«Біздің ауданда туризмді дамытуға мүмкіндік мол»

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ

17.02.2021, 13:57

855

       Катонқарағай – шығыс өңірдің ажарын ашқан Алтай өлкесімен қанаттаса жатқан ерекше ауданы. Бұл ауданның Ресеймен де, Қытаймен де шектесетінін ескерсек, еліміз үшін маңызы қаншалықты екені айтпасақ та түсінікті. Қысында қар қалың түсіп, жол қатынасы қиындағанымен, ерінбей барған адам оның табиғатының жылдың төрт мезгілінде де тартып тұратынын айқын сезінеді екен.

       Жақында Оралхан Бөкей, Қалихан Ысқақ, Дидахмет Әшімханұлы сияқты кесек жазушылар шығармаларына арқау еткен өлкеге арнайы барып қайтудың реті келді. Сапар аясында аудан басшысы қызметіне кіріскеніне ай толмаған жас әкім Ділдар Қалиқанұлымен жүздесудің сәті түсті. Айтуынша, өзі туған топырақта түлеп өскендіктен, Катонқарағайдың тыныс-тіршілігін бір кісідей жетік біледі. Тек елге қызмет жолындағы ойына алған мақсатынан айнымай, жастық жігерін жұмсай білуден аянбағаны жөн. Жаңа әкіммен әңгіме барысынан ауданның төрт құбыласын түгел ету үшін әлі де талай тер төгетін мәселелер баршылық екені байқалды. Ал шын мәнінде қасиетін ұғына білген адамға Катонқарағай табиғатының берері мол.

– Ділдар Қалиқанұлы, қос елдің шекаралық шебінде орналасқан ауданның ары қарайғы болашағын қалыптастыру жайы туралы ойыңызды білсек...

– Негізі, өткен жылы көптеген істер жүзеге асырылды. «Өңірлерді дамыту», «Ауыл – ел бесігі», «Жол картасы», «Нұрлы жер» сияқты мемлекеттік бағдарламалар аясында жоспарланған шаруалар орындалып жатыр. Халық үшін маңызы зор әлеуметтік нысандарды жөндеуден өткізуге баса назар аударып отырмыз. Атап айтқанда, аудан орталығы – Үлкен Нарында орналасқан аудандық аурухана ғимаратын 430 млн теңге қаражатқа толықтай жаңартып жатырмыз. Хирургия, перзентхана бөлімдері жабдықталып, жылу жүйесі ауыстырылды. Аманшылық болса, сәуір айында толықтай аяқтаймыз. Катонқарағай ауылының тұрғындары бір спорт ғимаратының ауадай қажеттілігін айтып, мәселе көтеріп жүретін. Заман талабына сай, жанында жүзу бассейні бар, жаңа спорт кешенін пайдалануға бердік. Осындай ауқымды шаруалар рет-ретімен орындалып жатқан жайы бар. Он екіпәтерлі үй салынып, пайдалануға берілді. Сонымен қатар тағы да 17 екіпәтерлі баспана құрылысы басталмақ. Тағы бір баспана құрылысының жұмыстары алдағы көктемнен бастап жалғасатын болады. Ауданда 48 елді мекен, 36 мектеп бар. Білім ошақтары да бүгінгі күн талабына сай жаңартылғанын айтып өткен артық болмас.

– Ауылдарды ауызсумен қамту жайы қалай?

– Негізі, ауылдардың дені сумен қамтылған. Дегенмен кей ауылдарда әлі де мәселе бар. Катонқарағай ауылы таулы жерде орналасқандықтан, жоғары бөлігінде ауызсу құбырының баруы, судың жеткізілуі қиындап тұр. Жергілікті халық өз ауласынан бұрғылап шығарып алған су көзімен отыр. Бұл мәселе бойынша сметалық-сараптамалық құжаттамалар дайындалған. Облыстық деңгейде көтеріп, облыстық бюджет тарапынан қаржылай қолдау көрсетілсе, мәселе толығымен шешілетін болады. Ал өзге ауылдарда бұл сала бойынша жұмыстар атқарылған. Жоғарыда айтқан 48 ауылдың дені шағын ауылдар, соның ішінде үш елді мекендегі жан саны 50-ге жетпейді. Сондықтан мемлекеттің экономикалық талабына сай, ол үш ауыл көршілес ауылдық округтер құрамына енгізілген. Егер келешекте ол жерде тұрғын саны 50-ден асатын болса, әрине, қайтадан жеке ауыл болуына мүмкіндіктері бар.  

– Осы тұста ауданда халық санының азайғаны байқалатын сияқты ма?

– Иә, оны жасыруға болмайды. Бұрын аудан бойынша 54 мектеп болса, қазіргі жалпы саны – 36. Ауданнан әртүрлі себептерге байланысты халықтың көшіп кеткені оңай тиіп тұрған жоқ. Кезінде аудан бойынша халық саны 44 мың болса, қазір 20 мыңнан астам шамада. Бұл Үлкен Нарын мен Катонқарағай аудандарының біріктірілуінен кейін орын алған 20 жыл ішіндегі жағдай. Халық санының екі есеге азаюы біз үшін үлкен мәселе болып отыр. Урбанизация процесінің кері әсерін осы мысалдардан көруге болады. Тұрғындардың бәрі облыс орталығына көшіп жатқан жоқ, көрші орналасқан Ресейге қоныс аударушылардың қарасы көп екені байқалады. Дегенмен қол қусырып қарап отыруға болмайды, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ауданның туризмді дамыту бағытын қолға алсақ, экономикалық оң өзгерістерге мүмкіндік туады деп айта аламын. Бұрын халықты туған жерге оралуға немесе тұрақтауға шақырғанымда көбіне жол қатынасы проблемасы, интернет жоқтығы айтылатын. Қазір бұл мәселелер артта қалды, облыс орталығымен жол қатынасы жақсарғанын айта кеткен жөн. Бұрын Өскеменге жету үшін төрт сағаттай жүрсек, қазір үш сағатта жетуге болады.

– Катонқарағай өңірінің табиғаты әсіресе жаз айларында ерекше тартады. Осы орайда, туризм саласын жандандырудың мүмкіндіктері бар ма?

– Біздің де бетке ұстап, үміт күтеріміз – табиғаты. Туризмді дамытуға жол ашықтығын атап өткім келеді. Табиғи ғана емес, тарихи ерекшеліктерге де бай аудан. Біздің дәуірге дейін ІV ғасырда пайда болған Берел қорғанынан табылған көптеген жәдігерлер бар, гейзерлік суымен әйгілі «Рахманов қайнары» бар. Сосын, шығыс өңірдің беткеұстар тағы бір ерекшелігі саналатын бұғы шаруашылығымен айналысатын ауылдар бар. Катонқарағай ұлттық паркінде де тамашалап келетін ғажайыптар бар. Серуендеушілер үшін тағы бір таптырмайтын нүктеміз «Австриялықтар асуы» деуге болады. Оны Бірінші дүниежүзілік соғыс тұтқыны болған австриялықтар салған. Биіктігі 3000 метрден асатын сол асу арқылы салынғаан жолмен көршілес Күршім ауданына түсуге болады. Ал ол жерде, жазда барып жүріп өтсеңіз, табиғатына тамсана қараумен боласыз. Осындай кереметтерді тамашалап келген турист келесі жылы да келуге ынталанып тұратынына күмәніміз жоқ. Одан өзге, Катонқарағай қымызы, балы деген табиғи таза өнімдерге сұраныс жылдан-жылға артып келеді. Жалпы, туризмді дамыту бағытында облыс әкімі Даниал Кенжетайұлының  тапсырмасымен қолға алған бірқатар жобалар бар. Саралай келіп, жан-жақты жұмысымызды жандандыратын болсақ, Катонқарағай ауданының болашағы зор болатыны анық.

— Онда қолға алған ісіңізге сәттілік тілейміз!

Тегтер: экология туризм жоспар шара

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 03.03.2021, 14:53
Полиция 7 адамның өмірін қиған жол апаты туралы айтты
Сайт әкімшілігі 03.03.2021, 10:53
Атырауда анасы мен төрт баласы уланып қала жаздады
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 03.03.2021, 09:20
Түркістандағы оқиғадан «ҚазТрансГаз» тиісті қорытынды шығара ма?
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 02.03.2021, 18:02
Теміртаулықтар қатты аязда жылусыз қалды
Ақерке ЖҰМАҒАЗЫҚЫЗЫ 02.03.2021, 15:13
Су сойқаны безек қаққызды
Тоқтар ҒАБДІРЕШҰЛЫ 02.03.2021, 10:37
Бала бағу баюдың жолы ма?

Аңдатпа


  • Сейдағаңның серілері едік
    03.03.2021, 10:12
  • Бес тағдыр – бес тал гүл
    02.03.2021, 10:44
  • Буырқанған дауылда сыналған басылым
    25.02.2021, 13:12
  • «Жас Алаштан» басталған журналистік жол
    23.02.2021, 10:51
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығымен құттықтаулар легі басталды
    22.02.2021, 13:50