«Өзбекстан мен Тәжікстаннан келетін жұмысшыларға тосқауыл болмасын!»

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

11.08.2021, 11:57

1312

Кәсіби мамандардың зәрулігіне киліккен Қарағандыдағы құрылыс компаниясының басшылары үкіметке осындай ұсыныс жеткізуге бел байлап отыр. Аталған салада ортаңқол кәнігі шеберлердің тапшылығы нақты экономика секторын тұралатуға алып келуде.Әйткенменкүрмеуі қиын  кедергіге қарамастан, кеншілер шаhарында құрылыс жүріп жатыр. Былайғы жұртқа бәрі дұрыс секілді. Шынтуайтына келгенде, олай емес. «Бас жарылса бөрік ішінде» демей ме? Шарадай басы шақшадай болған аймақтағы кейбір  белді саланың басшылары базар маңындағы «питакты» шарлап, еңбек қолын іздеуге көшкен.

         Қат маманға тарығып отырғандар не дейді?

 Пандемия басталғаннан бері көрші елден келетін халық нөпіріне  шектеу қойылуына байланысты құрылысқа қажет жұмыс күші едәуір бәсеңдеген.

— Тап қазірдің өзінде бізге электр монтаждаушы, кірпіш қалаушы, дәнекерлеуші жетіспейді. Краншы мүлдем тапшы болып отыр. Жақында облыстан бір краншыны жалға әрең тауып алдық. Құрылыс жұмысының ерекшелігі сол – бір маманға бола бүкіл жұмыс тоқтап қалады. Оның кесірі банкротқа ұшыратуы әбден мүмкін, – дейді Қарағандыдағы құрылыс компаниясының директоры Төлеген Әшімов.

      Белді салада мұндай қиындық бұрын да болған. Бірақ білінбеген. Ол кездері қалада құрылыс қазіргідей қауырт емес, бірен-саран жүрді. Бір кездері тапсырысқа зарыққан едік. Соңғы жылдары отандық құрылыс саласының жаңа тынысы ашылды. Еңбек екпіні артты. Әрі урбанизацияның әсерінен халықтың тұрғын үйге қажеттілігі  күрт артты. Бұл жақсы нышан. Алайда экономика секторында туындаған жаңа зардап құрылыс басындағылардың аяқ-қолын матап тұр.

— Біздің өңірге Өзбекстан мен Армениядан келген бірлі-жарым орта саладағы мамандар елдеріне қайтып кетті. Енді қайтпек керек деп бас қатырып отырған жайымыз бар. Тығырықтан шығу үшін бұрынғы заңдар мен бағдарламаларды қайта қарамаса болмайды. Олардың біразына толықтырулар мен өзгерістер енгізіп, жұмыс берушілерге жағдай жасау керек. Мәселен, орта дәрежелі мамандарға жұмыс жүктемесіне қарай жалақы төлеу жөніндегі сметалық норманы алып тастаған жөн. Олай болмаған жағдайда жас мамандарды құрылысқа  шоғырландыру мүмкін емес. Тоқетерін айтқанда, ауыр еңбектің өтемі адал төленгені абзал. Қазір бюджеттік құрылыста істейтіндердің  еңбекақысы төмен. Арнайы мамандық бойынша білім алған жастар жарытымсыз жалақының кесірінен басқа салаға кетіп жатыр.

       Еңсені көтертпей тұрған тағы бір бөгесін бар. Бұдан 2-3 жыл бұрын өзге жұмысшы кадрлармен қатар, құрылыс мамандары да «жұмыспен қамту картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында бюджет қаржысына даярланып келді. Кейін әлгі бағдарламадан құрылысқа қажет мамандар алынып тасталды. Бәлкім, ол уақытта оларға сұраныс туындамауы мүмкін. Енді, міне, осы бағдарламаны қайта жандандыратын кез келді. Егер үкімет біздің сұранысымызды қанағаттандырса, саладағы іріктелген жұмыссыздар мен сырттан келген мигранттарды қосып бірге оқыту керек. Тап қазір облыстағы құрылыс компаниялары  өздеріне қажет мамандарды даярлауға бейілді. Алайда олардың қаржылық тұрғыдан қауқары келмейді, – дейді облыстық құрылысшылар қауымдастығының директоры Нейля Камалова.

  Осылайша кәсіби-техникалық маманның ауадай қажет екенін тілге тиек еткен құрылыс компаниясының  өкілдері «аймақтағы колледждер талапкерлер қабылдау санына шектеу қойып отыр» дейді. Анығына жүгінсек, кілтипан одан емес. Айталық, «2020 жылы еліміздегі колледждерден 203 жас әрлеуші дипломын алып шыққан екен. Бұл мамандарға нарықтағы сұраныс 1600 адамды құраған. Жұмыс берушілер былтыр 815 қалақшы-сылақшы іздеген болса,  олардың орнын  небары 424 жұмысшы басқан. Өткен жылы 1384 тас қалаушы жетіспесе, оның орнын небары 353 маман толтырған. Бір жыл бұрын құрылыс алаңына  330 сантехник қосылса, биыл осындай  800  маман іздестірілу үстінде. Қазірдің өзінде құрылыс нысандарына  615 бетоншы қажет көрінеді. Биыл шықпаса, келер жылғы түлектерге үміт артуға тура келеді. Құрылысшы мамандарын даярлап шығаратын Қарағанды политехникалық колледжі еліміздегі байырғы орта білім ордасы. Оқу орнын жылына 50 түлек бітіріп шығады. Мұндағы студенттер ақысыз білім алады, тегін ас мәзірімен қамтамасыз етіледі. Қынжылыс тудыратыны, осындай оңтайлы мүмкіндік  бола тұра, талапкерлер  құрылысшы мамандығына қызығушылық танытпай отыр.

– Жылда  екі топты талапкерлерге әзер толтырамыз. Жастардың көбі құрылысшының жұмысы ауыр  деп қашқақтайды. Әсіресе өз ұлтымыздың өкілдері одан да құтқарушы болуды құп көреді. Ол мамандыққа бір орынға 3-5 үміткерден келеді. Бозбалаларға  құтқарушыдан гөрі құрылысшының болашағы зор екенін айтамын. Өкінішке қарай, оған баласын  жетелеп әкелген ата-аналар да құлақ аспайды, – дейді аталған оқу орны директорының орынбасары Мүбәрак Хасенов. 

Түптеп келгенде, құрылысшылардың жанайқайына мемлекет мойын бұратын мезгіл келді. Қаржылық дағдарыстан құтқаратын саланы тоқыраудан сақтап қалу үшін үкімет еңбекке қабілетті топты құрылыс мамандығына бағдарлауды қолға алған жөн. Бұл сарабдал сарапшылардың  пайымы.  Қазақстандық қоғамда жұмысшы таптың беделінің төмендеуі, жастарды кабинеттік жұмысқа ынтызарлығын оятудың  салдары шаруашылық істің кежегесінің кері кетуіне әкеп отырғаны жасырын емес.

— Қазақ халқы ұлттық менталитеттен  арылу үшін мемлекет  идеологиялық алғышарттар жасауы керек. Үкімет жастарды мамандыққа тарту тетігін  ойластырғаны абзал. Оның ендігі төте жолы – кеңестік кезеңдегідей оқушыларды мектеп қабырғасынан  мамандыққа бағдарлау жобасын жандандыру болмақ. Мәселен, кейбір дамыған шетелдерде белгілі бір кәсіпке машықтанған адамның  дипломы болмаса да, қабілетіне қарай сол салаға жұмысқа орналасуына  мүмкіндік туғызған. Арнайы комиссия талапкердің қабілетін сынап көріп, кәсібіне сәйкестігін дәлелдейтін сертификат береді. Ал бізде ше? Құрылыс нысанына келген дипломы жоқ хас шеберлерді «арнайы білімің жоқ» деп кері қайтарады. Тығырықтан шығудың келесі тетігі –  құрылыс компанияларына үкімет әлеуметтік пакет ретінде жеңілдік жасаса және жақсы. Осы жоба аясында компаниялар жұмыс күші артық  оңтүстік өңірден  Орталық Қазақстанға тапшы мамандарды іріктеп алуға болады. Жұмыс берушілер келушілерді тұрақты жалақы, жатахқана, үш  мезгіл ас-ауқатпен қамтамасыз етсе, нәпақа таппай жүргендер өздері-ақ іздеп келері шүбәсіз, – дейді экономист-сарапшы Аяпберген Таубаев.

      Бүгінгі заманауи құрылыс технологиясы құрылысшылардан жаhандық  талғамға сай үдеріске ілесуді талап етуде. Ал біздің құрылысшылар өткен ғасырдың проблемасымен қатар, жұмыс күшінің жетіспеушілігіне байланысты зардапқа килігіп отыр. Жұмыспен қамтушылар, арнайы кәсіптік оқу орнын бітірген түлектер мен жас мамандардың 70 пайызы ғана өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасады. Олар арзан еңбек нарығына барғысы жоқ екенін алға тартады. Сала жетекшілері болса проблеманы өз араларында ауық-ауық талқылауда. Сарапшылар мәселе сөзбұйдадан аспаса, отандық құрылыс компанияларының көбі  келместің кебінін киюі мүмкін екенін ескертеді.

Тегтер: экономика инвестиция кедейлік шегі халық нарық

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 16:55
Нұралықтар-қауырт қимыл үстінде
Таңшолпан ҒАЗИЗҚЫЗЫ 17.09.2021, 11:38
Қоқыс та қордалы мәселе
Мариям МАҚСАТ 17.09.2021, 09:13
«Басшымыз күн көрсетпейді»
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 17.09.2021, 08:28
Қарағанды облысындағы мектептерде короновирус қаулап барады
Б.СӘРСЕНБИ 17.09.2021, 04:29
«Балаларға вакцина салынады» деген жалған
Еркежан АРЫН 16.09.2021, 16:30
Қазақстандықтар министрліктердің нормативтік-құқықтық актілерін белсенді талқылауда

Аңдатпа


  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39