Тауықтан да табыс мол

Тоқтар ҒАБДРЕШҰЛЫ

09.11.2021, 15:30

332

Батыс Қазақстан облысының Тасқала ауданы – тоғыз жолдың торабында орналасқан, кез келген кәсіппен айналысуға өте қолайлы жер. Әсіресе мұнда үкіметке алақан жайып отырмай, маңдай терін тамшылатып, нәпақаларын адал кәсіппен табатын азаматтардың қатары өте көп. Солардың бірі – осы ауданның Алмалы ауылында тұратын Мейірман Мұхтаров.

Ол құс шаруашылығымен айналысады. 2018 жылдың аяғында қорасындағы 50-60 тауықпен кәсібін бастаған Мейірман қазір мыңға тарта тауық өсіруде. Бұрын Атырау, Ақсай қалаларында мұнай-газ саласында жұмыс істеген кейіпкеріміз үнемі қожайынға жұмыс істегенше, өзіме жұмыс істегенім дұрыс деген шешімге келіпті.

       – Негізінен, тауықты жұмыртқасы үшін өсіреміз. Әп дегеннен табыс кірмейді. Басында менің жұмыртқа сататынымды ешкім білмеді. Екіншіден, тұрақты тұтынушы жинау үшін базардағы бағадан төмен сатуым керек болды. Сөйтіп алғашында жұмыртқаның бір данасын 25 теңгеден саттым. Қазір баға едәуір өсті. Аудан асып, Оралдан келіп, жұмыртқа алушылар көп, – дейді кәсіпкер.

       Бір қарағанда оңай көрінгенімен, құс бағып, одан пайда табу қажырлы еңбек пен талмай ізденісті талап етеді. Бұл жетістік оған оңай келмеген. Талай рет ақшасы текке кетіп, шығынға батыпты. Кей кездері тауық екі-үш айлап жұмыртқа бермейтін де кездер болады екен. Сондай-ақ тауықтың жем-шөбінің өзіне әжептәуір қаражат жұмсалады. Жұмыртқаның сапасы жақсы болуы үшін тауықтың қорегі құнарлы болуы шарт. Құстың тазалығы, ішетін судың сапасы жоғары болуы маңызды. Тауық тұратын, қонақтайтын жер таза, жылы болғаны жөн. Кейіпкеріміз «Бизнес бастау» бағдарламасы бойынша грант алып, жұмысын ширатуда.

– Тауықтың «ата жауы» – түлкі. Түлкі – өте қу аң деп бекер айтылмаған ғой. Оның қай уақытта келерін де, қалай ұстарыңды да білмейсің. Бірде 50 шақты тауықты қырып кетті. Айлакер аңнан құстарымды қорғаудың барлық амал-айласын іздестірдім. Бақыладым, ғаламтордан қарадым. Тауық қораға қонуға кіргенде бейнекамера қоюға болады. Бірақ одан нәтиже аз. Сондықтан тауық тұратын тордың көзін мейлінше кіші болуына маңыз бердім. Қора-қопсыға түлкі астынан қазып кіреді. Қазып кіре алмауы үшін іргетастың астына түлкінің бойымен бірдей шифер, тас немесе әйнек салып тастау керек екен, – деп Мейірман тәжірибесімен бөлісті.

Құс өсірудің өзіндік ерекшеліктері бар. Мәселен, ауырып тұрған құсты емдеу мүмкін емес. Емдеген күнде де ол толық сауығып кетпейді. Сондықтан оларда кездесетін ауру-сырқаудың алдын алу, дәрі-дәрмегі мен дәруменін уақытылы беру өте маңызды. «Үй құсының саулығын айдарына қарап-ақ білуге болады. Егер айдары қып-қызыл, қауырсыны қалыпты болса, құстың жағдайы жақсы деген сөз. Айдарының қызыл болуы – оның ағзасында дәрумендер жеткілікті екендігінің айғағы», – дейді кейіпкеріміз.

Сөз арасында тауықтың қыр-сырына әбден қаныққан шаруа адамынан: «Болашақта құс фабрикасын ашқыңыз келмей ме?» – деп сұрадық.

                   – Құс өсіру – кешенді шаруа. Еуропада: «Бір шаршы метр торда төрт тауықтан артық ұстауға болмайды», – деген арнайы заң талабы бар. Бізде кейде бір шаршы метр торда 10 тауық тұрады. Бұл құсты күйзеліске түсіреді. Ол жұмыртқаның сапасына теріс әсер етеді. Ал сапасыз жұмыртқа адам денсаулығына зиян. Менде жер жеткілікті. Болашақта шаруашылығымды кеңейткім келеді. Құс етін сату, құстың басқа түрлерін өсіру де жоспарымда бар, – дейді Мейірман.

                   Осы ауданға қарасты Шежін ауылында да биылғы жылы атқарылған игілікті істер көп екен. Тұрғындар, негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Ауылдың ірілі-ұсақты малын әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация мүшелері бағуда. Мал баққаны үшін корпорацияға тұрғындар ақы төлемейді. Қанша мал қосса да, бәрі тегін бағылады. Шежінде 30-ға жуық шаруа қожалығы бар. Өз-өзін жұмыспен қамтып, кәсібін дөңгелетіп отырғандар да жетерлік. Мәселен, Данияр есімді жас жігіт «Бизнес бастау» бағдарламасымен грант алып, 400 үйрек, 400 қаз, 200 тауық, барлығы мыңға тарта құс өсіруде. Жалпы шежіндіктер арнайы ұйымдастырылған жәрмеңкеден 2300 құс сатып алған.

Көктем айларында «Чижа-2 Агро» ӘКК-нің демеушілігімен 900 келі картоп түйнектері алынып, 1,5 гектарға бақша салынған. Жеке кәсіпкер Елдар Аманғалиевтің демеушілігімен ауыл көшелеріне 62 дана жарық үнемдейтін шам орнатылған. Жергілікті шаруа қожалықтары көшеге көлік жылдамдығын шектейтін үш жасанды кедергі қойыпты.

Ауылдың екі азаматы нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша ұсақ мал және құс шаруашылығын дамытуға грант ұтқан. Демеушілердің қолдауымен ауылдың екі жақ бетіне мал қамайтын қора-қопсы, үш велотұрақ салыныпты. Бір сөзбен айтқанда, қос ауылдың тұрғындары жеке кәсіппен шұғылданып, тұрмыстарын түзеуге мемлекет берген барлық қолдау-көмекті өте тиімді пайдаланып отыр.

Тегтер: экономика инвестиция кедейлік шегі халық нарық

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 16:19
Шиелі ауданында 3297 жаңа жұмыс орны ашылды
Бифат ЕЛТАЕВА 12:21
Ғибраты мол байқау
Сайт әкімшілігі 08:37
Павлодарда лак-бояу өнімдері қоймасында алапат өрт болды
Сайт әкімшілігі 26.11.2021, 13:30
Қарағандыда тағы бір ферроқорытпа зауыты ашылды
Сайт әкімшілігі 26.11.2021, 12:16
Жезқазған ақыны Қарағандыда өткен республикалық айтыста Бас жүлде иегері атанды
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 26.11.2021, 09:15
Қара алтынның үстінде отырған Қарағандыда көмір қымбат

Аңдатпа


  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    26.10.2021, 11:14
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30