ауылдарға қатынайды.

№1 автобус паркінің сатылымға шығарылғаны туралы ақпараттың таралғаны сол еді, тұрғындар бұл мәселеге алаңдай бастады. Себебі осыдан алты жыл бұрын бұл кәсіпорын жекенің қолына өткен-ді. Сол тұста ол 1,1 млрд теңгеге «Қазақстандық құрылыс тобы» компаниясына сатылды. Жаңа қожайын келісімшарт талабына сәйкес, су жаңа 36 автобус сатып алды. Бірақ араға бірнеше ай салып, не автобустардың ақшасын, не мемлекет алдындағы берешегін өтей алмады. Сөйтіп, қоғамдық көліктерді өндірушіге, парктің өзін әкімдікке қайтарып берді.

– Осыдан бес жыл бұрын қала ішінде қатынайтын автобустардың ізім-ғайым жоқ болып кеткені есімізде. Қоғамдық көліктер арасындағы интервал ұзап, көктемнің ызғарлы күндері аялдамада сағаттап көлік күткен кездер болды. Мұндай жағдай тағы да қайталана ма деген қауіп жоқ емес. Себебі табыс әкелмейтін паркті миллиардтаған қарызымен бірге кім сатып ала қояды? – дейді облыс орталығының тұрғыны Жанболат Мейрамов.

Павлодар қаласы әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, №1 автобус паркін сату шарасы 31 тамыз күні өтеді. Кәсіпорынның бастапқы бағасы – 672,9 млн теңге. Бұл ретте конкурсқа қатысатын компаниялар алдымен 87,5 млн теңге көлемінде кепілдік жарнасын төлеуі тиіс.

– №1 автобус паркі 13 бағыт бойынша жолаушыларға қызмет көрсетеді. Мұнда 95 адам жұмыс істейді. Парктің иелігінде 1989-2019 жылдар аралығында шығарылған 100-ден астам автобус бар, – дейді әкімдік өкілдері.

Кәсіпорынның бағасын анықтау бойынша жүргізілген тәуелсіз сараптаманың нәтижесіне сүйенер болсақ, 2019 жылы таза табысы бар-жоғы 26 мың теңгені құраған екен. Ал сол жылы шығын көлемі 1,2 млн теңгеге, осы жылдың алғашқы бес айында 48,7 млн теңгеге жетіп отыр. Шығынның шаш етектен болуы әлеуметтік маңызы бар санаттарға жататын жолаушыларды тасымалдағаны үшін мемлекеттік субсидияның төленбеуімен түсіндіріледі. Компанияның жаңа иесі табысқа қол жеткізу үшін тарифті өсіріп, электронды билет енгізуі қажет екен.

Осы орайда, №1 автобус паркінің иесі кәсіпорынның қарызын өтеуі тиіс екенін ескерсек, оның табыс көруіне тарифтің өсуі әсер ете қоймайтын сияқты. Себебі аталмыш кәсіпорын 2019 жылы «ҚДБ-Лизинг» АҚ арқылы 30 автобусты сатып алуға 2,3 млрд теңге көлемінде несие алған болатын. Бүгінгі күні қалған қарыз 1,6 млрд теңгені құрайды. Бұл соманы компанияның жаңа басшылығы 2026 жылдың наурыз айына дейін төлеуі керек.

Берешекке белшесінен батқан мұндай кәсіпорын кімге керек? Мемлекеттің өзі қарыздарды қайтаруға қауқарсыз болып тұрғанда, табысынан шығыны көп паркті алуға асық инвестор табыла қояр ма екен? Қоғамдық көлік сапырылысынан тағы да жолаушылар зардап шекпесе болғаны.

Еске сала кетейік, Павлодар қаласындағы №1 автобус паркі – мемлекеттің 100 пайыз үлесі бар еліміздегі тоғыз кәсіпорынның бірі. Жалпы, Қазақстанда барлығы 409 автобус паркі бар.

Тегтер: қоғамдық көлік автобус мәселе

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 20.01.2022, 12:00
Жәйремдіктердің жанайқайы:«Мемлекеттік бағдарламамен берілген үйдің сиқы осы»
Мариям МАҚСАТ 20.01.2022, 08:53
Кім кімді алдады?
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 19.01.2022, 17:45
Қарағанды өңіріндегі дүрбелең қалай өрбіді?
Қайрат Балабиев 19.01.2022, 16:57
Атамекенді аялау – азаматтық парызымыз
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 19.01.2022, 15:33
Шымкент: шығын әлі есептеліп жатыр
Тоқтар ҒАБДРЕШҰЛЫ 18.01.2022, 15:30
БҚО-да бір полицейдің мұрны қанамады

Аңдатпа


  • Байлар 30 жыл «жиып-тергенін» «Қазақстан халқына» қия ма?!
    20.01.2022, 08:50
  • Біреуге бас қайғы, біреуге «мал» қайғы
    20.01.2022, 08:49
  • Алматыны «терроризм астанасы» етпек болды
    20.01.2022, 08:48
  • Қазақстанда билік төңкеріледі - үндістандық көріпкел Арченаның айтқаны келді
    19.01.2022, 00:00
  • «Аш адам ұрысқақ келетінін» ұмытпасақ екен...
    19.01.2022, 08:48