Қаражалдың жері Жаңаарқаның жетегінде кетті: Кім ұтылды?

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

17.08.2021, 16:54

980

Еркін экономикалық аймақ мәртебесінен алынған Қаражал қаласының жер аумағы былтырдан бері  Жаңаарқа ауданының қарамағына өткен болатын. Өз мекендерінен  шаруашылық мақсатқа жер телімін сұраған қаражалдықтар жаңа кедергіге тап болған. Өкпелері қара қазандай  қараша аудандағы жер бөлімінің  шешіміне наразылық білдіріп, жұмысына қанағаттанбай отыр. Шағымданушылар «мәселе осы қалыпта жалғаса берсе,  жер дауы ел дауына  ұласуы кәдік» дейді.

Халық неге ұлардай шулайды?

        Жаңарқа аудандық жер қатынастар бөлімі 9 шілде күні  аудан аумағындағы ауылшаруашылық мақсатқа арналған бос  жерлерге байқау  жариялаған. 97 лот бойынша өткен тартысқа 267 үміткер қатысқан. «Алайда жабық есік жағдайында болатын   байқаудың бұлыңғыр тұсы көп», – дейді «Айзере» шаруа қожалығының басшысы Сексен Сүлейменов.

–  Тұрғылықты жерімнен 14 шақырым қашықтықтағы   «Көп бейіт» аталып кеткен жерден 900 гектар жайылымдық алқап сұрадым. Шаруашылығымның негізгі кәсібі – ірі қара малын өсіру. «Іздегенге – сұраған» демекші, көздеген жерім шырайлы алқап болатын. Нартәуекелге бел буып, картасын сызып, құжатын әзірлеуге кірістім. Жер бөлімінің басшысына  алдын ала  жолығып, жоспарымды айттым. Ол  «байқауға өтініш беріңіз» деп, бірден келісімін берді.  Сайыста жеңімпаз болдым. Бірақ үмітім су сепкендей басылды. Комиссия діттеген жерімнен телім кеспеді.  Істің мәнісіне көз жеткізгенде көңілім су сепкендей басылды. Әділетсіздікке ұшырауыма адами факторлардың ықпалы әсер етті деп ойлаймын. Комиссия алқасы мен көздеген аумақтың өлшемін теріске шығарып, жауырға жаба тоқыды. Мамандар мен сұраған 95-лоттағы 14 шақырымды жылжытып, 20 шақырымға апарып қойған. 

Ақыры не керек, үш жайлаудың ортасындағы ұлтарақтай тастақ жерді беріп, айла-амалдарын асырды, – дейді амалы таусылған шаруа қожалығының жетекшісі. 

         Шағымданушының шымбайына батқан дауға қатысты жер бөлімі басшысының өз уәжі бар.

— Жер телімі қаланың емес, елді мекеннің шегімен есептеледі. Өтініш иесі осыны есепке алмаған. Біз бәрін заң жүзінде шештік, – дейді Жаңаарқа аудандық жер қатынастар бөлімінің басшысы Айдын Құрмашев. Ол сөз арасында өтініш иесі байқау нәтижесі жарияланғанда еш наразылық тудырмағанын жеткізді.

Әлбетте, дауға төрелік айту біздің құзыретіміздегі шаруа емес. Мұндайда әркім өз ақтығын айтып дәлелдеуге тырысады. Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екеніне төрелік айту заңгерлердің үлесіндегі мәселе. Дегенмен «гәп кімнен» деген көлденең сұрақ өздігінен туындайды.

— Шаруагер қауымның бәрі бірдей «Жер туралы» заң талаптарын жетік біле бермейді. Жер алуға бейілдік танытушы қарапайым халықтың танымын ашып, сұранысын қанағаттандыру жер бөліміндегілердің  міндеті болып табылады. Ондағы жауапты мамандарды көбіне орындарынан таппаймыз. Болған күнде де, келушілерге түсіндірме жұмыстарын жүргізбейді. Бұдан кейін ондағы кадрлардың ақпараттық сауаттылығын талап етудің өзі артық. Аудандағы құжат қабылдайтын қызметкерлер сауалымызға «бар», «жоқ» деген сөзден басқа тіл қатпайды.

Көбіне түкке тұрғысыз бір құжат үшін қияндағы Қаражалға бірнеше қайтара баруға тура келеді. Сарсаңға салатын тілдей қағаздың соңында  кем дегенде 5-6 күн жүреміз. Қаражал  мен Жаңаарқаның  арасы 110 шақырым жер. Бұл дәрменсіздің күйін кешіп жүрген  шаруаларды жол мехнатына шалдықтырып, қаржылай қыспаққа салуда, – деп ашынды  Қаражал қаласының тұрғыны Текебай Қарсабаев.

Мұндағы халықтың айтуынша, ауылшаруашылық жерлерін бөліске салудың соңы ел арасында дүрдараздық туғызатын  көріністер туғызары хақ. Алауыздыққа жол бермеу үшін «Жер  туралы» заң бабына өзгеріс енгізу қажет. Экономист-сарапшы бұл ойды былай сабақтады:

— Еліміздегі қазіргі заң талабы бойынша азаматтарға жер телімін беру жабық жағдайда қаралады. Шикілік осында болып тұр. Осыдан кейін комиссия өкілдері бұра тарту әдісіне жол бермейді деп айту қиын. Әр өтініш иесінің құжатын қарау, талқылау, пікірталас өрбіту процестері  ашық алаңда өтпегендіктен, әлбетте, ағаттық орын алады. Мәселен, жер  соя өсіруді сұрағанға емес, шаруа қожалығын құру мақсатына аламын дегендерге беріліп жатады дегендей. Сондықтан халық шаруашылығына пайдасы мол, ел экономикасына анағұрлым тиімді, өміршең жобалардың сұранысын қанағаттандырған жөн. Осы істі құп көрсек, келешекте  жер бөлу комиссиясының  отырысын онлайн жүйеге көшіріп, ютуб желісіне қою керек. Сонда ел сеніміне селкеу түспейді, – дейді  экономика ғылымының докторы, профессор Аяпберген Таубаев.  

      Ендеше, ғалым айтқандай, жүйенің қасаң қағидалары түбірімен өзгермейінше, жер дауы бітіспес тартысқа ұласа бермек.

Тегтер: жер реформа комиссия ереже өкім

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Миуа БАЙНАЗАРОВА 08:40
Әділхан ЖӨЛЕКЕШОВ: Оқушыларымыз карантиндік талапқа сай білім алуда
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 20.09.2021, 18:23
Қарағандыда құрылыс басында қазалы жағдай орын алды
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 20.09.2021, 16:55
Нұралықтар-қауырт қимыл үстінде
Таңшолпан ҒАЗИЗҚЫЗЫ 17.09.2021, 11:38
Қоқыс та қордалы мәселе
Мариям МАҚСАТ 17.09.2021, 09:13
«Басшымыз күн көрсетпейді»
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 17.09.2021, 08:28
Қарағанды облысындағы мектептерде короновирус қаулап барады

Аңдатпа


  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39