Ермекбаев айтқан «диверсия» дәлелденді ме?

Арыстағы жарылысқа сыбайлас жемқорлық себеп болған

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ

04.08.2021, 08:58

3740

Өткен аптада 2019 жылдың 24 маусымында Арыс қаласындағы жарылысқа байланысты қозғалған қылмыстық іс бойынша айыпталғандарға Шымкент гарнизонының әскери соты үкім шығарды. Осы үкім екі жыл бұрын жер-жаһанды шулатқан, адам өліміне, мемлекетке миллиардтаған шығын әкелген оқиғаның мән-жайын толығымен ашып беруі тиіс еді. Алайда, біздің байқауымызша, «мемлекеттік құпия» деген желеумен жоғарыдағылар бәрін «жабулы қазан күйінде» қалдырғысы келетін сияқты.

  Арыстағы №448856 әскери бөлімінің оқ-дәрі қоймасында  болған жойқын жарылыстардан кейін 50 мыңнан астам тұрғын баспаналарын тастай қашты. Оқиға кезінде екі әскери, бір бейбіт тұрғын қаза тапты. Сапырылыста көлік қағып кеткен сегіз жастағы бала кейінірек ауруханада қайтыс болды. Снаряд түскен мыңдаған үйлер мен ғимараттар бүлінді. Сол кезде төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер Арыстағы жарылыстан келген шығын көлемі 20 миллиард теңгеге таяу екенін мәлім етті. 28 маусымда арыстықтар үйлеріне қайтып орала бастады. Сол күні қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев журналистерге берген сұхбатында:

– Жарылыс болған күні мен бөлімше командирімен бірге әскери көлікпен барлық бейнебақылау камераларын алып шықтым. Оқиға кезінде кімнің не істегені, қаншалықты нұсқауға сәйкес әрекет еткені осы камераларға жазылған. Оны тергеушілерге тапсырдық. Бұл қателік пе, әлде салғырттық па, тергеу амалдары осының бәрін анықтап беруі тиіс. Кінәлілер заң алдында тиісті жазасын алады. Апат себептерін алдын ала айту қиын. Электр желілеріндегі ақау, химиялық реакция немесе дала өрті де себеп болуы мүмкін. «Бұл диверсия болуы ықтимал» деген болжам да қарастырылып жатыр, – деген болатын.

Ермекбаевтың айтуынша, оқ-дәрі қоймасы қатаң күзетілген. 2018 жылы қойманың қауіпсіздігін арттыру үшін жаңа заманауи қондырғылар сатып алынған. Жаңа технологиямен күзетілген оқ-дәрі қоймасының өртеніп кетуі көпшілікті таңғалдырды. «Жоғарыдағылар өздерінің ішіп-жегендерін жабу үшін оқ-дәрі қоймасын қасақана өртеп жіберген жоқ па?» деген әңгімелер де айтылды. «Көкейдегі көп сауалға тергеу амалдары, сот үкімі жауап береді» деген едік. Алайда олай болмай шықты. 

 Арыстағы жарылыс бойынша 16 азамат жауапқа тартылды.  «Мемлекеттік құпияларға қатысты деректер жария етіледі» деген негізбен сот отырысы жабық жүргізілді. Шымкент гарнизонының әскери соты таратқан мәліметке қарағанда, прокурорлар сотталушыларға 4 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды, ал  сотталушылар өздерін ақтап, қылмыстық істі тоқтатуды сұраған. Сот үкімімен қорғаныс министрлігі мен әскери бөлімнің басшы құрамдары  «қызметтеріне салғырт қарады», нақтырақ айтқанда, «қызметтік міндеттердің орындалуын бақылау жөніндегі шараларды қолданбады және оқ-дәрілермен жұмыс істеу қағидаларын бұзды» деген айып бойынша кінәлі деп танылған.

«Техникалық күзет құралдарын монтаждауға бөлінген бюджет қаражатын жымқырғаны үшін  аудандық пайдалану бөлімінің басшылығы мен әскери бөлімнің командиріне 7 және 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жөндеу жұмыстарын жүргізген меншік иелері мен мердігер ұйымдар арасында даулардың болуына байланысты азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен жүгіну құқығы қалдырыла отырып, азаматтық талаптар қараусыз қалдырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ. Тараптар үкіммен келіспеген жағдайда жоғары тұрған сотқа шағым беруге құқылы. Қылмыстық іс 550 томды құрады. Іс бойынша 1473 тұлға жәбірленуші деп танылды», – делінген Шымкент гарнизоны  әскери сотының баспасөз қызметі таратқан мәліметте.

Үкімнен кейін сотталушылар Арыстағы жарылыс себептерінің анықталмағанын айтты. Расында да, соттың таратқан ресми ақпаратында  жарылыстың нақты неден туындағаны туралы жарытымды ештеңе жоқ. Біз осы жөнінде Шымкент гарнизонының  әскери сотымен хабарласқан болатынбыз. Ондағылар сот отырысының жабық өтуіне байланысты үкіммен тек сот процесіне қатысушылар ғана таныса алатынын, өз тараптарынан мән-жайды жария ете алмайтындарын алға тартты.

Десек те, жоғарыдағы ресми ақпаратта келтірілгендей,  жарылыстың орын алуына оқ-дәрі қоймасының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін құралдарға бөлінген қаражатты лауазымды әскерилердің талан-таражға салуы себеп болған. Сот үкімі бойынша жазаның ең ауыры (10 жылға дейін бас бостандығынан айыру) дәл осы қазына қаржысына қол салғандарға тағайындалған. Яғни жарылыстың ар жағында сыбайлас жемқорлық жатыр деген сөз.

Сот үкімінен кейін сот, прокуратура, қорғаныс министрлігі Арыстағы жарылыс бойынша шығарылған үкімге түсінік беріп,  оқиғаның мән-жайын халыққа жариялауы тиіс еді. Алайда бәрі үнсіз. Үнсіздіктің ар жағында Қазақстанның әскери саласындағы былық-шылықты, белшесінен батқан жемқорлықты жасырып қалу, жария етпеу жатқан сияқты.

Тегтер: Арыс жарылыс әскери сала

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 08.08.2022, 18:37
Қытайда жаңа вирус шықты
Сайт әкімшілігі 08.08.2022, 13:41
Алматы облысында жантүршігерлік жол апатынан 5 адам қаза тапты
Сайт әкімшілігі 08.08.2022, 09:11
Оралдағы кәсіпкер өлімі: күдіктілерді іздеуге әскерилер тартылды
Ерзия ЕРСҰҢҚАР 06.08.2022, 09:28
Төтенше жағдай қызметі заманауи талаптарға бейімделіп үлгеруде
Сайт әкімшілігі 04.08.2022, 13:22
Ақтауда полицейді пышақтап кеткен күдікті ұсталды
Сайт әкімшілігі 03.08.2022, 19:42
Әлемде маймыл шешегі өршіп барады

Аңдатпа


  • Ұлттық банк пен Үкімет қымбатшылықты құрықтауға неге қауқарсыз?
    08.08.2022, 08:49
  • Баспана аспандады, азық-түлік шарықтады, үкімет өз жөнімен қалықтап жүр...
    05.08.2022, 09:17
  • АЭС-тің арты жақсы бола ма?!
    04.08.2022, 08:55
  • «Қазақстан халқына» қорынан халыққа пайда бар ма?!
    03.08.2022, 08:59
  • «Аллаһу акбар деп айқайлаған»: Жамбыл облысында сотталушы түрменің үш қызметкерін жаралады
    02.08.2022, 08:47