Пандемия: біреу өлсе, біреу байыды

Карантин кезінде Шымкентте жемқорлық өршіп кетті

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ

13.07.2021, 17:17

1863

Барлық күш індетті ауыздықтауға, пандемияның салдарынан орын алған экономикалық күйзелістерді еңсеруге, халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруге жұмылдырылып жатқан кезде Шымкентте лауазымды шенеуніктердің «бюджет қаражатын талан-таражға салды», «пара алды», «алаяқтық жасады» деген айыптармен сотталуы жиіледі. Бұл сонда не? «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартадының» кері ме?! Осындай қысылтаяң, өліара шақта қазына қаржысына көз аларту, қолдағы азды-көпті билікті бас пайдасына жарату дегеніңіз тіптен сорақы жағдай емес пе?

        Биыл мегаполисте бас сәулетші қызметін атқарған Жеңіс Байымбетовтің жарты миллиард теңгені «жегені» үшін 10 жылға сотталғанын біз бұған дейін де жазғанбыз. Қазір ел аузында бұл қылмыстық іске қалалық әкімдіктегі жоғары лауазымды қызметкерлердің қатысы болғаны туралы әңгіме желдей есіп тұр. Қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары міндетін атқарушы С.Түзелов мердігер компания өкілінен 60 мың теңге пара алғаны үшін сот үкімімен 3 миллион теңге айыппұлу салу жазасына кесілді. Осы жуырда  қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарған Ернар Мырзақұлов лауазымдық өкілеттіктерін қызмет мүдделеріне қайшы пайдаланып, «бір топ мекемелердің, сонымен бірге  мердігерлердің мүдделеріне аса ірі мөлшерде зиян келтірді», «қызметтік жалғандық жасады» деген айыптармен үш жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл іс былтыр індет өршіп тұрған кезде қаладағы медициналық мекемелерді қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге бөлінген қаржымен байланысты болып шықты.

Жуырда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шымкенттің білім беру саласында сыбайлас жемқорлықтың 23 фактісі тіркеліп, республикада бірінші орынға шыққаны туралы мәлімет таратты (екінші орында 14 фактімен Алматы қаласы тұр). Антикор биыл қаңтарда қаладағы Гагарин атындағы №34 мектептің директоры Жанат Қалтаеваның алаяқтық және парақорлық айыптарымен бас бостандығынан айырылғанын мысалға келтірді.

Шымкент қаласы Еңбекші аудандық сотының шығарған үкіміне қарағанда,  Гагарин мектебіндегі қылмыстық әрекеттер былтыр елде төтенше жағдай жарияланып, мектептер қашықтан оқытуға көшкен кезде орын алған. Мектеп директоры Ж.Қалтаеваның жасаған әрекеті тым шектен шыққандық сияқты. Ол қарамағындағы қызметкерлерін ашықтан-ашық қорқытып, ақша алып отырған. Мәселен, биология пәнінің мұғаліміне сабақты қашықтан өтіп жатқаны үшін ақысыз еңбек демалысына немесе жұмыстан шығарып жіберетінін айтып, қорқыту арқылы 20 мың теңге ақша сұраған. Мұғалімдердің үйде жатып, жалақы алып отырғанын сылтауратқан Қалтаева еңбек пәнінің мұғалімінен 10 мың теңге, денешынықтыру пәнінің мұғалімінен 20 мың теңге,  бас есепшіден 5 мың теңге, инженер-технологтан 30 мың теңге, әскери дайындық пәнінің мұғалімінен 10 мың теңге талап еткен. Ақшаны мұғалімдер директордың айтуымен оның күйеуінің «Kaspi Gold»-ына аударып отырған. Қалтаева бір мұғалімнен «төсбелгі алып беремін» деп, 15 мың теңге алған. Бірақ уәдесін орындамаған. Куәгерлердің айтуынша, Қалтаева «мектеп копилкасы» деген сылтаумен ұжымдағы әр қызметкерден айына 2 мың теңгеден ақша жинап отырған.  Жиналған жүз мыңдаған қаражатты жеке пайдасына жаратқан.

Қылмыстық істе директордың сырқаттанып, еңбекке жарамсыздық парағымен ем алған қызметкерлердің міндетін басқаларға жүктеп, ал оның ақшасын өзі алып отырғаны жөнінде бірнеше эпизод бар. Ол сонымен бірге балаларға тегін ыстық тамақ беруді міндетіне алған жеке кәсіпкердің есепшотына бюджет ақшасын артығымен аудартқызып жіберген. Таңғаларлығы сол – мектеп ұжымы директордың осындай әділетсіздігі мен қоқан-лоқысына ұзақ уақыт бойы төзе берген.  Сонда Шымкенттің білім саласындағы жаңаша әдіс-тәсілдер, ашықтық пен жариялылық, мұғалімдердің арыз-шағымына құлақ түру, келеңсіздіктермен күрес сияқты  тың бастамалар, жақсы жүйелер Гагарин мектебін айналып өткен бе, әлде мұның бәрі де құрғақ сөз, бос ұран болғаны ма? Бұған енді жауапты басшылар тиісті бағасын бере жатар деп ойлаймыз.

Былтыр бала күтіміне байланысты демалыста болған бір ұстаз директорға кіріп, жұмысқа шығатынын айтқан. Директор пара алу мақсатында оның жұмыс орны сақталмағанын, толық жүктеме сағатын бермейтінін, оның орнына үйде оқытатын мүгедек оқушылардың тоғыз сағатын беретінін, осы сағаты үшін алған жалақысын өзіне алып келу қажеттігін айтқан. Мұғалім директордың айтқанымен келіспей, өзінің заңмен сақталатын орнына толық сағат беруді талап етеді. Директор амалсыздан оған  әлеуметтік педагогтың орнын берген. Қалтаева мамыр айында әлгі мұғалімді өзінің қызметтік бөлмесіне шақырып алып, елде төтенше жағдайдың орын алуына байланысты ақысыз еңбек демалысына жібермеу және қудаламау үшін 40 мың теңге пара сұраған. Осыдан кейін мұғалім антикорға барып арызданған. Директор ақшаны алу барысында ұсталды. Сотта ол өзіне тағылған айыптарды мойындамаған. Ол сот үкімімен сегіз жылға бас бостандығынан айырылды. Жасы 58-ге келген, ұзақ жылдық педагогтық еңбек өтілі бар Қалтаеваның құрметті демалысқа емес, темір тордың ар жағына кеткені, әрине, өте өкінішті жағдай.  

Бұл істің ең таңғаларлығы мынада: сот осы қылмыстық іс бойынша Шымкент қаласы әкімінің атына жеке қаулы жолдап, қалалық білім басқармасы басшылығының тәртіптік мәселесін қарауды ұсынған. Қаулыда:

«Сот осы сыбайлас жемқорлық қылмысының орын алуына себеп болған, назардан және бақылаудан тыс қалған, бірнеше жылдан бері осындай тектес қылмыстық құқық бұзушылықтарға жол берген Шымкент қаласы білім басқармасы басшылығының тәртіптік жауапкершілігін шешу, ұжымда талқылау және кемшіліктер бойынша тиісті шара қолдану үшін Шымкент қаласының әкіміне хабарлау қажет деп есептейді», – деп жазылған. Қаулыға қарағанда, судья білім саласындағы қылмыстардың алдын алу, өзгелерге сабақ болу үшін сот актісін Шымкенттегі мектеп директорларының қатысуымен білім басқармасының және Әл-Фараби аудандық әкімдігінің ғимаратында жариялауды мақсат еткен. Алайда білім басқармасы мен Әл-Фараби ауданы әкімдігінің аппараты зал бөлуден бас тартқан. Судья олардың бұл әрекеттерін «сот төрелігін атқаруға кедергі келтіру және сотқа құрмет танытпау» деп қабылдаған.

Білім саласына жетекшілік ететін басшылар Гагарин мектебінде болған жағдайды мейлінше жасырып-жабуға тырысқан сияқты. Шамасы, жайшылықта сырт көзге, тың технологияларға, жаңаша әдіс-тәсілдерге құмар болып көрінетін  шымкенттік шенеуніктер «ауруын жасырған өледі» деген ескі тәмсілді білмейтін болса керек.

Қала әкімі Шымкенттің  білім саласына жетекшілік жасап жүрген басшыларға қандай шара қолданды? Өкінішке қарай, бұл жағы бізге беймәлім.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Арайлым ЕРКЕБАЕВА 16:02
Жазықты сытылып кетсе, жазықсыз соттала ма
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 14:34
Әшірбек Сығай атындағы тұңғыш республикалық театр фестивалі мәреге жетті
Б.ЕРНАЗАР 07:21
Жемшөп Шымкентте дайындалады
Сайт әкімшілігі 18.10.2021, 12:14
Орал тұрғындары үйді бұзуға қарсы наразылыққа шықты
Сайт әкімшілігі 15.10.2021, 17:20
Жаңа заң жобасы қабылданды
М.СӘУЛЕБЕК 15.10.2021, 12:19
Үлкен жолайрық – үлкен қалаларға тән құбылыс

Аңдатпа


  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    10:30
  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31