Қарағанды көшелерінде көктей солған көшеттер көп

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

29.04.2021, 09:27

983

Бұған дейін браконьерлердің балтасына түсіп, бақилық болған талдардың тағдырына алаңдаушы едік. Орман қаскөйлерінің бұл қылығы әлі де  түбімен жойылған жоқ. Енді сол зардапқа көз алдымызда көктей солған көшеттердің көбеюі қосылып отыр. Қыр басына қара алтын шығарып, электр қуатын өндіретін, өркенді өндірістері көптеп шоғырланған қазыналы Қарағанды жасыл желекке көп кенде. Соңғы жылдары шаһарда жасыл желек егу шапағатты шарасы қолға алынды. Бірақ бұл санатқа алынып, айтарға ғана жарайтын іс болып тұр. Осы күні Арқаның самал желімен мың бұралған қарағай, емендердің көбісі қурап қалған, көктеген біразының бойын дерт дендеген. Ажары кетіп,  көктей солып тұрған талдарға  жаның ашиды. Жарықтықтарға жәрдем беретін жан жоқ. Дабыл қағып, бас көтеруі тиіс орманшылар мен табиғат жанашырларының  үні шықпайды.

   Күтім жоқ. Қаржы желге ұшты

         Өзге өңірлерге қарағанда кенді қаланың климаты қатаң. Қарағанды еліміздің өзге аймақтарымен салыстырғанда неғұрлым континентті, жазы ыстық әрі құрғақ, қысы суық, күшті жел соғып тұрады. Оның үстіне жауын-шашын аз жауады. Сондықтан мұнда  әр көшет ыждағатты күтім мен  ғылыми тұрғыдан назар аударуды қажет етеді.  Алайда орашолақ ойлайтын  қоғам талдардың тағдырына  сауатты қадам жасамай отыр. Қарағанды қаласының тұрғыны, блогер Бақтияр Ниқанбайұлы бұл проблеманың етек алуына адами фактордың тікелей әсері бар екенін айтады.

– Облыс орталығының Оңтүстік-Шығыс ауданындағы «Жеңіс» саябағына  жылда жүздеген  жас желек отырғызылады. Бүгінде сол талдардың 30 немесе 50 пайызы жайқалып тұр. Қалғандарының  ахуалы мүшкіл халде. Егушілер тарапынан мүлдем бақылау жоқ. Ал әкімдік табиғат байлығын суару міндетін саябақ әкімшілігінің мойнына іліп қойған, – дейді блогер.

Кенді өлкенің  өзекті мәселелерін бүкпесіз білдіретін Қарағанды қаласы қоғамдық кеңесінің мүшесі Марат Түсіпов:

     – Мәселе қадағалаудан қалған. Мысалы, қаланың оңтүстік-шығыс бөлігіндегі «Магнум» сауда үйінен Күнгей елді мекеніне шығатын  жолдың бойына былтыр  да  жүздеген  ағаш егілді.  Соның көбі  солып қалды. Тамырына ылғал жетпейді, әлде дімкәс болу керек. Әйтеуір,  кәріп күйдегі желектер   әрең тыныстап тұр. Одан әудем жердегі «Тәуелсіздіктің 10 жылдығы» саябағына барсаңыз, бұл арадан да  мүсәпір жағдайға түскен  жас ағаштарды көресіз. Ол жерде су ағызатын насостарға дейін бар. Тек талдарға  жанашырлық танытатын адам қолының жәрдемі  жетіспейді. Менің ойымша, осы істі атқарған мекемеге талдарға кемі 10 жыл қарау міндетін  жүктеу  керек, – дейді.

Көшеттердің күтімсіз қалуының бірінші себебі – қадағалау ісінің қолға алынбауы. Сондай-ақ  егілген талдардың жағдайын есепке алу мәселесі ескерілмеген. Осындай олақтықтың салдарынан ел қазынасынан бөлінген қаржы құрдымға кетуде. Өйткені аталған акцияға жылма-жыл бюджеттен миллиондаған теңге бөлінеді. Қазыбек би ауданының әкімі Нұрлан Рыстиннің мәлімдеуінше, биыл шаһардың ең ауқымды ауданының ашық алаңдарына 15 мың көшет отырғызылады. Бұл жұмысты әкімдік пен  мемлекеттік және жекеменшік субъектілер атқарады.  Мамырдың 1-інде басталатын  шараға қалалық бюджеттен 4 миллион теңге бөлінген. Ал аталған  акцияға  атсалысатын   еріктілер  өз ақшаларын салады. Игі  бастама әбден  қолдауға тұрарлық. Алайда ауадағы зиянды қалдықтарды өзіне тартып, адам мен жануарлар дүниесіне орасан зор пайдалы көмірқышқыл газын бөліп шығаратын «жасыл фабриканы» зардапқа ұрындырып отырған өзіміз.

Жаратылыстану ғылымының маманы Алмаш Мусинаның пайымына жүгінсек, адам баласының  тіршілік тамырын берік етуде қоршаған ортаның ауа алмасуын реттеуде талдың пайдасы  орасан зор. Ғылыми дәлел бойынша бір гектар жерге егілген орман жарты тонна зиянды қалдықты, сондай-ақ 100 келі хлорлы қалдықты, 25 келі фтор мен ауаны ластаушы химиялық элементтер мен қоспалардың 60-80 пайызын  өз бойына сіңіріп алады. Осыны ескерсек, Табиғат-ананың адам баласына жасап жатқан  шарапатына  шала-жансар көзқарас қалыптастырған Қарағанды  атқамінерлеріне қандай шара қолдануға болады?  Ақиқатында, бұл шаһардың бұрынғы билігінің немкетті  тірлігі. Айтпақшы, кеншілер қаласының қазіргі әкімі Ермағанбет Бөлекбаев тал егу міндетін  биыл  әр ауданның әкімдіктеріне жүктеді.  Бұл – жаңа әкім жауапкершіліктен құтылды емес, қадағалауды қарамағындағыларға міндеттеді деген сөз. Бірақ «қосылғыштардың орны өзгергенімен, қосындының мәні өзгермейді» деген қағиданы ескерген жөн.

Тегтер: экология заң айыппұл мәселе тұрғындар

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Заңғар КЕРІМ,арнайы «Жас Алаш» үшін Токиодан 14:32
Грек-рим шеберлері сенімді ақтамады
Ерзия ЕРСҰҢҚАР 12:12
Басты мақсат – сот жүйесіне халықтың сенімін арттыру
Сайт әкімшілігі 02.08.2021, 13:15
Дәрігерлер тұрғындарға үндеу жасады
Сайт әкімшілігі 02.08.2021, 10:48
Қырғызстанда жоғалған қазақстандық қыз өлі табылды
Сайт әкімшілігі 02.08.2021, 09:24
Еліміздің барлық өңірі «қызыл» аймақта тұр
Гүлжан СЕРІКҚЫЗЫ 30.07.2021, 17:53
Ішкі туризмнің халі қалай?

Аңдатпа


  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39
  • «Жас алаштағы» жасын жылдар
    15.07.2021, 10:58