Қоқыс та қордалы мәселе

Таңшолпан ҒАЗИЗҚЫЗЫ

17.09.2021, 11:38

928

Күнделікті өмірде қоқыс жәшігіне тасталған қалдықтардың әрі қарай қайда кетіп, қандай мақсатта жаратылатыны туралы сұрақ адамдарды көп толғандыра бермейді. Ал бүкіл әлем бойынша күн сайын 3,5 миллион тоннадан астам қоқыс шығарылады. Оның тек мардымсыз бөлігі ғана қайта өңдеуден өтсе, қалған басым бөлігі қоқыс орындары мен мұхитта есепсіз қор ретінде жинала береді. Ғалымдардың болжамынша, ондаған жылдар өткеннен кейін адамзат күніне 11 миллион тоннадан астам қоқыс шығаратын болады.

Демек, бүгінгі таңда адамзатты қоқыс мәселесіне қатысты басты ойландыруы тиіс сұрақ – қалай қажетсіз затты пайдалы бұйымға, қоқысты ресурс көзіне айналдыру. Әдетте санамызда тығырықтан шығудың жолы ретінде қалыптасқан қоқысты өртеудің де – зиянды заттардан, олардың ауаға бөлінетін қосылыстарынан қорғамайтыны анықталған. Бұл тығырықтан шығар жол бар ма? Әлем елдеріндегі түрлі мемлекеттерде бұл мәселе  оңтайлы шешімін тапқан. Мысалы, ірі мегаполистер Нью-Йорк және Сан-Франциско тұрғындары өз тұрмыстарында zero waste (қоқыссыз) бағдарламасын бастаған. Атаулы бағдарлама қоқыс мөлшерін азайтуға және оны қайта өңдеу барысындағы пайызын арттыруға бағытталған.

Ал Амстердамда тұрақты түрде жұмыс жасайтын қоқыс өртейтін бірнеше зауыт жұмысының қарқындылығы сондай – мұнда көрші Ұлыбританиядан да қоқыс тасылады. Себебі ол жақта мұндай зауыттар жоқ, ал егер голландық кәсіпорындар тек өз қалдықтарын өртесе, өндіріс мүмкіндігінің жартысын ғана қолданар еді. Нидерланды дүкендері пластик пакеттерден бас тартып, биологиялық пластикке көшті, себебі бұл өнімдер алдыңғы қолданыста болған құралдарға қарағанда жылдам, небәрі екі-үш жылда ғана ыдырайды. Бұл елдегі ең басты мәселе химиялық қалдықтар емес, органикалық қоқыстар болып отыр. Әлем елдерінің бірқатары үзім нанға зар болып отырған күнде голландықтардың қоқысқа тағамды көп тастайтындары сондай – тек нанның өзін есептегенде 400 мың бөлке күресінге жіберіледі.

Тағамға қатысты мұндай мәселе Нидерландыда ғана емес, сатылмай қалған өнімді жоюға міндеттейтін заң қабылдаған көптеген елдердің тәжірибесінде бар. Демек, қолданыстан шыққан пластик, полиэтилен сияқты түрлі химиялық қоқыстарға қарағанда жарамсыз болып, рәсуаға айналған ас мәселесі де даулы тақырыпты ушықтырып отыр. Әр ел аталмыш мәселені өз мүмкіндігінше шешуге тырысады, алайда әлем ғалымдарының пікірі бойынша егер бүгін ешқандай қадамдар жасамасақ, келесі буын қоқыс толған ғаламшарда өмір сүреді.

Ғаламды толғантқан күрмеулі мәселе Қазақстанды да айналып өткен жоқ. Елімізде жыл сайын 5 миллион тоннадан астам қалдық шығарылатынын ескерсек, олардың нендей мақсатта, қайда, қалай жаратылып жатқанына зер салуымыз заңды. Бір ғана Алматы қаласының өзінде жыл сайынғы қоқыс көлемі миллион тоннаға жуықтаса, Нұр-Сұлтанда 300 мың тоннаға жақындайды. Жалпы, қоқыс көлемінің 5 пайызын қайта өңдегеннің өзінде, адамдар шығаратын қалдықтың 95 пайызы арнайы қоқыс полигондарында немесе заңсыз қоқыс орындарында жылдап жинала береді. Бұл үрдіс осы қарқынмен жалғаса беретін болса, болашақта өз қалдықтарымызға өзіміз тұншығатын уақыт келері анық. Оған қоса, бүгінгі таңда қоқыс полигондары көп жағдайда арнайы оқшаулау жабынымен, қалдық суларды жинау және қайта өңдеу жүйесімен жабдықталмаған. Әйтеуір, қоқыс полигоны деген желеумен айналасы қоршалып, ортасы қызылды-жасылды, күн түссе шағылысатын үйінділерге толған.

Қоқысты бөлектеп жинау мәселесін Қазақстан енді ғана қолға алып келе жатыр. Үлкен қалаларда тәжірибе ретінде пластик, әйнек және тағы басқа қалдықтарды іріктеп бөлек салатын түрлі түсті контейнерлер қойылды. Әрине, Қазақстандағы қоқысты ауқымды қайта өңдеу жұмыстары туралы сөз қозғауға ертерек. Ең алдымен қоғам, азаматтардың санасында жаһандық экология, таза ауа және соған жауапкершілік түйсігін қалыптастыра білуіміз керек.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 12:14
Орал тұрғындары үйді бұзуға қарсы наразылыққа шықты
Сайт әкімшілігі 15.10.2021, 17:20
Жаңа заң жобасы қабылданды
М.СӘУЛЕБЕК 15.10.2021, 12:19
Үлкен жолайрық – үлкен қалаларға тән құбылыс
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 15.10.2021, 08:25
«Мұнайдың үстінде отырып мұнайға жарымаймыз»
Еңлік АРЫҚБАЙ 15.10.2021, 08:23
Мектеп құлап жатыр: рас па?
Сайт әкімшілігі 14.10.2021, 12:01
«Атамекен-Түркістан» микро қаржы ұйымы алғашқы жобаны қаржыландырды

Аңдатпа


  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29