Құтқарушыларды кім құтқарады?

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

09.07.2021, 08:43

1338

«Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады» деген рас. Шілденің шіліңгір ыстығы келгелі аймақта осындай жағдай орнықты. Өңірде  дес бермейтін  өрт апатымен қатар, суға кету жағдайы да жағаласып тұр. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметіне қарағанда,  шілденің 6-сынан бастап  суға  сүңгіген 11 адам жағаға оралмаған. Ажалын судан тапқандардың сегізі ересек, қалған үшеуі балалар. Кеше кешкі сағат 18-де «Көгілдір тоғандар» ықшамауданындағы көлге шомылуға барған нілдей жас жігіт суға кетті» деген  ресми мәлімдеме тарады. Осымен қаралы хабар саны 11-ге жетті. Шомылу маусымы енді басталды. Ал өңірдегі жағдай осындай. Гәп неде?

                                            Тасты су қажайды

         ­– Өткен аптада Балқаш көлінде тынығып келдік. Жан сақтаудың амалын іздеген мұқым жұрт көл бойына жиналғандай. Аптап ыстықта айдын көлде шомылғанға не жетеді? Бала-шағасымен қоса,  жора-жолдастарын ертіп, топталып келушілер қатары аз болмады. Жағада достарымен әңгімеге қызып, балаларын қараусыз қалдырған бір   ата-ана баласының амалын бағып отырдым. Жағадан сытылып, суға күмп етіп түскен алты жастың шамасындағы ер бала ерке толқынның соңына еріп,  көз алдымда тоқтаусыз зулап жүзіп барады.  Кенет жас өскін ұзай жортып тереңге бой алдырғанда, менің жан даусым шығып кетті.  «Кетті!» деп, саусағымды судағы балаға қарай нұсқап, айқай салдым. Біздің  постыда құтқарушы жоқ екен. Сол жолы баланы періштесі қағып, әкесі судан аман алып шықты, – дейді Риза Сәрсенова.  

         – Суға түсушілердің дені сақтық шараларынан бейхабар. Сөйте тұра, сүңгуге тәуекелге бел буып келеді. Рас, Балқаш көлінің бойында құтқарушылар көп емес. Өзгені қайдам, біз шомылған постыдан оларды байқамадым. «Су – тілсіз жау» деген бекер  айтылмаған. Қасіретке шалдықпай, үйге аман-сау оралғанымыз олжа деп отырмыз, – дейді қарағандылық Есенқұл Елемесов.

         Кенді өлкеде судан құтқарушылар тапшылығы өзектілігін жоймай тұр.  Суға шомылу маусымы басталысымен жылма-жыл осы проблема көлбеңдеп  алдан шығады. Сала жетекшілері  мәселе осылай сөзбұйдаға салына берсе, енді 2-3 жылда құтқарушылар саны тоқырап тынары әбден кәдік екенін жасырмайды.

                               Аман қалудың жолы қандай?

       Осындайда құтқарушы іздеп, қайраңға шыққан балықтың күйін кешкен жұрттың жоғын қалай жабуға болады деген ой қылаң береді. Бұл орайда, сарапшы Азамат Тіріжановтың уәжіне құлақ асуға тура келеді.

         – Мәселен, шетелдерде шомылуға рұқсат етілген  жағажайдағы әр постыда темірмен бекітілген, арнайы есігі бар «құтқару стендтері» жабдықталған. Беті шынымен көмкерілген стендтің ішінде кемі  3-4 құтқару дөңгелегі ілініп тұрады. Әлгі дөңгелектің салмағы ауыр емес, балалар да көтере алады. Оны су бетіне лақтырғанда 20-30 метрге дейін жетеді. Егер қарақшылар қолды етеді деген күдік киліксе, стендтің төбесіне бейнебақылау камераларын орнатуға болады. Еліміздегі судан құтқарушылардың жетіспеушілігінен, ең болмағанда осы амалды қолданып, шыға тұруға болады, – дейді ол.

    

                       Құтқарушылар жұмыстан  кетіп жатыр

         Судан құтқарушы мамандардың тапшылығына әкеліп отырған басты қиындық – жалақылары төмен. Ауыр әрі қауіпті  еңбектің өтілі қанша дерсіз?  Ендеше сала басшыларынан естиік: «Небары 55 мың теңге. Түнгі кезекшілікке түскен кездері қолдарына  80 мың тиеді. Колледжді бітірген, кәсіптік білім алып келген жас маманның айлығы осындай. Жоғары білімі бар құтқарушылардың еңбекақысы 70 мың теңгенің мұғдарында. Ең қиыны – судан құтқаратын сардарларымыз 63 жасында зейнеткерлікке шығады. Бұл мәселе де қынжылтпай қоймайды. Өзінен гөрі өзгенің өмірін құтқаруға бас тігетін жанкешті жандардың жағдайы қазір қандай күйде екенін жарытымсыз жалақымөлшеріне қарап-ақ аңғара беріңіз. Айлықтары шайлығына жетпейтін мамандар қай жағынан салыстырып қарасаңыз да, өрт сөндірушілер мен полицейлерден бір мысқал да кем емес. Сөйте тұра, әлеуметтік және қаржылай қолдау тұрғысынан көп кенже қалып отыр.

      Бүгінде біздің  қарамағымызда небары алты құтқарушы бар. Биыл оның біреуі зейнеткерлік демалысқа шығады. Талап бойынша олардың саны 14 -ке жетуі керек. Сары алтындай сақтап отырған әлгі мамандарымыздың  арасында жасындай жарқылдаған жастар жоқ. Дені 50-ді еңсерген және егде тартқан жандар. Биылдың өзінде оқытып-тоқытып тәрбиелеген сайдың тасындай іріктелген алты жігіт жұмыстан кетті», – дейді  қынжылыс білдірген Балқаш қалалық судан құтқару бөлімшесінің басшысы Дархан Қуанбаев.

         Сананы тұрмыс билеген заманда құтқарушылар да құтқарушыға зәру. Осы күнге дейін  саланы басқарған бірде-бір министр сірі жанды мамандарға көңіл аудармай кетті.  Оларды тығырықтан алып шығудың жалғыз жолы –  ауыр әрі қауіпті еңбектің өтіліне сай жалақы төлеу. Құтқарушыларды енді бұл мехнаттан қай министр арылтады екен?

Тегтер: қызмет мансап мәселе құтқарушылар

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 12:14
Орал тұрғындары үйді бұзуға қарсы наразылыққа шықты
Сайт әкімшілігі 15.10.2021, 17:20
Жаңа заң жобасы қабылданды
М.СӘУЛЕБЕК 15.10.2021, 12:19
Үлкен жолайрық – үлкен қалаларға тән құбылыс
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 15.10.2021, 08:25
«Мұнайдың үстінде отырып мұнайға жарымаймыз»
Еңлік АРЫҚБАЙ 15.10.2021, 08:23
Мектеп құлап жатыр: рас па?
Сайт әкімшілігі 14.10.2021, 12:01
«Атамекен-Түркістан» микро қаржы ұйымы алғашқы жобаны қаржыландырды

Аңдатпа


  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29