«Солтүстікке көшсек» дегендер жетерлік

Алайда көштің басы-қасында жүрген азаматтардың  биліктегілерге айтар базынасы бар

 

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ

15.04.2021, 11:50

1768

Мемлекеттік бағдарламаның аясында халқы тығыз қоныстанған оңтүстіктің тұрғындарын солтүстік өңірлерге қоныстандыру саясатының жүріп жатқанына бірнеше жылдың жүзі болды. Мұның қандай саясат екені түсінікті.  Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты –  оқушының аздығынан мектептері жабылып жатқан солтүстік пен шәкірттердің көптігінен төрт ауысымда оқитын дәрежеге жеткен оңтүстік арасындағы теңгерімсіздікті реттеу. Мұның арғы жағында солтүстіктегі қаракөздердің қарасын көбейту жатыр.  Алайда мемлекет үшін өте маңызды шаруаның әлі шешілмеген тұстары жетерлік.

Алдымен біраз ресми мәліметтерге тоқталсақ. Жуырда  еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасын бекітті. Осыған сәйкес, биыл Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар,  Солтүстік Қазақстан облыстарына көшу үшін 6039 адамға квота бөлінген.  Ал, жалпы алғанда, «Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020» бағдарламасы жүзеге асқан бес  жылда аталған өңірлерге және Қостанай облысына 20 мыңнан астам адам қоныс аударған.  Оның 6000-дайы немесе 1700-дей отбасы – Түркістан облысының тұрғындары.

Қазір мемлекеттік көші-қон бағдарламасын насихаттау үшін солтүстік облыстардың әлеуметтік салаға жауапты мамандары оңтүстіктің аудан, қалаларын аралап жүр. Түркістан мен Шымкентте халықпен кездесулер  өтуде. Осы жиындарда белгілі болған мәліметтерге қарағанда, «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде қоныс аударушы отбасының әрбір мүшесіне материалдық қолдау көрсетіледі. Сондай-ақ бір жыл ішінде тұрғын үйді жалдау бойынша шығыстарды өтеуге субсидия қаралған.

Солтүстік өңірлерге қоныстанғандардың саны бойынша Түркістан облысының Жетісай, Мақтаарал, Сарыағаш, Келес, Қазығұрт, Сайрам аудандары мен Арыс қаласы көш бастап тұр. Алайда қоныс аударушылар арасында  жай-күйінің болмауынан қайтып көшіп келіп жатқандар да бар.  Осы көштің басы-қасында жүрген Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Жаңабай Ағабековпен хабарласқанымызда, ол мұны жоққа шығарған жоқ.

– Кейбір азаматтар «солтүстікке барсам, байлыққа бата қаламын» деп ойлайды. Мемлекеттің берген субсидиясын ішіп-жеп, ол таусылған соң әкімдікке барып, «тамақ тауып бер» деп отыратындар бар. Қоныс аударушылардың шамамен оннан бірі осындай. Олар оңтүстікке қайта көшіп кетсе, мемлекет тарапынан берілген жәрдемдердің бәрін қайтаруы тиіс. Ал енді мемлекеттің берген қаражатына мал алып, сол арқылы аяққа тұрып, жағдайын жасап отырған ағайындар көп. Солтүстікке көшіп барған отбасының ең құрығанда бір мүшесін жұмыспен қамту жағына баса назар аударылып отыр. Сондықтан ешкім де аш қалмайды, – дейді Жаңабай Молдабайұлы.

 Оңтүстік халқын солтүстікке, шығыс өңірлерге көшіру идеясы осыдан бірнеше жыл бұрын халықтың жерге қатысты митингілерінен кейін жүзеге аса бастаған-ды. Ж.Ағабековтің тікелей өзі 50-ден астам отбасын баспанамен қамтып, шаруашылықты жүргізуге қажетті техниканы сатып алып берген екен. Баспана демекші, көшіп барушыларды мемлекет тұрғын үймен қамтиды. Егер отбасы мүшелерінің саны төртеуден кем болмаса, бес жылдан кейін баспананы қалдық құнын төлеу арқылы сатып алуына болады. Оған дейін айына 5-6 мың теңге көлемінде пәтерақысын төлеп отыра береді. Жаңабай Ағабеков осы көші-қонға қатысты үкіметке, парламенттегі депутаттарға өзінің талап-тілегін, ұсыныстарын білдірді.

– Солтүстікке көшіп барған азаматтардың бәрінің дерлік мойындарында банктерден алған несиелері бар. Несиені уақытында төлемесе, пайызы өсіп кетеді. Сондықтан қоныстанушылар барған жерлерінде орнығып алғанша,  несиелік каникул беру жағын қарастыру керек. Екіншіден, көшіп барушыларға жеңілдетілген жолмен несие беру жағы қарастырылса. Себебі мал алу, шаруашылықпен айналысу үшін қаражат қажет, – дейді депутат.

Үшіншіден, Жаңабай Ағабековтің айтуынша, солтүстік облыстарға халықты 10-15 отбасыдан топтап көшірудің тиімділігі байқалып отыр.

– Күні кеше кентаулық азаматтар хабарласты. «Он отбасы көшіп барып, сол жақта бір жерде отырып  мал шаруашылығымен айналыссақ» дейді. Жергілікті әкімдіктер кейде бір-екі отбасыны орыстар тұратын елді мекенге алып барады. Алайда олар елді мекенге сіңісе алмай, қазақтар отырған басқа ауылдарға көшіп кетеді. Қоныстанушыларды 10-15 отбасыдан отырғызудың тиімділігі көп. Себебі 15 отбасыдан 50-60 бала шығуы мүмкін. Бұл дегеніміз – сол ауылдағы мектептен қазақ сыныбын ашуға болады. Ал қазақ сыныбы ашылса, оған қазақ мұғалімдері қажет. Яғни бұл қосымша жұмыс орны, – дейді депутат.

Бұған үкіметтегілер мен парламент депутаттары не дер екен?

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Заңғар КЕРІМ,арнайы «Жас Алаш» үшін Токиодан 14:32
Грек-рим шеберлері сенімді ақтамады
Ерзия ЕРСҰҢҚАР 12:12
Басты мақсат – сот жүйесіне халықтың сенімін арттыру
Сайт әкімшілігі 02.08.2021, 13:15
Дәрігерлер тұрғындарға үндеу жасады
Сайт әкімшілігі 02.08.2021, 10:48
Қырғызстанда жоғалған қазақстандық қыз өлі табылды
Сайт әкімшілігі 02.08.2021, 09:24
Еліміздің барлық өңірі «қызыл» аймақта тұр
Гүлжан СЕРІКҚЫЗЫ 30.07.2021, 17:53
Ішкі туризмнің халі қалай?

Аңдатпа


  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39
  • «Жас алаштағы» жасын жылдар
    15.07.2021, 10:58