Трактор табанына тапталған балалар алаңы

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

27.10.2020, 04:39

499

Ала жаз бойы  балалар асыр салған ойын алаңының орны ойда жоқта  ойсырап қалды. Темір трактордың табанының астына  тапталған соң, несі қалсын?  Енді алаңқайдың жұрнағын да таппайсың бұл арадан. Ауыр техника жылан жалағандай, жым-жылас еткен. Осы күні бала байғұсты кім тыңдайды?  Баланың  жанын жабырқатқан мәселемен  мемлекет санасуды қойғалы қашан? Ауладағы алаңды әлдекімдер бұзып жатқанда, байқампаз бүлдіршіндер: «неге бүлдіріп жатыр?» деп  ата-аналарына қыңқылдап,  сұрау салған. Ересектер есі жоқ бала әрнәрсені көріп, елпеңдейді дегендей, елең қылмаған. Перзентінің сауалына сылтау тауып, «жаңасы орнатылады» деп сырттай шешім шығарып  жүре берген. Бірақ бейқам тұрғындардың  топшылауы керісінше, болып шықты. Алаңқай басқа мақсатта ысырылғанда барып, жұрт  өре түрегелген.  Қарағанды қаласы, Қазыбек би ауданындағы Гапеев көшесінің  12-үйінде тұратын кішкентай  тұрғындар  айдың күннің аманында,  балалар алаңынан осылайша, айырылып қалған.

Куәгерлер көзімен

–  Көз алдымызда тұрған алаңды  айналдырған бір сағаттың ішінде  бульдозер трактормен келген 5-6 жұмыскер тып-типыл етті. Он жылға жуық уақыт  тұрған  әткеншектер мен  барлық ойын құрылғысын  жұлып әкетті. Немеремнің  демалатын ойын  алаңынан  осылай аяқасты айырылып қалдық. Енді амалсыздан, осы арадан 2 шақырым қашықтықтағы  «Аян» сауда үйінің алдындағы алаңға барып, ойнатып жүрмін.  Ол жерге жетудің өзі – қиямет. Үнемі кептеліске кезігетін ұзын көлік жолын кесіп өтуіміз керек. Баланың аты – бала.  Алда-жалда  екеуінің біреуін қолымнан ажыратып алсам, көлік астына түсіп кете ме  деп зәре-құтым қалмайды, – дейді, уайым  арқалаған   Бақытжан  апа.

 Кішкентай екі баласын тысқа  жетелеп шыққан Қымбат есімді  әже  келеңсіздікке   аңқаулықтан тап болғандарын тілге тиек етті.

– 4 жастағы немерем балабақшадан шыққан бетте үйге кірместен, осы арада қалып,  құмары қанғанша, ойнаушы еді.  Алаңқай ысырылып жатқанда, балам кемсеңдеп,  себебін  сұрады.  Мен оған «ағалар одан әдемісін салып береді!» деп иландырдым.

 Өзін Гүлнар деп таныстырған келесі  тұрғын келіп,  әңгімеге килікті.

– Алаңқайды өз күшімізбен жеке қаражатымызға  тұрғыздық.  Ойын құралдарын  арнайы  шебер жалдап, орнаттық.  Қаржымыздың желге ұшқаны былай тұрсын, төңіректен перзенттеріміздің  бойын жазатын алаң таппай теңселіп жүрміз. Бейкүнә бүлдіршіндердің  думанына айналған алаңды  бұзып жаруға  қаскөйлердің  дәті  қалай барды екен?

 Санаулы күн бұрын әкімдік көрші үйдің ауласындағы көлік жүретін жолдың  аузына  балалар алаңын орнатып кетті. Баланы бұл араға әкелу өте қауіпті. Үлкендер оларды көз жазбай бақылағанның өзінде, көз қызықтарымыз  күндердің бір күнінде жол апатының құрбанына айналары сөзсіз. Осыдан кейін, ел ертеңдерінің өмірін қатерге тігіп  отырған билікке қалай сенуге болады?

Бұзуға бұйрық берген кім?

Балаларына арнап тұрғызған  алаңнан   айырылған  тұрғындар сан соғып отыр.  Ашуға булыққан жұрт  балдырғандардың  ойын  ошағын  талқандаған  қаскүнемдерді  тауып,  заң жүзінде жазалау керек дейді.  Бүгінде көптің көкейінде  ойын алаңын қиратуға  бұйрық  берген тұлға кім деген  сауал мазалауда. Әзірге ол беймәлім. Бір анығы, жер қалалық әкімдіктің меншігінде тұрған. Соған қарағанда, жұмбақтың жауабы көп ұзамай, шешілуі  мүмкін.  Оның үстіне, бұл мәселе  Қарағанды қаласының жаңа әкімі Ермағанбет Бөлекбаевтың  назарына іліккен көрінеді. 

Әкімдіктің шешімі  қандай?

Есесі кеткен ел ес жиып,  жергілікті әкімдікке дабыл қақты. Тұрғындардың шағымы бойынша, Қазыбек би ауданы әкімінің жауапты мамандары оқиға орнына барып, мән-жайды  халықтың аузынан естіп білді. Түптеп келгенде, кикілжінге киліккен ата-аналардың өтініші ескерілді.  Әкімнің  абаттандыру  мәселелері жөніндегі  орынбасары Мұрат Камалиев  қарашаның 15 не дейін балалар алаңы бұрынғы орынға қайта салынатынын жеткізді. Оның сөзіне сенсек,  жер учаскесін  сол үйдің меншігіне аудару жөніндегі құжат қалалық жер кадастры басқармасында әзірленіп жатыр. Биліктің  ресми өкілінің айтуынша, балалар алаңын орынынан алуға Қазыбек би әкімдігі тарапынан бұйрық болмаған. Тексеріс барысында анықталғандай, жер учаскесі бүгінге дейін  тұрғындар меншігіне қаратылмаған.  Оны осы үйде  мекен етушілер өздері орнатып алған.  Бұдан пәтер иеленуші кооперативі  хабарсыз болған.

Қалай болғанда да бұл түйткілде  дауласуға тұрарлық  тетік жоқ емес. Тұрғындардың   балалар  алаңын жеке қаржыға салуы – бағалауға тұрарлық қадам.  Ақиқатына келгенде, зайырлы қоғамда біреудің мүлкін  бұзып-жару қылмыстық жауапкершілікке тартатын әрекет. Себебі, адам құқықтары заң билігімен қорғалу керек.  Олай болса, елдің мүддесін ескерместен,  белгісіз бұйрықты орындағандар  табылып, жазасын алуы тиіс.

Тегтер: алаң балалар кооператив әкім әкімшілік трактор мүдде адам құқы тексеріс заң билік

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Нұр-Қасым ЖОМАРТ 27.11.2020, 14:48
Прокурор экс-әкімге 8 жыл сұрады
Айшуақ АРАЙ 27.11.2020, 13:20
Сотталушылар наразылық көрсетіп Жезқазған түрмесіне тергеу тобы барды (видео)
Сайт әкімшілігі 27.11.2020, 10:49
Пневмониядан 5 адам көз жұмды
Сайт әкімшілігі 26.11.2020, 17:56
Оңалту орталығына жасалған сый
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 26.11.2020, 10:18
Өндірісті өлке өміршеңдігін танытты
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ 26.11.2020, 09:20
Бір Өскеменге екі Пушкин әділет пе?

Аңдатпа


  • Қабырғасы қақыраған құрылыстан қашан құтыламыз?
    28.11.2020, 11:09
  • Қазақстанда қылмыстың 12%-ын әйелдер жасайды
    28.11.2020, 16:52
  • 30 пайыз: «Шымбұлақ» жаңа маусымды карантиндік шектеулермен бастады
    28.11.2020, 13:30
  • Жастарға жол бермей жатқан ешкім жоқ
    27.11.2020, 09:16
  • Автовокзалға баласын тастап кеткен әйелдің кім екені анықталды (видео)
    27.11.2020, 11:36