Кәсіпкерге кім кедергі?

Нұр-Қасым ЖОМАРТ

13.10.2020, 11:30

562

Мұнай өнеркәсібі өңірдегі экономикалық дамудың басты қозғалтқышы болудан қалды

Қызылорда облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов кәсіпкерлерге кедергі жасаушы мемлекеттік қызметкерлердің азаймай отырғанын айтты.

БАҚ өкілдеріне аймақтағы кәсіпкерлік саласындағы мәселелерді тізген директор, Палата заңгерлеріне 9 айда кәсіпкерлерден 578 арыз түскенін, оның ішінде 175 кәсіпкер бизнесін қорғауды сұрағанын айтты.

Палата сарапшыларына түскен өтініштердің 45% оң шешімге ие болып, кедергі болған 8 лауазымды тұлға тәртіптік және әкімшілік жауапкершілікке тартылған екен.

— Палатамен өтініштерді қарау барысында кәсіпкерлердің 580 миллион теңгеден аса қаражаты сақталып қалды. Оның ішінде қаржының 73 пайызы орта кәсіпкерлік субъектілерінікі болса, 27 пайызы шағын бизнестікі. Аталған сома күші жойылған айыппұлдар, өсімпұлдардан, мемлекет тарапынан қайтарылған қаражат есебінен, сақталып қалған бизнес мүлкінің құнынан құралып отыр, – деді Палата директоры.

Жалпы, соңғы үш-төрт жылда кәсіпкерлердің заңды мүдделерін шектеген лауазымды тұлғалар көбейген. Мәселен, 2015 жылдан бері кәсіпкерлерге кедергі болып, жолын жаппақ болған 50-ге жуық мемқызметкерлер тәртіптік және әкімішілік жауапкершілікке тартылыпты. Одан бөлек, кәсіпкерге қатысты азаматтық істі сот тәртібімен қарау барысында, мемлекеттік сатып алу барысында заңбұзушылықтарға жол бергені үшін сотпен 2 мемлекеттік органға қатысты жеке ұйғарым шығарылған.

Ғалымбек Жақсылықов «Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің» жүйелі жұмыс жасап жатқанын да жеткізді.

— Жыл басынан бері, өткізілген кеңестің 3 отырысында 8 жүйелі мәселе қаралып, оның 5-і оң шешімін тапты. Нәтижесінде, 200-ден аса кәсіпкердің құқықтары мен заңды мүдделері қалпына келтіріліп, Кеңестің ұсынысымен Әдеп жөніндегі кеңес қарауына 2 мемлекеттік қызметкерді «мемлекеттік лауазымын төмендету» жазасына ұсынған. Алайда төмен лауазым болмауына байланысты «қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік шара қолданылды. Сондай-ақ 1 лауазымды тұлға әкімшілік  жауапкершлікке тартылып, 194 460 теңге көлемінде айыппұл төледі, –  деді Палата басшысы.

Мәслихатта «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 7,9 млрд теңгеге 106 жобаның қаржыландырылғаны айтылды.

— Облыс экономикасының мұнай өндірісіне тәуелді екені білгілі. Өткен жылы мұнай өндірісі көлемінің 13%-ға төмендеуі тиісінше, өнеркәсіптік өнімнің 10,7%-ға азаюына алып келді. Жалпы, соңғы 7 жылда облыста мұнай өндірісі екі есеге дейін азайып, 5,5 млн тоннаға дейін төмендеген. Биыл да 1 млн тоннаға кемиді деген болжам бар. Бұл мұнай өнеркәсібі өңірдегі экономикалық дамудың басты қозғалтқышы болудан қалғанының белгісі. Сондықтан өндеу өнеркәсібі бағытында облыс экономикасын әртараптарандыру – күн талабы. Оны тек шағын және орта бизнесті дамыту арқылы қол жеткізе аламыз, – дейді Палата директоры.

2020 жылғы 1 қыркүйекке өңірде 46647 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс жасауда. Былтырғыға қарағанда өсім 5,5% құрайды. Атап өтсек, дара кәсіпкерлер –  67%, шаруа қожалықтары – 21% және заңды тұлғалар – 12,0%.

— Пандемия шағын және орта кәсіпкерлік саласына ауыр тиді, ахуал әлі де болса күрделі. Экономиканың аса зардап шеккен 9 саласында облыс бойынша 10795 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы тарапынан кәсіпкерлер арасында сауалнама жүргізілді. Оған облыс бойынша 11064 қызметкері бар 3680 кәсіпкерлік субъектісі қатысты. Сауалнама нәтижесіне сәйкес, облыс бойынша кәсіпкерлік саласындағы қызметкерлердің 31% немесе 3 мыңнан астамы қысқартылған және 32% қызметкерлер жалақысы сақталмайтын еңбек демалысына жіберілген. Осыдан-ақ кәсіпкерлік саласына пандемияның зардабын анғаруға болады. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, жылдың басынан бері шағын және орта кәсіпкерлік саласында 4610 адам қысқартылған, – деді Ғ.Жақсылықов.

Қазір кәсіпкерлер қызметін InfoKazakhstan порталы арқылы жандандыруда. Бүгінгі күнге дейін портал арқылы 12000 кәсіпкер өтінім берген.

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша бүгінгі күні жобалық кеңсенің қарауында жалпы сомасы 13,6 млрд теңгені құрайтын 162 жоба бар. Оның ішінде 106 жоба (7,9 млрд теңге) – банктермен және Аграрлық несие корпорациясымен мақұлданған. 14 жоба (3,3 млрд теңге) – қаржы институттарының қарауында. Қалған жобалар бойынша құжаттар жинақталуда.

«Бизнестің жол картасы» бағдарламасы шеңберінде 4,0 млрд теңгені құрайтын 109 жоба субсидияланды. 2018 жылмен салыстырғанда биылғы 9 айдың өзінде субсидияланған жоба сомасы 10%-ға артқан.

460 кәсіпкерлік субъектісінің несиелері бойынша төлемдер кейінге шегерілді және 49 кәсіпкерлік субъектісі шағын және орта бизнеске жеңілдетілген несие беру бағдарламасы шеңберінде айналым қаражатын толықтыруға 8 пайызбен бір жылға 5 млрд теңгеге жуық кредит алған.

Бүгінде мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті қолдау шаралары қабылданып жатыр. Оның бір мысалы, күні кеше қызылордалықтарға кәсіппен айналысуға жеңілдетілген несиенің берілетіні жайлы ақжолтай жаңалықты Кәсіпкерлер палатасының бөлім бастығы Гаухар Елеусінова жеткізді.

— Қазір облыста «Бизнестің жол картасы – 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында облыс аумағындағы кәсіпкерлерді шағын несиелендіру жұмыстары басталуда. Қаржыландырушы «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы. Бағдарлама бойынша берілетін несиенің сомасы 5 млн. теңгеден 10 млн. теңгеге дейін. Мерзімі 5 жылға, – дейді Палата маманы.

Шағын несиенің пайыздық мөлшерлемесі 17,5%. Оның ішінде инвестициялық мақсатқа берілетін несие бойынша бастапқы 3 жылға, ал айналым қаражатына берілетін шағын несиенің бастапқы 2 жылға пайыздық мөлшерлемесін мемлекет тарапынан 11,5%-ға субсидиялау қарастырылған. Яғни, инвестициялық мақсатқа берілген несиелердің бастапқы үш жылында, ал  айналым қаражатына берілетін несиенің  бастапқы екі жылында кәсіпкер пайыздық мөлшерлемені 6%-бен төлесе, мемлекет тарапынан 11,5 пайызы субсидияланады.

–Бағдарлама аясында несие алуға ниет білдірген азаматтар Кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы мен аудандардағы кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінен кеңес ала алады, – деді Г.Елеусінова.

Нұр-Қасым ЖОМАРТ

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Мариям МАҚСАТ 22.10.2020, 10:52
Қымбатқа түскен «ноу-хау»
М.СӘУЛЕБЕК 22.10.2020, 10:48
Ерікті болу еріккен адамның тірлігі емес
Нұр-Қасым ЖОМАРТ 22.10.2020, 10:30
Жобалар жүзеге асуымен құнды
Нұр-Қасым ЖОМАРТ 22.10.2020, 10:18
Қауынқақтың орнына қауынқытырлақ, Ақмаржанның орнына Айсара
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 22.10.2020, 10:14
Маңғаз кәсіпкерлер мемлекеттік тілді менсінбейді
Батырхан Тоғызов 20.10.2020, 10:58
Әр адамның еңбек өтілі дербес есептелсін

Аңдатпа


  • Қымбатқа түскен «ноу-хау»
    22.10.2020, 10:52
  • Д. Ахметов: «Азаматтың қазасына себепкерлер жазасыз қалмайды»
    22.10.2020, 09:42
  • Мырзан Кенжебай: Менің атымды жамылған кім?
    20.10.2020, 14:28
  • Егіндібұлақ елінің еңсесі езіліп тұр
    20.10.2020, 10:41
  • Мақаншыда «қинау» фактісі бойынша ауыл тұрғыны полиция қолынан қаза тапты (видео)
    19.10.2020, 15:16