Бөген – бастауы мерекенің!

Бекен ЕЛУБАЙҰЛЫ

28.10.2021, 15:00

1169

Күншығыс жастарының кемеңгер көсемі Ғанидың қамқорлығымен өмірден өз орнын тапқан қазақ балалар әдебиетінің классигі Өтебай Тұрманжанов өткен ғасырдың 30-жылдарының бас шенінде:

«Бөген, Бөген, Бөгенсің!

Балдай тәтті өзенсің!

Балдай тәтті суыңды,

Балама болсын дегенсің», – деп, тай-құлындай тебісіп өскен құрдасы, белгілі ғалым, филология ғылымының докторы, профессор Бейсембай Кенжебаев екеуінің кіндік қаны тамған Бөген ауылын осылайша жырға қосқан екен. Осы тұста негізгі ой жүлгесінен аз-кем ауытқып, мына жайтқа тоқтала кеткіміз келіп отыр.

       Есімдері тіліміздің ұшына оралып отырған осынау Алашымыздың қос алыбының 90-100 жылдық мерейтойлары Құлбек Ергөбек, Бекмолда Жұмабай сынды бірқатар азаматымыздың ұйытқы болуымен биік деңгейде аталып өтіп еді. Енді екі жылдан соң, әдебиетіміздің қос қайраткері 120 жасқа толмақ. Осы айтулы мереке де өз мәртебесіне сай тойланады деген сенімдеміз.

Қос саңлағымыз туып-өскен Бөген ауылы аумағында орнын тепкен, аталмыш елді мекенмен аттас суқойманың ел игілігі үшін пайдалануға берілгеніне биыл 60 жыл толып отыр. Бір кісінің ғұмыры дерлік-ақ уақыт. Суқойманың іске қосылуымен тусырап жатқан өңір осы бір уақыт ішінде абат баққа айналып, адам танымастай өсіп-өркендеді. Әрине, осындай көл-көсір жетістікке қол жеткізу оңайға түспегені айтпаса да түсінікті болар. Қаншама қажыр-қайрат жұмсалып, қаншама маңдай тер төгілмеді десеңізші.

«Арыс-Түркістан арнасы мен Бөген суқоймасы» өндірістік бөлімшесіне ширек ғасыр бойы басшылық еткен Бекмолда Әмзебайұлы ағамызға арнайы жолығып, мекеменің өткені мен бүгіні туралы айтып беруін өтінгенбіз. Айта кетелік, руханият жанашыры болып жүретін бұл кісі атамыз Бейсембай Кенжебаевтың немере інісі болып келеді. «Өтініш-тілектерің орынды-ақ. Бұл ниеттерің үшін рақмет. Бүгінгі жас ұрпақ ел-жер тарихына жетік болғаны ләзім. Олай болса сауғаларыңды орындайын», – деп алған Бекмолда ағамыз өз әңгімесін былайша бастап кетті:

  • Арыс-Түркістан арнасы мен Бөген суқоймасы облысымыздың бес ауданын егістік сумен қамтамасыз етеді. Атап айтқанда: Арыс, Бәйдібек, Түркістан, Ордабасы және Отырар аудандары. Жоба бойынша 52,4 мың гектар жерді суландыруы тиіс болғанымен, бүгінгі күні 60 мың гектар жерді қамтып отыр. Бұл алып гидротехникалық су жүйесінің құрылысы Қазақ КСР-і халық комиссарлары кеңесінің төрағасы Нұртас Оңдасынов пен КСРО Жоғарғы Кеңесіне 1937-48 жылдар аралығында үш дүркін депутат болып сайланған Түркістанның төл перзенті Шарап Ниязовтың мұрындық болуымен өмірге келген. Бұл кісілер 1952 жылы И.В.Сталиннің қабылдауында болып, сол кездері Түркістан өңірі деп аталған өлкемізді жеделдетіп суландыру кезек күтпейтін іс екенін алға тартқан. Сталин өз келісімін берген.

       Іле-шала КСРО Министрлер Кеңесінің 1952 жылғы 19 желтоқсандағы №9-5778, артынша 24 желтоқсанда КСРО мақта шаруашылығы жөніндегі министрліктің №2424 қаулысымен Бөген суқоймасы мен Арыс-Түркістан арнасының құрылысы жүргізілсін деген шешім өз күшіне енді. 1953 жылы құрылыс жобасы жасалынып, оған жұмсалатын қаржы мөлшері де анықталып, аталған іске қызу дайындық басталды. Құрылыс жұмысы 1954 жылы 17 қазан күні басталып, 1961 жылы алғашқы бөлігі іске қосылды.

      Арыс-Түркістан арнасы мен Бөген суқоймасы құрылысы толығымен 1967 жылы аяқталып, Бөген суқоймасына сол жылы 370 млн текше метр су жиналды. Осы жылы КСРО мелиорацияжәне су шаруашылығы министрлігіне қарасты «Главриссовхозстрой» мекемесінен бөлініп шығып, «Арыс-Түркістан арнасы мен Бөген суқоймасы» деген басқармаға айналды. Басшы болып Шатемір Орманов тағайындалды. 1968 жылы Әлібаев Төлеш, 1970 жылы Қалмұрзаев Салмағанбет, 1978 жылы Юлдашов Ергеш, 1979 жылдан 1994 жылға дейін Омаров Сейілхан іспетті іскер қызметкерлер мекемеге басшылық етті. Ал 1994 жылдан 2018 жылға дейін басқармаға мен басшылық жасадым. Ұжымымызда өте сауатты, жоғары білімді инженер-гидротехниктер еңбек етті.

Арыс-Түркістан арнасы мен Бөген суқоймасы инженерлік гидротехникалық нысанның қызметін бес ауданның 600 мыңнан астам халқы пайдаланып келеді. Аталған аймақтарда ғұмыр кешіп жатқан ағайындардың әлеуметтік әл-ахуалдары жыл өткен сайын жақсара түсуде. Алдағы уақытта да осылай бола береді деген сенімдемін, – деп аяқтады өз әңгімесін Бекмолда Әмзебайұлы.

Біз ол кісіге мазмұнды әңгімесі үшін алғысымызды білдірдік. Бүгінгі күні 60 жылдық белес биігінен көрініп отырған Бөген суқоймасы мекемесінің өткені мен бүгінінен мол сыр ұққандай болдық.

Тегтер: су шаруашылығы мемлекеттік саясат ғылым білім мүмкіндік

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 16:19
Шиелі ауданында 3297 жаңа жұмыс орны ашылды
Бифат ЕЛТАЕВА 12:21
Ғибраты мол байқау
Сайт әкімшілігі 08:37
Павлодарда лак-бояу өнімдері қоймасында алапат өрт болды
Сайт әкімшілігі 26.11.2021, 13:30
Қарағандыда тағы бір ферроқорытпа зауыты ашылды
Сайт әкімшілігі 26.11.2021, 12:16
Жезқазған ақыны Қарағандыда өткен республикалық айтыста Бас жүлде иегері атанды
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 26.11.2021, 09:15
Қара алтынның үстінде отырған Қарағандыда көмір қымбат

Аңдатпа


  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    26.10.2021, 11:14
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30