Күріш қажет пе?

Беделхан ЖАНПЕЙІС

15.05.2021, 13:22

1349

«Жас Алашта» жарияланған «Балқаштан бақ тайып барады» (№22, 16.04.2021 ж.) және «Балқаш Аралдың кебін кимесін» (№34, 04.05.2021 ж.) атты екі мақала қолыма қалам алдырды. Көтерілген тақырып өте орынды, осы өзекті мәселе нақты шешімін тауып, өзен суларының көлге құйылуының өз деңгейіне жеткенше бұл тақырып күн тәртібінен түспей, халық тарапынан үнемі дабыл қағылып, экология министріне, президентке қатаң талаптар қойыла беру керек. Осы орайда, өзекті мәселені көтеріп отырған «Жас Алаш» ұжымына, бас редакторы Қайрат Мәтіреков мырзаға алғыс айтқым келеді.

Екі мақалада да өзен суларының су көлемі қанша, мемлекетаралық келісім шарттарды тездету шаралары айтылған. Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерімен ертерек шешімін табу керек еді, әлі де сөз жүзінде қалып отырғаны өкінішті-ақ. Бұған сыбайлас жемқорлыққа белшесінен батқан басқару жүйесі кінәлі. Осы мемлекеттерден жерімізге өткен судың Арал, Балқаш көліне  қаншалықты толық құйылып жатқаны туралы сөз аз қозғалып, нақтылы себеп-салдары ашық, анық айтылмайды. Кезінде Арал теңізі неге құрдымға кетті? Ең басты себеп – Өзбекстаннан келетін шағын суды жол-жөнекей күріш алқабына бұрып, өз қолымызбен өзіміз құрттық.

       Сол кездегі Советтер Одағына Қазақстан табиғатын қорғау, Арал керек болмады, бесжылдыққа жоспар құрып, миллион тонналап күріш өндіресіңдер деген қатаң талап қойып, тек экономиканы ғана алға қойды, ал нәтижесі көз алдымызда. Күрішті өндіре бер, одаққа бере бер деп, суды Аралға жібермеген кешегі қызыл империя Ресей Аралға қандай көмек жасады, обал болды ғой, табиғатты бүлдірдік деп, бір ауыз сөз де айтпады. Тәуелсіз Қазақстан үкіметі, биліктегілер бұдан сабақ алмады, керісінше, күні бүгінге дейін сол күріш өндірісін жалғастырып, суды Арал мен Балқашқа жібермей отыр. Күріш – суды ең көп қажет ететін дақыл, дамбы «котлаван» суға толтырылады, су жерге сіңеді, ыстық ауамен буланып ұшады т.б.

        Ауыл шаруашылығы ғылымының докторы Тынышбай Досымбеков мақаласында 13,5 мың гектар жерге күріш егіліп, ырысты алқапқа айналды дейді, есесіне бұрып алған су Балқашқа құймай, құрдымға кетуге таяу тұр. Кезінде Т.Досымбеков мырза Алматы облысы әкімінің ауыл шаруашылығының орынбасары болып талай жыл қызмет етті, сол жылдары Іле өзенінің бойындағы күріш алқаптарын тоқтату керек, Балхаштың су көлемі күрт азаяды деп мәселе көтергенімізде, күріш егуші корейлер айтты, күріш екпесек, күріш алқабы сортаңға айналады, қайта қалпына келмейді деп, сол кездегі аудан, облыс басшыларының миларына жақсылап құяды. Күріш егушілерге, шындығын айтқанда, сенің Балқашың, Аралың не керек, жерге, суға салығын төлесе болды, қыруар пайда табуды ойлайды. Мен ғалым емеспін, жасым жетпістен асқан қарапайым Қазақстан азаматымын, мамандығым – инженер-механик.

Арал мен Балқаш көлін сақтап қалу үшін  төмендегідей ұсыныстар айтамын.

1. Арал теңізі мен Балқаш көлі халқымыздың байлығы, оның табиғатын сақтап, тоз-тозын шығармай, келер ұрпаққа аман жеткізу бүгінгі аға буын, біздің мойнымыздағы парыз. Табиғаттың тепе-теңдігін бұзуға ешкімнің хақысы жоқ.

2. Сырдария, Іле т.б өзендердің  суларын жолдан тосып, суды көп қажет ететін күріш егуді  2022 жылдан бастап мүлдем тоқтату қажет.

3. Өзен бойларына мал және құс т.б. шаруашылықтарды құрып, дамыту керек.

Салынатын малқоралар өзен суларына жақын болмауы ескеріліп, мал суғарылған соң, жағалауда жатпай, шетке шығарылуы керек, өйткені жағасындағы малдың қиы жаңбыр суымен өзенге ағып, көлге құяды, суды ластап, балыққа кері әсерін тигізеді.

4. Өзендердің екі жағалауына ағаштар отырғызып, көгалдандыру керек, сонда  қалың тоғай ылғалды сақтап, аң-құсқа мекен болады.

5. Шаруалар өндірген мал, құс еті т.б. өнімдерді күріш өндіретін басқа шет мемлекеттермен келісімшарт арқылы айырбастау, сату-сатып алу арқылы жүзеге асыруға әбден болады.

6. Күріш алқаптары сортаң болып, топырақ құнарлығын жоғалтады дейтіндерге айтарым, ғылым дамыған қазіргі уақытта барлығын қалпына келтіруге болады, бұл енді жеке тақырып. Өзен суларын бөгеп, Арал құрыды, енді Балқаш құриды деп, нақтылы іспен айналыспай, шешімін таппай зар жылаймыз.

Алланың жаратқан табиғатына қарсылық жасаған біз, пенделер, өзіміз кінәліміз.

Тегтер: экология заң айыппұл мәселе тұрғындар

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 11.06.2021, 11:11
Кім кінәлі?: Жауап берсін!
М.СӘУЛЕБЕК 10.06.2021, 17:45
Мегаполис бюджеті 2,7 есеге көбейген
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 10.06.2021, 14:13
Бір дүкеннің маңынан үш күннің ішінде екі мәйіт табылды
Мариям МАҚСАТ 10.06.2021, 12:04
«1 млрд теңгелік ескерткіштің ар жағынан жемқорлық «қылтиып» тұр»
Сайт әкімшілігі 08.06.2021, 16:45
Елордада 49 мектеп аралас тілде, 34 мектеп қазақ тілінде білім береді
Миуа БАЙНАЗАРОВА 08.06.2021, 14:00
Сыр елінің құт-берекесі неге қашып тұр?!

Аңдатпа


  • Кім кінәлі?: Жауап берсін!
    11.06.2021, 11:11
  • Ресей деградацияға ұшырауда
    10.06.2021, 10:33
  • Түнгі жол (Әңгіме)
    08.06.2021, 12:00
  • Жеңсең, жүз атаң табылар еді...
    08.06.2021, 10:30
  • Қазақ тілінде оқымаған бала ұлттың ұлы бола ала ма?
    03.06.2021, 09:02