Қазыбек би әділетті талап етеді

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

02.09.2021, 19:41

1433

Қазақ даласындағы ажал аждаhасы атанған Семей полигонының жабылғанына  күні кеше 30 жыл толды. Еліміздің еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі осы мерейлі датаға орай, Семей полигоны аймағында тұрған 5,2 мың қазақстандыққа бір реттік ақшалай көмек берілетінін хабарлады. Алайда қырық жыл атом апатының зардабын тартқан  Қазыбек би (бұрынғы Егіндібұлақ) ауылының тұрғындары жаңа жәрдемақының  қолға тиетініне күмәнді. Себебі бұған дейін осындай әлеуметтік жеңілдік желге ұшқан.  Ядролық сынақтың қасіретін көрген елді мекен жұртшылығы барлық жеңілдіктен шеттетілген. Қуатты қарудың құқайын тартқан дімкәс жандарды емдеу, оларды сауықтыру шаралары назардан тыс қалған.

Талай жанның өмірін жалмап кеткен Семей ядролық полигоны алып жатқан жер көлемінің 7 пайызы Қарағанды облысының аумағына тиесілі. Кезінде қауіпті аумақпен шектесетін Қарқаралы мен Егіндібұлаққа экологиялық аймақ мәртебесін беру қажеттігі туралы мәселе талай рет көтерілді.  Қос өңірдің бірқатар жері жоғары радиациялық жағдайда деп белгіленді. Жартысы ондай талапқа жатқызылмады. Бұның өзі халыққа әлеуметтік тұрғыдан  көмек көрсетуге бөгет болды. 1991 жылы Назарбаевтың «Семей ядролық сынағы аймағындағы халыққа әлеуметтік қолдау көрсету туралы» жарлығына орай, республикалық қазынадан өтемақы төлеуге үш мәрте қаржы бөлінді. Оның алғашқысы жырымдап өтелді де, соңғы екеуі жұмбақ жағдайда құмға сіңген судай ізім-қайым жоғалды.

– Қателеспесем, 1989 жыл  еді.  Ол кезде еліміздегі валюта айналымында Ресей рублі болатын. Біздің ауданға 9 миллион сом аударылды. Аудан басшылары халықты жинап,  полигон өтемақысын бөлуді талқылау жөнінде  кеңес өткізді. Сол жиында алғашқылардың бірі болып мінбеге көтеріліп,  ел қазынасынан берілген қаржыны шашау шығармай,  әр отбасының мүшесіне тең әрі әділетті төленуі керек деген пікір айттым. Менің уәжімді  қостаған ауылдастарымның  қарасы қалың болды. Өкінішке қарай, ел үміт артқан  қаржы ұшты-күйлі зым-зия жоғалып тынды. Құрдымға кеткен қомақты қаражаттың қайда кеткені белгісіз.  Бұл сол кезде ауданды басқарған  марқұмдардың сүйегіне сіңіп кеткен құпия болып қалды, – дейді ұзақ жыл Егіндібұлақ ауданының білім бөлімін басқарған зейнеткер ұстаз Төлеген Арконов.

Осы мәселеге байланысты ілгеріде бізге сұхбат берген Қазыбек би ауылындағы «Невада – Семей» қозғалысының мүшесі  Төлеутай Әбілдин көзі тірісінде мынадай мәлімет келтірген еді: «Қарқаралы және Егіндібұлақ ауданына бірінші рет 21 миллион сом бөлінді. Егіндібұлаққа 9 миллион сом берілсін делінді. Мен комиссияның төрағасы болдым. Келесі жылы екі ауданға тағы 22 миллион 500 мың теңге төленетін болды. Сол ақша Қарағандыға келген. Протоколдың нөмірі бар еді. Қаржы әлеуметтік банкке түсті. Кезінде онымен ОБХСС айналысты. Қарағандыға келісімен жоқ болу себебін айтып, бас прокуратураға жаздым. Кейін маған  «уақыт өтті, табу қиын» деген хат келді», – деген еді қария. Содан бері арада жиырма жылдан астам уақыт өтті. Айтылған мәліметті пысықтап сұрау мүмкін емес. Өйткені спикер Төлеутай Әбілдин  марқұм болып кетті. 

    Заңдық күші жойылмаған  куәлікке заң жүрмейді

 Қазыбек би ауданы халқына 1992 жылы «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтың салдарынан зардап шегушінің жеңілдіктері мен өтемақы алу құқығын растайтын» куәлік берілген. Заң аясында бекітілген куәлікте «полигонда болған және Қазақстанның басқа жерлеріне көшіп кеткендерге мынадай жеңілдіктер беріледі» деп  айқын жазылған:

1. Жеңілдікті шарттармен зейнетақы алу.

2. Еңбек өтілін есептеу бойынша жеңілдіктерді иемдену.

3. Қосымша еңбекақы және жыл сайынғы қосымша ақылы еңбек демалысын алуға құқылы.

Ресми құжатта осы баптар тайға таңба басқандай  көрсетілген. Алайда  оның орындалысын  облыстық деңгейдегі бірде-бір жұмыс беруші жүзеге асырмай отыр.  Талапты іске асыруды сұраған  шағымданушының тілегін жоғары заң шығарушы органдағылар кері қайтарған.

— 2000 жылға дейін аудандағы жұмыс орным  осы талаптардың барлығын орындады. 2001 жылы облыс орталығы Қарағандыға көшіп келгенімде жұмыс беруші тарапынан қарсылыққа кезіктім. Бірақ зайырлы мемлекеттің азаматы ретінде өз құқымды қорғауды қолға алдым. Жұмыс істеп жүрген мекемеден бұрынғы полигон аймағының тұрғыны ретінде жалақыма ай сайын 10 пайыз өтемақы төлеуді сұрадым. Олар өтінішімді қанағаттандырмаған соң,  аудандық, облыстық, тіпті жоғарғы сотқа дейін талап арыз  түсірдім. Алайда соттан «қазір полигон аймағында тұрмайсыз,  сондықтан өтемақы төленбейді» деген бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай жауап алдым. Тек менің құқымды заңның орындалысын қадағалайтын орган – прокуратура ғана қорғап, әділетті шешім шығарды. Бірақ алдыңғы соттың шешімі жолды кесіп, тізе бүктіріп тұр. Бүгінде қызым екеуміздің  алашақ өтемақы мөлшеріміз 4 миллион теңгеге жетті.   Бір қызығы,  куәлікте көрсетілген бап әлі заңдық күшін жойған жоқ.  Сонда, кім кімнің мүддесін көздеп отыр? – дейді қауіпті аймақтың залалын көрген кейіпкеріміз Төлеген Жұмашұлы.

       Атом аймағында қалған ауыл тұрғындары да заңды өтемақының төленуін табандап талап етуде.

— Қазыбек би ауылында тұратын халық шөміштен қағылып отыр. Ақиқатында, біздің өңір  полигон айлағына жақын жерде орналасқан. Қолымызда қауіпті аймақ тұрғыны екенімізді айғақтайтын куәлік қана бар. Жалақымызға бір тиын қосылмайды, ешқандай жеңілдік көрмедік. Жанға батарлығы сол – іргедегі Абыралы және Доғалан елді мекенінің  халқы зейнеткерлік демалысқа ерте шығады, – дейді Қазыбек би ауылының тұрғыны Еркебұлан Сексенов.

Тоқтау салынған сынақ аймағының зиянды зардаптары би баба атындағы ауылда әлі де жетіп-артылады. Күні бүгінге дейін мұндағы ел арасында қатерлі ісік, қаназдық, қан қысымы, жүрек ауруы кемімей тұр. Қалтаны қағып, тұрмысты тұралатын ауыр сырқаттар енді балалар арасында дендеп барады.  Дімкәс жандарды емдеу, оларды сауықтыру шаралары жабулы қазан күйінде қалды. Бұл жайында парламент  мәжілісінің депутаттары жақ ашпайды. Семей антиядролық қозғалысының басшысы, ақын  Олжас Сүлейменов ел алдындағы аманатын өтеген соң, бұл мәселе күн тәртібінен түскендей әсер қалдырады. Сонда, қынадай қырылғандар мен жазылмас дерттің азабын арқалап жүрген  қандастарымыздың тағдыры үкімет басындағы шенділерді емес, ақын-қайраткерді ғана толғандырғаны ма?

Тегтер: полигон зардап өтемақы төлемақ мәселе

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Тоқтар ҒАБДРЕШҰЛЫ 15:00
Оралда көкөніс өсіру тиімді бизнес
Миуа БАЙНАЗАРОВА 08:40
Әділхан ЖӨЛЕКЕШОВ: Оқушыларымыз карантиндік талапқа сай білім алуда
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 20.09.2021, 18:23
Қарағандыда құрылыс басында қазалы жағдай орын алды
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 20.09.2021, 16:55
Нұралықтар-қауырт қимыл үстінде
Таңшолпан ҒАЗИЗҚЫЗЫ 17.09.2021, 11:38
Қоқыс та қордалы мәселе
Мариям МАҚСАТ 17.09.2021, 09:13
«Басшымыз күн көрсетпейді»

Аңдатпа


  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39