Үкімет керең бе?

Қарағандылық диірменшілер елді тастап кетуге мәжбүр

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

24.09.2020, 09:54

1362

     Әлемнарығында Қазақстан астығына сұраныс әлі де  жоғары. Бұл тұста тұтынушы бидай сапасына баса мән беретіні түсінікті.  Әзірге отандық  алтын астықтың диқандарды  жерге қаратқан күні жоқ.  Алайда ел аман, жұрт тынышта дайын өнім шығаратын диірменшілер  «таздың кейпін»  киіп  отыр. 2007-11 жылдар аралығында Қазақстан әлемде ұн экспорттаудан  алғашқы орынды иеленіп келген. Қазір алдыңғы қатардан ысырылып,  Түркияға  жол беріп қойды.  Мұның сыртында, сыртқы саудада ұтылысымыз аз емес. Бұрын еліміздің ұн өндірушілері  Ауғанстан, Тәжікстан мемлекеттерін түгелдей  дайын өніммен  қамтамасыз етіп келген.   Енді  осы елдердің нарығын  өзбек диірменшілері билеп алуда.  Сонда, біздің үкіметтің өзгені жарылқап,  барды бағаламаудың қисыны неде дерсіз.  

Биыл бидай сапасы жақсы. Бірақ...

     Биыл Оңтүстік Қазақстанда жаздың аптап ыстық болуына орай,  бидай күйіп кеткен. Есесіне елдің үмітін  орталық және солтүстік өңірден алынған астық ақтап отыр. Қарағанды облысының диқандары егін алқабының  70 пайызын жинап алды. Орылған астықтың сапасы жоғары.  Шаруа қожалықтары қамбаға құйған астықтың тоннасын  80-85 мың теңгеге сатып жатыр.  Бұл былтырғыдан 17 мың теңгеге қымбат.  Бағаның өсіміне доллардың шарттық құнының артуы, жиын-терімге жұмылдырылған  техникаға қажетті қосалқы бөлшек бағасының қымбаттауы себеп болған.  Демек, сапалы астық шаруаларды осы міндеттерді еңсеруге септескен. Жекеменшікке жетекшілік еткен тұлғаның  мақсаты пайда табу екені айтпаса да түсінікті. Шаруа қожалықтары  бүгінде бітік шыққан бидайды іркіп ұстап отыр.  Олар шетелден келетін  сатып алушылар үшін  еркін саудаға  шығаруға бейілдік танытуда.  Себебі отандық валютаға  қарағанда АҚШ ақшасымен  сату  анағұрлым тиімді екені даусыз.  Соның салдарынан жергілікті ұн өндірушілер  өз елінің астығына дер кезінде  қол жеткізе алмай, қағажу көріп отыр.  Отандық диірменшілердің құқығы шектеулі. Олардың мүддесін көздейтін  зайырлы заң жоқ.           

                      Отандық  ұн өндірушілерге тықыр таянды

     Қазақстан  шекарасынан қазір күн сайын  Өзбекстаннан, Қырғызстаннан, Тәжікстаннан келіп-кетіп жатқан көліктерге тосқауыл жоқ.  Еліміз еркін астық саудасына жол берген.  Мұндағы ағайындар біздің атымтай жомарттығымызға  мұрттан күліп жүрсе керек. Бұдан үкімет өзгелер алдында абырой жинағанымен,   біздің диірменшілер  ойсырай  ұтылып отыр.  Келелі мәселенің тереңге кеткен кедергілерін осы салада 23 жыл  тәжірибе жинаған Қарағандыдағы  «Мутлу» ұн комбинатының директоры Дос-Мұқасан Тәукебаев  баяндады. 

   – Қазір қазақстандық ұнға сұраныс күрт төмендеп кетті. Жұмыс болмай, тоқтап тұратын күндеріміз көбейді.  Бұрынғы күйімізді   цифр тілімен сөйлетсек, 2018-19 жылдары  сырттағы тұтынушыларымызды   жылына 2 млн тонна ұнмен қамтамасыз етіп отырдық.  Осылайша алып  Ауған нарығын да  жаулап алған едік.  Енді артта қалған жылдардан   тәтті елес қана қалды. Өзбекстан,  Қырғызстан, Тәжікстандағы  тұтынушыларымызды  уыстан шығарып алдық.  Астыққа кенде елдер аяқастынан неге  ұнға қарық болды  деген сауал туады. Олардың барлығы дерлік өз іштерінде бірнеше диірмен кәсіпорындарын тұрғызып, тоқтаусыз жұмыс істеп жатыр. Шығыннан шығудың  көзін осылай тапты.  Қазақстандық өнімді өңдеп, саудаға шығарған кезде  бағасын бірден көтереді.  Кейбіреулері  шетелдік тұтынушыларға  ұнның  тоннасын 330 долларға сатып, 110  доллар пайдасын көріп отыр.  Бізге қарағанда олар  салықтан көп  жеңілдікке ие.  Есесіне біздің шикізатты алып, өздерінде өңдеп, отандастарын аштан қалдырмай әрі  көл-көсір табысқа кенеліп жатыр.  

    Ал біздің ұнның бағасы ол жаққа барғанда  қымбат болады.  Мәселен, Өзбекстан біздің ұнға 10 пайыз кедендік  салық алады. Ал бидай кіргізсе,  салықтан босатылады.  Алатақиялы ағайынның алға кетуінің тағы бір мысалы – ондағы диірменшілер электр қуатының бір КВТ үшін 10 теңге төлейді.  Бізде қызметтің осы түрінің тарифі  – 22 теңге.  Өзбекстанда  арзанқол еңбек күші экономиканы ілгерілетуге зор  үлес қосуда.  Ондағы  диірменшілер  60-70 мың теңгені қанағат тұтады. Жұмыс күші біздің елде тапшы. Кәсіп іздеп келушілердің арасында  «жалақымыз 150 мың теңгеден кем болмауы керек» деп талап қоятындар бар.

     Отандық өнім өндірушілердің жолына тосқауыл  болып тұрған осынау   әлеуметтік және экономикалық фактілердің кесірінен астық шикізатының берекесі кетуде.

              Несие ставкасы жоғары, салықтан  жеңілдік жоқ

     Диірменшілердің адымын аштырмай тұрған  түйткілдің жақын арада шешілуі неғайбыл. Қазақстанда 40-тан аса салық түрі бар. Мәжбүрлі заң ұн өндірушілерге де тиесілі. Аз уақыттың ішінде үлгі ететін елдің қатарына енген  Өзбекстанда осы іспен шұғылданатын  кәсіпкерлер  әлеуметтік салаға енгізілгендіктен,  бес жылға дейін салықтан босатылған.  Ұн шығару комбинатының басшысы Дос-Мұқасан Тәукебаевтың айтуынша, елдегі  екінші деңгейлі банктердің тәбеті зор. Кәсіпкерлерге берілетін несиенің жылдық  мөлшері 14 пайыздан кемімей келеді. Борышты қайтаруға  небары жеті жыл мерзім беріледі. Біздің банктер қасаң қағидадан  арылмай отыр. Кеше ғана  дамудың ауылынан алыс қалған іргедегі ағайындар бізді шаң қаптырып кетуде.  Өзбекстандық банктер диірмен ісімен шұғылданатын бизнесмендерге  несиені еуропалықтардай 4 пайыздық мөлшерлемемен  беріп жатыр. Мұнда банкке қарызды өтеу мерзімі 15 жылға дейін  ұзартылған. Кемелденуге бет бұрған Өзбекстанға жыл басында қарағандылық екі диірмен өнеркәсібі көшіп кеткен. Бүгінде кәсіптері  көп-көрім көш ілгерілеген көрінеді.

Үкімет неге елемейді?

     Қарағандылық ұн шығарушы кәсіпкерлер іргедегі тұтынушыларынан түгелдей дерлік айырылған.  Жалғыз-ақ  Қытай нарығындағы  серіктестері қалған.    Үкімет мойын бұрмаса, бұдан да айырылып, тықыр таянуы бек мүмкін.  Қазірдің өзінде аспанасты еліне өтетін дайын өнім тұтынушыларға жеткенше  екі есеге өсіп отыр.

— Қытайда өзге елден келетін өнімге   кедендік салық  төлемі қымбат. Біздің  өнімнің  бағасы онда барғанда   65 пайызға қымбаттайды. Бұдан бөлек, 13 пайыз қосымша  құн салығы қосылады. Одан әрі сатып алушы түскен табыстан тағы 20 пайыз салық төлейді.  Мұнымен шығын шектелмейді,  ендігі кезекте қытайлық   әріптестеріміз ұнды  ішкі нарыққа жеткізгені үшін   100 доллар және  шығындайды.  Бас-аяғын жиып келгенде қазақстандық  ұнның тоннасы аспанасты елінде  900 АҚШ долларына  бір-ақ шарықтайды, – деп қынжылады «Мутлу» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жетекшісі.

      Табыстары ортайған диірменшілер үкіметке  ресми Пекинмен кедендік баж салығын жеңілдету жөнінде мәмілеге отыруды сұрап, бірнеше рет ұсыныс хат жолдаған. Қытай делегациясымен сан мәрте кездесудің орайы келгенде, бұл мәселе ұмыт қалады.  Өзінде барды бағаламай, бөтенді қарық қылудан танбайтын біздің үкімет диірменшілердің  өтініш-тілегін елемей келеді. Бұл орайда, түбі бір түрік бауырлардан үйренеріміз көп. Теңіз портын ұтымды пайдаланған Түркия үкіметі  өзгенің астығын сатудан  көл-көсір табысқа кенеліп, осы жолда алдыңғы шептегі  Қазақстанды басып озды.  

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Батырхан Тоғызов 20.10.2020, 10:58
Әр адамның еңбек өтілі дербес есептелсін
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ 20.10.2020, 10:51
Биотехнопаркті мақсат еткен Аэлита
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 20.10.2020, 10:41
Егіндібұлақ елінің еңсесі езіліп тұр
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 20.10.2020, 10:17
Карантиндік шектеулер күшейтілді
Миуа БАЙНАЗАРОВА 20.10.2020, 10:13
Күштінікі – диірмен тартады
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 20.10.2020, 10:05
Қарағанды билігі жасыл желекке неге шүйлікті?

Аңдатпа


  • Мырзан Кенжебай: Менің атымды жамылған кім?
    20.10.2020, 14:28
  • Егіндібұлақ елінің еңсесі езіліп тұр
    20.10.2020, 10:41
  • Мақаншыда «қинау» фактісі бойынша ауыл тұрғыны полиция қолынан қаза тапты (видео)
    19.10.2020, 15:16
  • Ашық хат
    15.10.2020, 10:44
  • Билік жұртта қалған елу отбасыны көшіре алмай отыр
    15.10.2020, 10:38