05.08.2021, 09:18
2066
Қызылорда облысында біраздан бері шу болып тұрған бір мәселе бар. Ол – Арал қаласында салынуы тиіс кальцийленген сода шығаратын зауыт. Бірі «қажет» десе, бірі «өңірдің онсыз да экологиялық мәселесі ушығып тұрғанда мұндай зауыттың тигізетін зияны тіптен көп» деседі. Әсіресе экологтар ұлардай шулап жатқан жайы бар. Бірақ облыс әкімі жұрттың пікіріне пысқырмайтын секілді. Қалайда зауыт құрылысын бастап кеткісі бар. Бәлкім, зауыт салып, бәленбай жүз адамды жұмыспен қамтамасыз етемін деп уәде беріп, халық арасында түсіп кеткен беделін көтергісі келетін шығар.
Осы аптада «Күлтөбенің басында күнде кеңес» өткізіп үйреніп қалған облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова «Кальцийленген сода шығару зауыты» жобасы бойынша бастамашы «Арал Сода» ЖШС және «Чайна Гонконг Лунцзи Интернэшнл Груп.Лтд» гонконгтық компаниясының өкілдерімен кездесу өткізді. Кездесу барысында аймақ басшысы жобаның экономикалық, әлеуметтік және экологиялық мәселелеріне назар аударуды тапсырды. Айта кетерлік жайт, жоба бастамашысының құрылтайшысы – тұз нарығында 90 жылдан астам тәжірибесі бар, Қазақстандағы ірі кәсіпорындардың бірі – «Аралтұз» АҚ.
Бүгінде елімізге жылына 420-450 мың тонна кальцийленген сода өнімі Ресей және Өзбекстан елдерінен импортталады, яғни 43,1-46,2 млрд теңге сыртқа кетеді деген сөз. Егер де зауыт іске қосылып жұмыс істей бастаса, осыншама қаржы елде қалатын көрінеді.
Жиында облыс әкімі жобаның экономикалық тиімділігін бірнеше бағыт бойынша тарқатып берді:
– Біріншіден, экономикалық жағынан алғанда зауыттың қуаттылығы жылына 300 мың тоннаны құрайды. Нәтижесінде ішкі нарықтың 75 пайыз қажеттілігін өтейтін импорт алмастырушы және бәсекеге қабілетті ірі өндіріс орны құрылады. Сонымен қатар 300 мың тонна кальцийленген өнімнің қаржылай мәндегі құны – 30 млрд теңге сыртқа кетпей, өзіміздің Арал ауданында қалатын болады. Жобаны іске асыру үшін 100 млрд теңгеден аса инвестиция тартылады. Екіншіден, әлеуметтік жағынан алғанда зауыт 700 жаңа жұмыс орнын және сервистік компанияларда 500-ден аса жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Облыс әкімі кездесуде жоба бастамашысына құрылыс кезінде пайдаланылатын материалдардың қазақстандық мазмұнда болуын, кадрлардың жергілікті жерден алынуын тапсырып, салық базасын кеңейтуді тапсырды. Облыс әкімінің айтып отырғаны жақсы-ау. Халықтың көңіліне қонады. Алайда тумаған сиырдың уызынан дәметіп отырмыз-ау, осы. Бұлай деуіміздің де себебі бар. Өйткені бұдан бұрын шыны зауыты ашылған. Бірақ ол қазір қайда? Өнім шығарып жатыр ма, жоқ па? Мұны әкім де, оның маңайындағылар да айта алмайды. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың шыны зауыты туралы ләм деп ауыз ашқанын көрмедік. Демек, ел арасында үлкен шу тудырған кальцийленген сода шығаратын зауыт та соның кебін кимесіне кім кепіл?!
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР