Мемлекеттік тіл мәртебесі қашанға дейін аяққа тапталмақ?

Мариям МАҚСАТ

10.02.2021, 10:18

1343

Павлодар облысында тіл мәселесі өзектілігін жоймай келеді. Орысша шүлдірлеген шенеуніктер, ана тіліне атүсті қарайтын жастар, «кеңестік кезеңде орыс мектептерінде білім алғанымызға біз кінәлі емеспіз» деп, жауапкершіліктен бас ала қашатын аға буын өкілдері жетіп-артылады. Онымен қоймай, өңірдегі кейбір аудан-қала әкімдіктері мемлекеттік тілдің дамуына айтуға ауыз бармайтын мардымсыз қаржы бөледі. Бүйте берсе, солтүстік-шығыстағы аймақта қазақ тілінің көсегесі көгереріне күмән көп.  

Өткен аптаның соңында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Тіл үйренуге талпынған азаматтарды бәріміз қолдайық. Мемлекеттік тілді білетін әрбір азамат қазақша үйренгісі келген досымен, әріптесімен немесе танысымен өз білімін бөліссін», – деген еді. Алайда мемлекеттік тілді үйренуді қалайтындардың болмауы күйдіріп тұр. Қазақ тілінде сөйлеуден қысылып, қымсынып, өздерін «екінші сұрыпты» адамдар сезініп қалатын атқамінерлер аз емес. Ал сайып келгенде, мемлекеттік тілдің дамуы дәл осы мемлекеттік қызметшілерге тікелей байланысты болуы тиіс.

Қайбір жылдары Павлодар облысының әкімдігі «Аппараттық жиындардың барлығын тек мемлекеттік тілде өткіземіз» деп, Айды аспанға бір-ақ шығарып еді. Бірақ бұл «өнерлері» көпке созылмады. Әкімдіктің бұл бастамасын «бәрекелді!» деп қостап болған соң, ұсыныстың «суығы» басылғаннан кейін бұрынғы таз қалпына қайта оралды. Бүгінде облыстық әкімдікте онлайн форматта ұйымдастырылатын жиындардың 90 пайызы орыс тілінде өтетінін әкімдіктің әлеуметтік желілердегі бейнежазбаларынан айқын аңғаруға болады. Көп жағдайда кіріспесі, тапсырма берер қорытынды сөзі ғана мемлекеттік тілде айтылады. Ал күн тәртібіндегі мәселе орыс тілінде талқыланады. Сол бейнежазбаларды шолып шықсаңыз, жиынға қатысушылардың 90-95 пайызы қазақтар. Көккөздерді саусақпен санап алуға болады. Кейде бір ғана өзге ұлт өкілі мен 20 қазақ қатысқан жиындардың өзі ресми тілде өтеді.

Енді мына бір жайтқа тоқталайық. Павлодар облысында үш қала мен 10 аудан бар. Оның 12-сінің басшысы – қазақ. Тек Успен ауданын Николай Дычко басқарады. Оның өзі қазекемдерге үлгі боларлық азамат. Домбырада ойнап, ұлттық шаралардың басы-қасынан табылатыны былай тұрсын, әкімдіктегі жиындарда жасайтын баяндамасының «бісмілләсін» қазақша бастап, «Қайырлы күн, құрметті Әбілқайыр Бақтыбайұлы» деп, облыс әкіміне қарата сөйлеуден жаңылған емес. Ал қазақ шенеуніктері «Здраствуйте, Абылкаир Бактыбаевич» деп орысша зулай жөнеледі.

Статистикалық деректерді алға тартсақ, Павлодар облыстық әкімдігіне қарасты басқармаларда, аудан-қала әкімдіктерінде барлығы 2640 мемлекеттік қызметші жұмыс істейді. Оның 2271-і – қазақ, қалғаны өзге ұлт өкілдері. Шенеуніктердің 86 пайызы қазақ болғанымен, олардың ішінде мемлекеттік тілді еркін меңгергендер ілуде біреу. Мұны жергілікті билік те мойындап отыр. «Мемлекеттік қызметте жергілікті ұлт өкілі басым болғанымен, тіл белсенділері мен азаматтар тарапынан мемлекеттік қызметшілердің өз міндеттері мен қызметін қазақ тілінде жүзеге асырмайтыны туралы көптеген сын айтылады», – дейді облыстық мәдениет, архив ісі және тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Самал Бегалинова.

Сол себепті мемлекеттік қызмет саласында еңбек ететіндер үшін тілді оқытатын тегін курстар ашылды. Соңғы үш жылда 1010 мемлекеттік қызметші қазақ тілі курстарынан өтті. Алайда бұдан кейін ана тілінде сайрап кеткен қандастарымыз жоқтың қасы. Сонда оқыту курстары кезекті көзбояушылық, бюджеттік қаржыны игерудің амалы болды ма деген ойға қаласың.

Бюджет демекші, кейбір аудан-қала әкімдіктерінің мемлекеттік тілді дамытуға бөлген қаржыларын көріп, не күлеріңді, не жыларыңды білмейсің. 2020 жылы мемлекеттік тіл саясатына 74,5 миллион теңге бөлінсе, биылға 81,7 миллион теңге қарастырылған екен. Бұл қаржыға қазақ тілін жаңғыртып, тіл мәдениетін одан әрі арттырып, тілдік капиталды дамыту көзделіп отыр. Әйтсе де Железин ауданы бұл мақсатқа – 956 мың, Аққулы ауданы – 806 мың, Павлодар қаласы бар-жоғы 380 мың теңге ғана жұмсамақ. Мұндай мардымсыз қаражат мемлекеттік тілді дамытуға жете ме? Әрине, жоқ.

Соған қарамастан, Павлодар облысының басшылығы мемлекеттік тілді меңгергендер санын «бақандай» 1 пайызға арттырып, 89 пайызға дейін жеткізбек. Олардың санауы бойынша қазіргі кезде облыс тұрғындарының 88 пайызы, яғни 664 272 адам қазақ тілін еркін біледі-мыс. Бірақ бұл сандардың нақты іспен үйлеспейтінін қарапайым жұртшылық жақсы біледі. «Қайда барсаң да, Қорқыттың көрі» дегендей, қай мемлекеттік мекемеге барсаң да, орысша шүлдірлеген шенеуніктер. Жағдайды жақсарту үшін соқыр тиынның аз-ақ алды болатын қаржы бөлсек, жетіскен екенбіз. Қомақты қаражат қарастырылмаса, облыс басшылығынан бастап, ауылдық әкімдіктердегі қызметкерлерге дейін баяндамасын ресми тілде жасаса, жиындардың 90 пайызы орыс тілінде өтсе, жақын уақытта Павлодар облысында қазақ тілінің мәртебесі артуы екіталай.

Тегтер: тіл мемлекеттік тіл мәселе түйткіл

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 13:15
Дәрігерлер тұрғындарға үндеу жасады
Сайт әкімшілігі 10:48
Қырғызстанда жоғалған қазақстандық қыз өлі табылды
Сайт әкімшілігі 09:24
Еліміздің барлық өңірі «қызыл» аймақта тұр
Гүлжан СЕРІКҚЫЗЫ 30.07.2021, 17:53
Ішкі туризмнің халі қалай?
Сайт әкімшілігі 30.07.2021, 17:51
Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі: мемлекетке сену құқығы
Сайт әкімшілігі 30.07.2021, 17:49
Жаңа кодекс қазақстандықтарды қалай қорғайды?

Аңдатпа


  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39
  • «Жас алаштағы» жасын жылдар
    15.07.2021, 10:58
  • Ташкенттен «Жас Алаш» газетінің түпнұсқасы табылды (видео)
    07.07.2021, 13:15