Маңғыстау – майшелпек емес!

Абдулла МЫРЗАЕВ

05.11.2021, 08:51

1771

Қазақта «өзің білме, білгеннің тілін алма» деген аса ауыр қарғыс бар. Бұл қарғысқа ұшыраған адамның бетінің бері қарауы қиын екен. Мазмұнына мән беріп қарасаң, шын мәнінде де өзі білмей, білетіндердің тілін алмау – нағыз мәңгүрттік емес пе? Соңғы кездері, неге екені белгісіз, осы бір сөз тіркесі тіл ұшына үйіріле беретін болды.

Жасыратыны жоқ, биылғы қуаңшылық еліміздің батыс өңіріне аса ауыр тиді. Бір жылда мыңнан астам малынан айырылып қалған ағайынның алда-жалда даусы ащы шығып жатса, оған да түсіністікпен қарауымыз керек. Мал ашуы – жан ашуы екенін атам қазақ әлімсақтан айтып кеткен. Бұл аз болғандай, кейбір мәңгүрттердің «жасанды жаңбыр жаудырып, малдарыңды аман алып қаламыз» деуі – малы қырылып, мазасы қашып отырған қараша халықты мазақ еткендей әсер еткені де жасырын емес. Құрғақшылықтан құмы шығып жатқан жерге қондырғы орнатып, жаңбыр жаудыру, ол жаңбыр жерге сіңіп, одан жер көктеймін дегенше көтерем болған мал қарап отырады деймісіз? Қисынға келмейтін қылықтарымен қарапайым халықтың қытығына тиетін осындай «ақылдыларды» есінен адасқан мәңгүрт екен десек, оған ешкім өкпелей қоймас. Одан да сол жасанды жаңбырға бөлінетін миллиондаған қаржыға көктен су іздегенше, нәтижелі жұмысқа жұмсап, теңіз етегіндегі ойдан су шығару әлдеқайда тиімді емес пе?!

Иә, біз бекерге ашынып отырған жоқпыз. Бұл мәселені негізге алып, мақала жазғанымызға да айдан асты. Тек «Жас Алаш» сияқты елге жаны ашитын, шындықты айтудан жасқанбайтын бір-екі газет болмаса, қалғаны біздің ұсынысымызды да, жанайқайымызды да құлағына қыстыра қойған жоқ. Былайғы уақытта «халықтың үніне құлақ түретін үкімет қалыптастырамыз» деп, жанығып жүретін биліктің жандайшаптары да жұмған аузын ашпаған күйі бейтарап қалды. Бүкіл ел батыстағы бауырларына болысып, төрт түлік малды қайткенде де аман алып қалудың қарекетін жасап, қанатымен су сепкен қарлығаштай шырылдап жүргенде, жәрдем беруге тиіс атқарушы билік тағы да үнсіз жатты. Енді келіп, қисынға келмейтін «жобаларын» тыққыштағанына жол болсын... 

Сірә, соған қарағанда жасанды жаңбыр жаудыру арқылы мемлекеттің миллиондаған қаржысын қарпып қалуға болады деген қауесеттің шындыққа айналғаны ғой. Жоқ, біз оған жол бермейміз. Судың да сұрауы бар дегендей, құлаққа қонымсыз миф-жобалардың авторларына айтарымыз: малы қуаңшылықтан қырылған Маңғыстау елі – майшелпек емес! Рас, тек қалтаның қамын күйттейтін қасиетсіз жобаларын тыққыштап жатқан болса, оған көзі ашық, көкірегі ояу халық жол бере қоймайды. Егер елге жанашырлықпен істеліп жатқан шынайы әрекет болса, онда мамандардың ұсыныс-пікірлері де, көпшіліктің баталы-тілектері де назардан тыс қалмауы тиіс. Осы тұста біз осы саланың маманы ретінде өз ұсынысымызды тағы да қайталап айта кетейік, маң далалы Маңғыстау жерін төрт түлік малға толтырамыз десек, онда көзге көрініп тұрған нәтижелі жұмыстарға күш жұмылдырайық. Мен өзім осы өңірде 2008 жылдан бері еңбек етемін, негізгі кәсібім – сушы мамандығы. Агробизнес бағдарламасы аясында мал өсіруші шаруалардың тапсырмалары бойынша құдық қазу жұмыстарымен айналысамыз.

Биылғы қуаңшылықтың елге қаншалықты шығын әкелгенін жоғарыда жаздық. Ендігі мақсат – қалған малды жұтқа ұрындырмай, аман алып қалу. Әуелден табиғи климаты қатаңдау болып келетін батыс өңірінде биыл ауа райы тіпті жайсыз болды. Бұл құрғақшылық ұзаққа созылуы мүмкін. Өңірде жасанды жаңбыр жауғызамыз деген білгіштер көбейді. Мұның бәрі – бос сөз. Жасанды жаңбыр жаудырғыш болса, өздерін өркениетті мемлекеттер қатарында санайтын Еуропа елдері неге бұл тәсілді қолданбайды? Көршілес жатқан Ресейдің жылда мыңдаған гектар орманы өртеніп жатады. Солардың тілсіз жауды төбеден жаңбыр жаудыру арқылы өшіруге ақылы жетпей қалды ма? Маңғыстау  облысында жайылым жердің өзі 12,5 миллион гектарды құрайды. Міне, осындай маң даланы дрон арқылы суғару мүмкін бе? Тағы да қисынға келмейтін сұрақтар осылай тізбектеле береді. Бос сөз, әңгімені қойып, тыңдайтын құлақ болса, біз бұл тығырықтан шығудың жолын тағы да талқыға салып көрейік.

Жалпы ежелден төрт түлік малдың мекені болған Маңғыстау үшін арнайы бағдарлама жасау керек. Ол бағдарламада Маңғыстаудың барлық мүмкіндіктері қаралуы тиіс. Атап айтсақ, Каспий теңізінің табиғи тұщытылған ыза суын тиімді пайдалану. Теңіз жағалауының барлық жерінде бұл су бар, ол 20-50 метр тереңдіктен шығады. Ал теңізден алшақтау жатқан жерлерге құдық суын пайдалану керек. Бүгінгі таңда тек жайылымдық жерлердің өзінде мыңдаған құдық бар.

Былтыр Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданының «Бөрібай» шаруа қожалығының жерінде өз қаражатымызға тәжірибе өткіздік. Бір гектар жерге жүгері, соған жетеқабыл жерге арпа ектік. Жарты гектарды қоршап, табиғи шөптердің өсуін бақыладық. Суғаруға құдық суларын пайдаландық. Тамшылатып суғару әдісін қолдандық. Тәжірибе оң нәтижесін берді. Осылайша біз Маңғыстау өңірінде мал азығын дайындауға болатынын дәлелдедік.

Біздің қазақ төрт түлік малдың тілін жетік білетін халық қой. Олар тақыр жерге су жинау әдісін де кеңінен қолданған. Маңғыстау даласында су жинауға қолайлы жерлер көп. Ежелден ата-бабаларымыз сусыз далалы жерлерге бөгет салып, жаңбырдың және еріген қардың суларын жинақтаған. Ол суды ауызсуға, мал суару үшін пайдаланған. Осы тәсілді заман талабына сай жетілдіруіміз керек.

Негізі жайылымда жүрген мал тез оңалады. Сол үшін тек бір-екі сауын болмаса малдың қалғанын жайылымға қосқаны жөн. Малшылардың мәселесі толыққанды шешіліп, жағдайы жасалса бұл кәсіпті ықыласпен істеген болар еді. Бұл жекелеген адамның қолынан келмейтін жұмыс. Сондықтан, біздің ұсынып отырған бағдарламада осының бәрі егжей-тегжейлі қаралуы тиіс. Ол үшін жылы кабинеттерде отырып тон пішетіндердің ғана емес, сонымен бірге далада жүріп мал баққан адамдардың да пікірі назарға алынғаны жөн.

Елімізде мал шаруашылығын дамыту үшін оның өніміне деген сұранысты арттыру керек. Ет-сүттен бөлек, терісі мен жүнін де тереңірек өңдесе, мал баққан шаруа оның қап-қап жүні мен қымбат терісін далаға тастамаған болар еді. Отандық өнімге сұраныс арту үшін сырттан келетін арзанқол өнімді азайту керек. Біздегі өнім де бір жүйеге түскен соң қолжетімді болады. Оған дейін мемлекет тарапынан кәсіпкерлерді қолдап, өнім көлемін барынша көбейтуге ықпал еткен абзал. Өнім көбейсе, өзімізден артылғанын экспортқа шығарып, пайдаға кенелуге жол ашылады.  

Иә, бұған дейін қолға алынған бағдарламалар еліміздің барлық аумағына біркелкі болып, шөлейтті аймақтардың кемшіліктері мен артықшылықтары ескерілмеді. Ауылшаруашылық министрлігінің қолданыстағы «Агробизнес» бағдарламасында Маңғыстау облысындағы судың тапшылығы, өңірдің қатал климаты ескерілмеген. Табиғаты қатал деп теріс айналмауымыз керек қой, оның да тиімді тұстарын неге пайдаланбасқа? Мысалы, Маңғыстаудың маң даласы жайылым үшін өте тиімді. Өз аяғымен жүздеген шақырым жерде жүріп жайылатын малдың еті де, сүті де адам ағзасына керекті дәрумендерге өте бай болатыны медицинада дәлелденген. Бірақ соны түсіндіруге келгенде шорқақпыз. Тиісті деңгейде насихатталмай жатады. Есесіне сырттан келетін сырты жылтырақ, іші қалтырақ өнімдерге құмармыз. Рас, жусан жеп жүрген малдың еті мен сүтінде сол өсімдіктің дәмі сезіледі. Сол үшін бас тартатындар да бар шығар, бірақ қолдан бордақыланатын малдың етінен гөрі пайдалы емес пе? Оның үстіне импортталған ет айлап мұздатқышта тұрып әбден маңызынан айырылады емес пе? Оның алдында жусанның дәмі әлдеқайда жақсы ғой. Бізден басқа көрші елдер өз еттері тұрғанда сырттан тасымалдап тұтынбайды.  Айталық, Түркіменстан жері де негізінен құмшауыт болып келеді. Құм суырған құла дүзде отырып-ақ мал шаруашылығынан мол өнім алып отыр ғой. Олар қысқы суды тақырларда жинау әдісін тиімді пайдаланады. Мүмкін олармен тәжірибе алмасу керек шығар.

Қолданыстағы «Агробизнес» бағдарламасының мерзімі биыл бітеді. Ауылшаруашылық саласындағы жұмыстарды жандандыру үшін тағы бір жобалар қолға алынатыны белгілі. Бәлкім осы бағдарламада көрсетілген міндеттер қайта жетілдіріліп, қолданысқа берілетін шығар. Егер солай болатын болса, біздің ұсыныс-пікірлеріміз назардан тыс қалмаса екен дейміз. Ал жеке бастың қамын күйттейтін әлгіндей әпенді жобалармен жұмыс істейміз, сөйтіп өз ұпайымызды түгендейміз дейтіндер қатты қателеседі. Өйткені қалың елдің бәрі бірдей айтқанға көніп, айдағанға жүре беретін қараңғы емес. Көзі ашық әлеумет қандай жоба болмасын қалың елмен ақылдасып барып шешілгенін қалайды.

Тегтер: қуаңшылық құрғақшылық мал шаруашылығы мәселе

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 16:19
Шиелі ауданында 3297 жаңа жұмыс орны ашылды
Бифат ЕЛТАЕВА 12:21
Ғибраты мол байқау
Сайт әкімшілігі 08:37
Павлодарда лак-бояу өнімдері қоймасында алапат өрт болды
Сайт әкімшілігі 26.11.2021, 13:30
Қарағандыда тағы бір ферроқорытпа зауыты ашылды
Сайт әкімшілігі 26.11.2021, 12:16
Жезқазған ақыны Қарағандыда өткен республикалық айтыста Бас жүлде иегері атанды
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 26.11.2021, 09:15
Қара алтынның үстінде отырған Қарағандыда көмір қымбат

Аңдатпа


  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    26.10.2021, 11:14
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30