31.08.2021, 15:56
812
Шаруа адамының жылдағы басты уайымы – малына жеткілікті жемшөп дайындау. Өкінішке қарай, қуаңшылыққа байланысты шөптің шығымы төмендеп барады. Мысал ретінде Маңғыстау мен Қызылордадағы биылғы мал қырғынын атасақ та жеткілікті.
Сулы-нулы өңір саналатын Батыс Қазақстанда бұрын бұл бас қатыратын мәселе емес-тұғын. Жайық тасып, қала берді, Қараөзен мен Сарыөзен суға толып, жүздеген көлден жайылмаға шыққан су шабындықтың шырайын кіргізетін. Маусымның басында сабағына толып піскен сан алуан шөптің иісі төрт түлік мал түгіл, адамның танауын жаратын. Күні бүгін алты сотық алқаптан алты арба шөп шабатын шақтар ертегі сияқты. Керісінше, атшаптырым жерден алты айыр сабақ таппай дағдарған шаруаны аяйсың. Облыстың Жаңақала ауданында жағдай өте қиын. Мұндағы 16 көлден екі-ақ көл қалыпты, қалғаны құрғап кеткен. Ресейден сатып алынатын суға бөлінетін қаржы жеткіліксіз. Оның үстіне ол қаржыдан Қазталов, Жәнібек, Бөкей ордасы аудандары да су алады. Бірақ малдың дені Жаңақалада. Осыны ескере келе, ауданда төтенше жағдай жарияланып, бюджеттен 2 млрд теңгеден аса қаржы бөлініпті. Алайда тап қазір «ол қаржының қайда, не мақсатқа жұмсалып жатқаны туралы мардымды мәлімет жоқ» деп отыр ауылдағы ағайын. Ал шөп бағасы ұшып тұр. Бір орама шөптің бағасы орта есеппен 6-7 мың теңгені құраса, кей жерлерде 12 мыңға жетіп қалды. Салмағы стандарт бойынша 250 келі құрауы тиіс орамалар, шынтуайтында, 180 келіден аспайды. Ол дегеніңіз – сиырға екі-үш күндік азық. Сонда бір қыста бір сиыр өз құнын төрт-бес есе «жеп» қояды екен. Мұнымен қайда барамыз? Жай сиырды асырай алмай отырып, асылтұқымдысына көз сүзуіміз «Қожаның көңілі құртқа шабадының» кері емес пе?
Сарапшы мамандардың айтуынша, тығырықтан шығудың бір жолы – мал азығын даярлауға мемлекет тарапынан бақылау қажет. Яғни бүгінгі әкімдіктер мен ауыл шаруашылығы бөлімдерінің өтірік статистикалық есебі емес, кәдімгі нақты жұмыс істейтін жемшөп қоры жасақталуы тиіс. «Кеңестік кезеңнің сарқыншағы», «нарықтың өзі реттегені дұрыс», «мал азығына мемлекеттік бақылаудың қажеті жоқ, бағасын мемлекет белгілеп беріп отыратын болса, мал азығының қорын мемлекет даярлайтын болса, онда бізге кеңестік кезеңдегі колхоз, совхоздар дәуірін қайта құруымыз керек қой» дегендерге айтарымыз, әр қоғамның, формацияның жаман да, жақсы да жағы болады. Кемшілік іздесең, нарықтық экономикада да жеткілікті. Ендеше ескіргенді есіктен шығарып жібермей, естісін ескеріп, тетігін тексеріп қолданғаннан ұтылмаймыз.
– Осы мал азығын дайындауға мемлекеттік бір бақылау керек. Болмаса шаруалар жыл сайын мал азығын даярлайтын шақ келгенде тығырыққа тіреледі. Қазірдің өзінде ауылдық жерлерде жемшөптің бағасы удай. Қолында малы бар ауылдағы ағайын осы жайтқа алаңдап уайымдап отыр. Әрине, үлкен шаруа қожалықтарына мал азығын сатып алу ауырлық тигізбейтін шығар. Ал қолында санаулы ғана түлігі бар, жалғыз зейнетақымен күнелтіп отырғандарға шөптің бір орамасын пәленбай ақшаға сатып алу өте қиын. Қарапайым адамның қалтасына әжептәуір салмақ түсіреді. Батыс өңірінде алты ай қыс болатыны белгілі. Сондықтан қолда бар мал басын сақтап, өсіп-өндіреміз десек, жемшөп бағасына мемлекеттік бақылау қойылуы керек, – дейді оралдық сала ардагері Қ.Мәжитов ақсақал.
Жемшөп бағасының қымбаттауы еттің де қымбаттауына тікелей әсер етеді. Ірі қара, ұсақ малды айтпағанда, қорадағы тауық пен жұмыртқа құнының 70 пайызы жемшөпке тікелей тәуелді. Бір сөзбен айтқанда, қуаңшылық салдарынан егін шықпаса, қыт-қыттаған тауық та жемсіз қалады. Осыдан кейін жұмыртқа жайы айтпаса да түсінікті. Жасыратыны жоқ, халықтың 80 пайызы күнделікті ас мәзіріне құс етін тұтынатынын ескерсек, бұл – үлкен мәселе, мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігіне тура қатысы бар дүние.
Шөп бағасының өсуі елде мал басының азаюына да алып келеді. Мәселен, 1990 жылдары елде 40 миллион мал басы болса, 2007 жылы ол 13 миллион басқа дейін кеміген. «Бұл деректер нарықтың қиындығымен тұспа-тұс келді десек те, бұл жылдары біз мал азығын даярлауда әлеуетімізді көтере алмадық», – дейді мамандар. Шөп бағасының шарықтап, сапасыз болуы асылтұқымды мал басын өсіруге кедергі келтіреді. Шаруа баққан азаматтар амалсыз ет, сүт бағасын өсіруге мәжбүр болады. Осындай келеңсіздіктерді болдырмау үшін алдымен мал азығының мемлекеттік резервін жасау, қожалықтарға берілетін дотациялар мен субсидиялар көлемін өсіру, шөп тұқымдарын өсіруге, қуаңшылық жерлерді тыңайтуға мән беру кезек күттірмейтін мәселеге айналуы тиіс.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР