Түрмедегі тіршілік сүрінгендерге сүйеу бола ала ма?

Мариям МАҚСАТ

27.10.2020, 04:13

455

Темір тордың ар жағына тоғытылған қылмыскерлер жабық мекемелерде қиналып жүр деуге келмес. Павлодарлық түрмеде жазасын өтеушілердің басым бөлігі жұмыс істеп, ай сайын айлығын алып отыр. Тіпті кейбіреулер тың технологияны ойлап тауып, оларды патенттеп үлгерген.

Владимир Щебентовский – Павлодар облысындағы түрмелердің бірінде қолымен істегенін мойнымен көтеріп жүрген жандардың бірі. Ол темір тордағы күндерін босқа өткізбей, кен материалдарын, әктасты күйдіретін қондырғы ойлап тапты. Бүгінде бұл құралын патенттеп те алды.

— Бұл құрылғының қуаттылығы – сағатына 5 тонна. Жобаның жүзеге асуына 200 млн теңге жұмсалды. Осы сомаға құралдарды сатып алу, техникалық қызмет көрсету мен жұмысшылардың жалақысы кіреді. Алдағы уақытта мұнда әктас пешін салу ойда бар, – дейді ол.

Сотталушы жасаған құрылғы тәулік бойы жұмыс істеп, металлургия өндірісіне қажет шикізаттарды дайындайды. Жаңа құралдың іске қосылуының арқасында жазасын өтеуші 25 адам жұмыспен қамтылды. Таяуда бұл шағын цехтағы жұмысшылардың санын 100-ге дейін жеткізу көзделіп отыр.

Ал АП-162/4 мекемесінің арғы жағына тоғытылған үш адам соның ішіндегі цехта матадан түрлі киім тігеді. Әзірге күніне 5-10 киім тігумен шектеліп отыр. Оларға сатып алушылар тарапынан сұраныс артса, жұмыс істейтін сотталушыларды тағы тартып, өнімділікті арттыру ойда бар.

АП-162/3 мекемесінде «СтройБиоРесурс» ЖШС ағаш өңдеп, олардан жиһаздар шығару ісін қолға алған. Бұл кәсіпорында 157 cотталушы жұмыс істейді. 

— Мұндағы қызмет маған маңдай термен жұмыс істеп, ақша табуды, уақытты, туыс-туған мен достарды бағалай білуді үйретті. Еркіндікке шыққаннан кейін ағаш өңдеумен айналысып, осы салада өзімнің шағын кәсібімді ашсам деймін, – дейді Азамат есімді сотталушы.

Түрлі қылмыс үшін жазасын алып, түрмеден бір-ақ шыққан сотталушылардың бүгінгі тірлігі осындай. Павлодар облысындағы бес түзету мекемесінде 1200-ге жуық сотталушы бар. Олардың 1100-і – еңбекке жарамды жандар. Түрме ішінде кәсібін бастаған бизнесмендер оларды жұмысқа тартып, ай сайын айлығын төлеп отыр. Олар ағаш, металл өңдеу, арнайы киімдер, төсек-орын жабдықтарын тігу, кеспетастар, қоршаулар жасау, кірпіштің түр-түрін шығару сынды істермен айналысады. Cонымен қатар көліктерге техникалық қызмет көрсету орталығы бар.

Жабық мекемелердің аумағындағы кәсіпорындарда жұмыс істеу жазасын өтеушілерге  тиімді. Біріншіден, олар уақытылы еңбекақы алады әрі соның есебінен, сот үкіміне сәйкес жәбіреленуші тарапқа келтірілген шығын көлемін өтейді. Не болмаса, ай сайынғы жалақысынан туыс-туғандарына қаржы жіберіп, түзету мекемесінің аумағындағы дүкеннен бірінші кезекте керек заттарды сатып ала алады. Айта кету керек, олар алатын ең төменгі жалақы – 42500 теңге, орташа айлық — 60-80 мың теңге. Екіншіден, темір тордың ар жағында еткен еңбек өтілі саналады әрі зейнетақы шотына ай сайын тиісті аударымдар жасалады. Бұл, өз кезегінде, бостандыққа шыққан соң, жұмысқа орналасуына көп көмегін береді. Үшіншіден, өзіне жүктелген міндетті бұлжытпай орындап, нәтижелі еңбек еткен сотталушы жазасын жеңілдетуге немесе мерзімінен бұрын бостандыққа шығуға өтініш бере алады. Сондықтан олар үшін кәсіпорындардың ашылуы, жұмыс орындарының құрылуы аса маңызды.

Темір тордың арғы жағындағы адамдар тек кәсіпорындарда емес, түзету мекемелерінің ішінде де жұмыс істейді. Мәселен, кейбіреулер наубайханада нан-тоқаш өнімдерін пісірумен айналысса, басқалары сантехникалық жұмыстарға жауап береді. Тіпті күнделікті ас мәзірінде пайдаланып, дастарқанға қоятын көкөністер, жеміс-жидектерді де өздері жылыжайда өсіреді. Тұрмыстық-шаруашылық бағыттағы бұл жұмыстарының ақысы да төленеді.

Павлодар облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті өкілдерінің айтуынша, жұмыс істеу сотталушылар үшін моральдық әрі материалдық тұрғыдан тиімді. Еңбекке бейімделу сотталушыларды адал қызмет етуге бағыттайтын көрінеді. Олар бостандыққа шыққан соң тағы да қылмыстық әрекеттер жасаудың емес, таза жолмен нәпақа табудың амалдарын қарастырады, дейді департамент қызметкерлері. Сондықтан түзету мекемелерінің аумағында кәсіпорындарды көбірек ашу мәселесі өзекті болып отыр.

Түзету мекемелерінде жаңа кәсіпорындар ашу кәсіпкерлерге де ыңғайлы. Инфрақұрылым желілерін тартып, қымбат жалдау ақысын төлеп, жұмыс күшін іздеп, сандалмайды. Демек, түрме ішінен өндіріс орындарының іске қосылуы жазасын өтеушілерге де, шағын бизнес өкілдеріне де оңтайлы мүмкіндік болады.

Байқағанымыздай, сотталушыларға еркіндікте айлығы шайлығына әрең жетіп жүрген кейбір жандарға қарағанда, жақсы жағдай жасалған. Ішер тағам, киер киім, жатар орындары тегін. Жұмыспен қамтылып, тұрақты түрде айлық алып, керегіне жұмсайды. Былайша айтқанда, курорттағыдан кем емес. Тек жазасын өтеушілер темір торда жұмыс істей жүріп, бостандық пен еңбектің қадірін түсініп, тағы да қылмысқа бармасы болғаны.

Тегтер: соттау сотталушы түрме заң қылмыс еркіндік бостандық тіршілік

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Нұр-Қасым ЖОМАРТ 27.11.2020, 14:48
Прокурор экс-әкімге 8 жыл сұрады
Айшуақ АРАЙ 27.11.2020, 13:20
Сотталушылар наразылық көрсетіп Жезқазған түрмесіне тергеу тобы барды (видео)
Сайт әкімшілігі 27.11.2020, 10:49
Пневмониядан 5 адам көз жұмды
Сайт әкімшілігі 26.11.2020, 17:56
Оңалту орталығына жасалған сый
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 26.11.2020, 10:18
Өндірісті өлке өміршеңдігін танытты
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ 26.11.2020, 09:20
Бір Өскеменге екі Пушкин әділет пе?

Аңдатпа


  • Қабырғасы қақыраған құрылыстан қашан құтыламыз?
    28.11.2020, 11:09
  • Қазақстанда қылмыстың 12%-ын әйелдер жасайды
    28.11.2020, 16:52
  • 30 пайыз: «Шымбұлақ» жаңа маусымды карантиндік шектеулермен бастады
    28.11.2020, 13:30
  • Жастарға жол бермей жатқан ешкім жоқ
    27.11.2020, 09:16
  • Автовокзалға баласын тастап кеткен әйелдің кім екені анықталды (видео)
    27.11.2020, 11:36