Қандасты қан-жоса қылды: Полицейге пәрмен жүрмей ме?

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

26.01.2021, 09:31

1589

                       Қылмыс көбейсе, көңілі көркейеді

Келмеске кеткен кеңестік кезеңнің кеңшілігі мен кемелдігін жоққа шығаруға болмас. Зор заманда әр құзырлы орган халыққа қалтқысыз қызмет етті. Әсіресе құқық қорғау органдары азаматтардың өмірін, құқығын қорғауда басын қатерге тікті. Кеңес дәуірінің шекпенінен шыққан буын оны жоққа шығармайды.

Ол заман өтті-кетті, енді оралмайды. Дегенмен совет милициясы қарашаның қорғаны еді. Әлімсақтан айтылған  «Милиция – менің қорғаным» деген қанатты сөз санамызда әлі сайрап тұр. Себебі жүректен шыққан сөз  жүректе мәңгі орнайды. Қош, СССР-ді көксеп, қоламтаны қоздата бермейік. «Артына алаңдағанның адымы алға баспайды» демей ме?  Қазір ХХІ ғасыр.  Зайырлы заң салтанат құратын дәуірді бастан кешудеміз. Егемен елміз. Алайда бүгін полиция десе, шошимыз. Өйткені еліміздегі жүйе солай құрылған. Бізде полицей қылмыскерлер санын қанша ұлғайтса, жоспарын  соншалықты асыра орындады деген қағида қалыптасқан. Бар кілтипан осында. Жалпы, ішкі істер саласына реформа жасаудың «әлқиссасын» жоспарды жоюдан  бастау керек-ау. Солғын жүйені оңтайлауға әлі кежегеміз кері тартып, өркениеттің көшінен кенжелеп  отырмыз. Тура және ауыспалы мағынасында да...

Қандасты қан-жоса қылған кім ?

Былтыр қазан айында Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданына қарасты Тоғызқұдық ауылында тұратын Қағазбай Ақан кісі қолынан өлімші халге душар болды. Қандасымыз 1993 жылы осы елді мекенге Моңғолияның Баян-Өлгей аймағынан қоныс аударып келген. Мінезі біртоға азамат ауыл мектебінде от жағушы болып еңбек етеді. Жеті баланың әкесі. Нарық заманында айлығы шайлығына жетпейтін еңбекақымен күн көру қиын. Қолындағы азын-аулақ малымен отбасының нәпақасын айырып отыр.

Енді жоғарыдағы жайтқа оралайық. Жанымызды жабырқатқан оқиғаны жәбірленушінің өз аузынан есітіп, сағыңды сындырар сұмдық жайтты кейіпкердің сөзімен жеткізу ләзім деп түйдік.

Оқиға былтырғы қазан айында болды. «Көрші ақысы – Тәңір хақысы» демей ме? Ертеңгілік көршім екі күннен бері жылқылары ұшты-күйлі жоғалғанын айтып, өзі шұғыл шаруаға кіріскендіктен, менің қарайлап келуіме қолқа салды. Көршімнің көңілін жықпай, жақын маңды шолып шықтым. Ауылдан 20 шақырым жердегі «Ақмаржан» шаруа қожалығының егістік алқабында іздеген малым алдымнан шықты. Содан жылқылар егістікті тұтас жайпап кетпей тұрғанда алқаптың шетіне ығыстырайын деп, жалма-жан темір тұлпарыммен егістікке еніп, малды айдап шықтым. Кенет бір ер адам көлігімен жетіп келіп, мән-жайды сұрамастан, тарпа бас салып,  тепкінің астына алды. Бірден таныдым. Тоғызқұдық ауылында бұрын учаскелік полиция инспекторы болып істеген С. есімді жігіт. Осы күні Октябрь аудандық полиция бөлімінде жұмысын жалғастыруда. Егістік алқабы оның ата-анасының біріне тиесілі екен. Сонымен, полицейдің соққысынан сау-тамтығым қалмады. Ол аздай, ашуға мінген жігіт менің көлігімнің терезелерін күл-парша етіп шағып тастады. Дымымды ішіме бүгіп  шыдап бақтым. Өйткені ол заң адамы. Құқық қорғау өкіліне қол көтеріп, жауап қайтару әбестік деп ойладым. Мен бар болғаны құқықтық білімім шектеулі қарапайым кісімін.

                                         Іс сотқа түсті

Қылмыстық оқиғаға сот-медициналық сараптама жасалды. Жәбірленуші тараптың өтініші негізінде Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 73-бабының 1-бөлігі, яғни «жеңіл дене жарақатын келтіргені үшін» айыбы бойынша тергеу амалдары жүргізілді. Осы оқиғаға қатысты іс сотта қаралуда. Алғашқы сот отырысы Бұқар жырау аудандық сотында 22 қаңтарда онлайн режимінде өтті. Екінші тыңдау ақпан айында болады.

                 Адвокат соттың ұйғарымына наразы

Жәбірленуші Қағазбай Ақановтың адвокаты Әлібек Өмірбай алғашқы сот отырысында бұрмалаушылыққа жол берілгенін айтады.

– Біріншіден, жәбірленушінің куәгері болмағандықтан, айыпты жауапкершіліктен бас тартып отыр. Болған жайтты ағасы мойнына алды. Екіншіден, жауапкер жақ сотқа жалған куәгерлер әкелді. Үшіншіден, тергеу амалдарында бірқатар күдік тудыратын фактілер бар. Осы наразылығымызды айтып, біз бас прокуратура жанындағы құқықтық статистика және ақпарат орталығына соттағы істі қысқарту жөнінде жазбаша өтініш жолдадық.

Қоғамда резонанс туғызатын даулы мәселеге байланысты облыстың билік өкілдері жақ ашпады. Облыс әкімінің баспасөз хатшысы Марина Шапавалова «қылмыстық іске біз кіріспейміз, құқықтық органдардың жұмысы» деген уәж айтты. Облыстық полиция департаментінің өкілдері де мандытарлық жауап қатпады. Баспасөз хатшысы Бақытжан Құдияров: «Іс сотқа жетті, соңғы нүктені жоғары төрешілер қояды. Біздің құзырымыздағы шаруа емес», – деп, сырғытпа жауап айтып құтылды. Әлбетте, сотқа бағынбайтын  адам жоқ.

Сайып келгенде, істің немен аяқталатыны жұмбақ. Шытырман жайт қашанға дейін  шиыршықталатыны да  беймәлім.

Тегтер: қылмыс адам өлтіру төбелес полиция заңсыздық зорлық-зомбылық

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 11.06.2021, 11:11
Кім кінәлі?: Жауап берсін!
М.СӘУЛЕБЕК 10.06.2021, 17:45
Мегаполис бюджеті 2,7 есеге көбейген
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 10.06.2021, 14:13
Бір дүкеннің маңынан үш күннің ішінде екі мәйіт табылды
Мариям МАҚСАТ 10.06.2021, 12:04
«1 млрд теңгелік ескерткіштің ар жағынан жемқорлық «қылтиып» тұр»
Сайт әкімшілігі 08.06.2021, 16:45
Елордада 49 мектеп аралас тілде, 34 мектеп қазақ тілінде білім береді
Миуа БАЙНАЗАРОВА 08.06.2021, 14:00
Сыр елінің құт-берекесі неге қашып тұр?!

Аңдатпа


  • Кім кінәлі?: Жауап берсін!
    11.06.2021, 11:11
  • Ресей деградацияға ұшырауда
    10.06.2021, 10:33
  • Түнгі жол (Әңгіме)
    08.06.2021, 12:00
  • Жеңсең, жүз атаң табылар еді...
    08.06.2021, 10:30
  • Қазақ тілінде оқымаған бала ұлттың ұлы бола ала ма?
    03.06.2021, 09:02