24.08.2021, 14:00
1125
Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданының бір топ шаруа қожалықтары суға қаздырған құдықтары үшін мемлекеттен тиесілі субсидияны ала алмай отырғанына үш айдан асып барады. Электронды тәсілмен құжаттарын түгелдеп тапсырса да, әлі күнге «қаралуда» деп тұрғанына шаруалар наразы.
Аудандағы 22 қожалық биылғы мамырда құдық қазуға, бау-бақшаны тамшылатып суаруға кіріскен. Өз қаржыларын іске салған олар жұмсалған шығынның 25 пайызын жабуы тиіс субсидияны күтіп, алақандарын ысқылап жүріпті. Бірақ субсидияға жауапты оператор – облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы, міне, күз маусымы келіп жетті, тым-тырыс жатқан көрінеді. «Себебін сұрағандарға жарытып жауап беруге жарамай отыр, ананы-мынаны сылтауратып шығарып салады. Шаршадық. Үкіметтен берілуі тиіс, бізді қолдау үшін бюджетте тұрған қаржыны игере алмайтын басқарманың немен айналысып отырғанын түсінбедік», – деп отыр ашынған қожалық иелері.
Кәсіпкер Еркебұлан Әжікенов малына 4 млн теңгеге екі құдық қаздырған. «Құдықтардың тереңдігі – 50 метр, әр текше метріне мердігер мекеме 35 мың теңгеден алды. Насостар мен генераторға тағы 500 мың теңге жұмсадым. Осы қаржының 25 пайызын кері қайтарса 1 млн теңге болады. Аз ақша емес. Мамырда құжат тапсырдық, бюджетте ақша тұр дейді. Алайда көзбен көріп, қолымызға ұстаған жоқпыз», – дейді Еркебұлан.
Тағы бір фермер – Нұрлан Жұмашев бақша өсіру үшін тамшылатып суару жүйесін жаңалауға қалтасынан 9 млн теңге қаржы салған. Жаздың басында 3,6 млн теңге инвестсубсидия аламын деп жоспарлағанымен, есепшотына миллион түгіл, мың теңге де түспепті.
«Бюджетте ақша бар, енді неге субсидия берілмей тұр?» деген сауалмен ауыл шаруашылығы басқармасын бетке алдық. Естіген жауабымыз жаға ұстатты. «Бақсақ бақа екен» демекші, басқармада құдықтарды қарайтын көшпелі комиссия әлі құрылмаған (!). Басқарма басшысының айтуынша, комиссия құрамына кіруге ынталы ҮЕҰ өкілдері тапшы. «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы облыстық филиалының өкілдері комиссия құрамына кіруден бас тартқан. Басқармада құдықтарды тексеретін су саласы маманы жоқ. Сол себепті басқарма басшысы субсидияны заңсыз төлеуден қорқады.
Біздің ойымызша, мұндай әрекет тиісті органдар тарапынан қылмыстық құлықсыздық ретінде қаралуы тиіс. Бюджетте ақша бар, шаруаның құжаты түгел. Енді жауапты мекемеде комиссия құрылмаса кім кінәлі? Әрине, басқарма кінәлі. Ендеше мәселе тез арада шешімін тауып, бассыздыққа жол берген басқарма басшылығы қатаң жауапкершілікке тартылуы тиіс.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР