Сырдарияның суы жазда жетпейді, қыста тасиды

Нұр-Қасым ЖОМАРТ

08.02.2021, 08:55

1064

Күннің күрт жылынуы Сырдария өзеніндегі ұстасып тұрған мұздың сіресің іріп, сең жүретін уақытын білдіріп тұр. Таяп қалған қауіпті кезеңге облыстың дайындығы қалай? Жылдағыдай су алып кету қаупі қаншалықты ескерілген. Қайта айналып соғатын тілсіз жау Сырдарияның бойында орналасқан елді мекендердің 85 пайызын үрейде ұстайды. Ал онда аймақ халқының 93 пайызы тұрады. Осыған орай мол суға тосқауылды ерте бастан қам жасауды ескертеді.

– Алдағы кезеңде дария арнасымен облысқа мол су келуі әбден мүмкін. Өзен бойындағы қорғаныс бөгеттерінің қауіпті 56 су басу аймақтарына бөлінген. Мұндай орындарға жауапты 122  мекеме бекітілген. Қауіпті тұстарды қадағалауға 432 техника күші мен 1500-ге жуық адам тартылады. Қазір оған қажетті 76,7 мың тонна жанармай, 99 мыңнан астам қап, 27,7 мың бау қамыс және пашын, қарабура секілді дүниелер қолда бар. Биыл 643,5 млн теңге — қорғаныс бөгетін нығайту, мұз жару жұмыстары, қап сатып алу және өзге де мақсаттарға қаралған, – дейді облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Медет Усаин.

Биыл жылдағыдай өзен бойындағы қорғаныс бөгетін нығайту және арнаны қазу жұмыстары жалғасын тауып, нәтижесінде қауіпті 11 учаске жөнделген. 

Бүгінде 56 елді мекенге, 357 мың тұрғынға, 84 мың баспанаға, шаруа қожалықтарындағы 247 мың мал басына қауіп төніп тұр. Сондықтан осы қауіптің алдын алу үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі, Су ресурстары комитеті, Төтенше жағдайлар комитеті шаруашылық басшыларымен және жергілікті кәсіпкерлермен бірлесе отырып, қауіптің алдын алу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сонымен бірге Үкіметте Шиелі ауданында сыйымдылығы 600 млн. текше метрлік Күміскеткен су қоймасын салу жобасы да талқылануда. Бұл жоба су тасқынының алдын алуға, сондай-ақ су тапшылығын болдырмауға мүмкіндік бермек.

Облыс әкімі де сала басшыларына, су тасқынының алдын алу мақсатында бөлінген қаржы мен жұмыстың сапалы атқаруылуы қатаң бақылауға алынатынын айтты.

– Алдағы уақытта атқарылатын маңызды жұмыстар бар. Атап айтқанда, Қармақшы ауданына қарасты Абыла елді мекені тұсындағы Тойымбет каналына екі су тоспасын салу қажеттілігі туындап отыр. Дәл осындай бір көзді тоспа Жаңақорған ауданындағы Өзгент көліне де қажет.  Бұл жұмыстар жедел жүргізілуі тиіс. Сондай-ақ, Қазалы ауданының Тасарық, Қызылқұм елді мекендерін су басудан қорғауымыз керек. Осы мақсатта Қуаңдария каналына үш көзді су тоспасы салынады. Аталған істің жобалық-сметалық құжатын әзірлеу және құрылысын салуға қаржы қарастыру мақсатында бюджеттік өтінім жолдансын, – деді облыс әкімі.

Биыл облыста су тасқынының алдын алу мақсатында қорғаныс бөгетінің 3 учаскесіне жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ, 2 гидротехникалық құрылғы салынады.

– Облысымыз Сырдария өзенінің төменгі ағысында орналасқандықтан жоғарыдан келетін су көлемі – маңызды мәселе. Себебі, қыста өзен арнасының су өткізу қабілеті біршама төмендейді, оның үстіне құбылмалы ауа райында өзен бетіндегі ұстасқан мұз еріп, сең кептеледі. Бұл су деңгейін көтеріп, өзеннің осал тұстарынан асып кету қаупін туындатады. Осыған орай, оған қажетті қаржы бөлініп, аса қауіптілерін қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Бүгінде дария деңгейін бақылауда ұстап тұруға арнайы техника, жауапты мамандар бекітілді. Күнделікті мониторинг жұмыстары жүргізілуде. Дариядан келер қауіп жоқ, – дейді облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Әлиев.

Өткен жылы қорғаныс бөгетінің 16 учаскесі жөнделіп, тазалау жұмыстары жүргізіліпті. Биыл да Арал ауданы Аманөткел ауылының Жасұлан каналындағы шлюз-реттеуішке ағымдағы жөндеу, Қармақшы ауданы Абыла елді мекеніндегі Тойымбет каналына 2 көзді су тоспасын салу, Шиелі ауданы Тартоғай кентіндегі Сырдария өзенінің қорғаныс бөгетіне жөндеу жүргізу көзделуде.

Сыр елінің диқандары былтыр судан тапшылық көргеннен кейін су көлемінің ұлғайғаны, оны шабындықтарға жинап алғаны облыс үшін тиімді. Дарияның жоғарғы ағысында аграрлық мақсаттарға суды жинап алу, жазда өз тиімділігін бермек. Ал Аралға қарай құлдилаған судан қауіп көп. Әсіресе Жалағаш, Қармақшы аудандарының елді мекендерінде су жырып кетуі ықтимал дария бойында жарықтар бар. Қанша бекемдегенмен тілсіз жау дегенін істеп кетуі бек мүмкін. Су тасқыны кезеңі наурыз айында да, ақпан айында да болуы мүмкін. Бұл жылдағы үрдіс.

Енді осыған орай барлық күштер мен құралдар су тасқынына қарсы жұмыстарға жұмылдырылатын болады. Әсіресе үй малдарын жайылымнан аулақ ұстау, көзден таса етпеу де басты міндет. Шаруалардың жылдағы немқұрайлылығы өздерінің шығындарына соқтырып жүр. Өйткені олар жайылымдағы малдарын уақытында қауіпсіз жерге шығаруға құлықсыз.

— Абай елді мекені Қазалы ауданындағы жағалауды таспен қалап жатыр. Жосалыда 2 нысан бар 300 метрдей таспен қалау әрі қарай 1,7 шақырым нығайту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Одан бері қарай Тереңөзекте 1,7 шақырым құммен төсеп, бөгетті қайта жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қызылорда қаласында топтық су құбыры қасында 300 метр таспен қалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жаңақорған ауданында 7 нысан аяқталуда, — дейді басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Әлиев.

Сондай-ақ, санаулы сағаттарда адамдарды эвакуациялау үшін 84 эвакуациялық пункттің және 101 қабылдау пунктінің жұмысын өрістету мүмкіндігі алдын ала пысықталған. Бұл пункттердің резерві бірден 156 мың адамға есептелген.

Былтыр аймақ диқандары судан тапшылық көргенін жазған болатынбыз. Биылда бұл жағдай қайталануы мүмкін. Сондықтан жергілікті билік өкілдері су қоймаларын салуды жоспарлап отыр.

Жалпы аймақта су қорын молайту, тапшылықты азайту мақсатында 2,3 миллиард текше метрді құрайтын 6 су қоймасын салу жобасы жоспарланып отыр. Бірақ осы су қоймаларының өңірге қаншалықты пайдасы бар? Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқарма басшысының орынбасары Қайратбек Сәрсенбаев былай дейді.

— Су мәселесі Қызылорда өңірі үшін өте өзекті әрі маңызды мәселе. Біз жыл сайын Сырдария өзені арқылы 4,2 миллиард көлемінде су аламыз, оның 3,1 миллиард көлеміндегісі егін, яғни күріш шаруашылығына жұмсалады. Біз «Көксарайды» саламыз деп жүргенде Өзбекстан мемлекеті жоғары ағыстан қаншама майда су қоймаларын салып алды. Мына Түркістан облысында қазіргі уақытта 31 майда су қоймалары салынып жатқандығы айтылды. Яғни, олар судың бәрін жинап алуға жұмыс жасап жатыр. Ал біз өз территориямызда біріншіден сақтауға тиімді жерден суды жинап алуды, екіншіден пайдалану мүмкіндігі бар жерлерден салуымыз керек. Жалпы сала беруге де болмайды, алдымен терең зерттеулер жасау керек. Мысалы, «Күміскеткен» су қоймасы жөнінде көптеген әңгіме айтылып жатыр. «Күміскеткен» әрі қарай зерттеуді қажет етеді. Әрине мол су кезінде оған жіберуге болады. Ал бірақ су аз кезде, немесе ол су қоймасына жетпейтін болса, оның қайтарымы қалай болады. Біздің мақсатымыз егіске жеткілікті су беру, Аралды тұрақты түрде сумен қамтамасыз ету. Сондықтан осы айтылған жобаларды облыс көлемінде терең ғылыми зерттеп, техника-экономикалық негіздемесін жан-жақты ғалымдардың зерттеу қорытындысын алып барып жасаған дұрыс, — дейді басқарма басшысының орынбасары Қ.Сәрсенбаев.

Расы сол, су тапшылығы аймақ диқандарын қыста да, жазда да әбігерге салуы мүмкін. Сондықтан асыраушы сала өкілдері егіс көлемін азайтып, суды аз тұтынатын «Әйгерім» және «Сыр сұлуы» сорттарын егуді ұсынып отыр. Сондай-ақ әртараптандыру бағытында түйе, жоңышқа, соя, жаздық және күздік бидайдың көлемін ұлғайтуды жоспарлап отырғандарында жеткізді.

Тегтер: су дағдарысы тапшылық саясат ұсыныс назар шешім

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 13:15
Дәрігерлер тұрғындарға үндеу жасады
Сайт әкімшілігі 10:48
Қырғызстанда жоғалған қазақстандық қыз өлі табылды
Сайт әкімшілігі 09:24
Еліміздің барлық өңірі «қызыл» аймақта тұр
Гүлжан СЕРІКҚЫЗЫ 30.07.2021, 17:53
Ішкі туризмнің халі қалай?
Сайт әкімшілігі 30.07.2021, 17:51
Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі: мемлекетке сену құқығы
Сайт әкімшілігі 30.07.2021, 17:49
Жаңа кодекс қазақстандықтарды қалай қорғайды?

Аңдатпа


  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39
  • «Жас алаштағы» жасын жылдар
    15.07.2021, 10:58
  • Ташкенттен «Жас Алаш» газетінің түпнұсқасы табылды (видео)
    07.07.2021, 13:15