Вакцина салу енді мәжбүрлі түрде жүре ме?

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

07.07.2021, 08:55

1570

Жақында Қарағандының бірқатар тұрғындары «вакцина салуға басшылық мәжбүрлеп жатыр» деп тулап қоя берген еді. Енді емханалардағы елдің уәжіне құлақ ассақ, «сақтық үшін келдік» дейтіндер көбейіп келеді. Денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне қарағанда, өңірде 245 603 адам компоненттің 1-бөлігін алса, 2-сін қабылдағандар саны 153 259-ға жеткен.  Екпе салу көрсеткіші бойынша облыс  республикада 11-орында тұр.

                   Екпе салдырамыз, бірақ...

– Басшылар «вакцинасыз жұмысқа кірмейсіңдер»  деп төтесінен шарт қоймаса да, соған сыпайы сыңай танытып қыңқылдайды. Тәуекелге бел буып, бүгін вакцина салдыруға келіп отырмын, – деді қаладағы емхананың біріне екпе алуға келген, бірақ есімін айтқысы келмеген азамат.

– Менің өз еркім өз қолымда. Әзірге вакцинаны қажетсініп тұрғаным жоқ. Қоғамдық орынға, дәріханаға,  дүкенге барғанда сақтанып, үнемі маска киіп жүремін, – дейді егде жасқа жақындаған Оксана.

Емханадан шыға бере, алдымыздан шыққан Айкүміс есімді бойжеткенді әңгімеге тарттық.

– Кеше ғана вакцинаның алғашқы компонентін қабылдадым.  Алда-жалда жұқпалы ауруды жұқтырып алсам, айналамдағыларға кесірім тимесе екен деп ойладым. Басшылардың екпеге міндеттеп  жатқанын естідім. Бірақ дәрігерлерге айтар назым бар.  Екпе алардан бұрын,  денсаулықтың жай-күйін тексеретін  дәрігерлер созылмалы  ауруға шалдыққандар мен қан қысымынан зардап шегетін  пациенттерге  вакцинаның қай түрін салдыру  ыңғайлы екені жөнінде  кеңес бермейді. Оларға дәл сол сәтте сырқаты сыр бермесе, жеткілікті секілді.  Әлде алдарына келген адам екпе алмай қайтпасын деген ұстаныммен отыр ма? Адам өмірі алғашқы орында емес пе? Әріден ойласақ, Гиппократ антына адалдық қайда? – дейді Айкүміс.

Өткен аптада  Қарағандыда  жұрттың екпе салдыру  қарқыны күрт артты. Оның үстіне шілде айының басында еліміздің мемлекеттік бас санитарлық дәрігерінің  жаңа қаулысы шықты. Онда: «COVID-19-ға қарсы вакцина алмаған жұмыскерлер үшін (тұрақты  медициналық қарсы көрсетілімдері бар және соңғы үш ай ішінде COVID-19-бен ауырып жазылған адамдарды қоспағанда) көзбе-көз режимде жұмысқа жіберуді шектесін» деген талап енгізілді.

– Иә, бас санитар дәрігердің қаулысын кеше жұмыс барысында естідік. Бажайлап қарасақ, екпе қабылдауда әр адам «иә» немесе «жоқ» деген мәселеге килігеді. Ата заңда  адам таңдауына еркіндік берілген. Дегенмен жаhанды жайлаған індеттен халықты аман сақтаудың төте жолы осы болып тұр.   Былтыр індет өршігенде әр мемлекет өз халқын  аман сақтау үшін  екпе ойлап табудың жолын тынымсыз  іздеді.  Жұрт сол кезде  тақымын қысып, бір амалдың табылуын тағатсыздана күтті. Енді ол проблема шешіліп еді,  ел қарсылық білдіріп,  өре түрегелді. Фейсбукте екпенің кесірін айтқан білгіштер  үркіп отырған қарашаға дем берді.  Жұртты түсініп болмайсың.  Әлем жаңалықтарына көз салсаң, екпеге сұраныс күн сайын арту үстінде. Жұқпалы аурудан сақтанудың төте жолын ойлаған Еуропа тұрғындары таңсәріден ұзын-сонар кезекте тұрып, екпе қабылдап жатыр. Ақылы асқан Израиль жұртының 80 пайызы вакцина алды.  Биылдан бастап  сырт елдерге табан тіреу тіпті қиындап кетті. Барлық жерде коронавирусқа қарсы екпе алғанынды айғақтайтын QR-код талап етеуде. Қазақстан дүниежүзінің бір бөлшегі емес пе? Демек, біз де түптің түбінде әлемдік үндеуді іске асырамыз. XX ғасырда өмір сүрген ұлтымыздың ұлы ойшылы Шәкәрім Құдайбердіұлы айтқандай, заманның  өмір салтына ақылдың көзімен қарауға дағдыланатын уақыт келді. Өткен шақтағы мінез-құлық, әдетпен қалсақ, кері кетеріміз кәдік, – дейді қоғам белсендісі, денсаулық сақтау саласының үздігі,  дәрігер-эпидемиолог Аманжол Нұрбеков.   

 Ал вакцина коронавирусқа  қалай қалқан болады? Бұған  журналистермен онлайн кездесу кезінде облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бибігүл Төлегенова қысқаша түсінік берді. Оның айтуынша, екпе салу барысында адам денесіне вирусқа сәйкес компонент енгізіледі. Сол кезде ағза антидене бөліп шығарады. Әлгі клеткалар дененің қорғаныс  жасушаларын нығайтады.

– Шыныққан антиденелер вирусты өкпеге өткізуге жол бермейтін қалқанша болады. Қазіргі коронавирусқа қарсы салынып жатқан  барлық вакциналардың қызметі осы міндетті атқарады. Айтпақшы, екпе алғандардың 90 пайызы дертке шалдықпайды, байқаусызда жұққызғандар  ауыр дертті жеңіл өткереді, – деп сендірді Бибігүл ханым.

Қарағандыға «Дельтадан» қатер бар ма?

Адамзат  Қытай вирусын ауыздықтай алмай жатқанда  жаңа қатер – COVID-19-дың үндістандық штамы пайда болды.  Алмағайып дүниеде аралас-құраласты тоқтату мүмкін емес. Ақпарат айдынында Алматы мен Нұр-Сұлтанда жаңа індетті жұқтырғандар табылды деген хабар тарады. Кеншілер шаhарына «Дельта» штамының қаупі бар ма? Себебі Арқа төріндегі шаһардың  мемлекеттік медицина университетінде  әлемдегі үшінші орынға ие мұхиттық дивизия мемлекетінен келетін  студенттер де  білім алады.  Бұл күндері қала көшесінде жүргендердің қарасы да аз емес.

— Мен  Н.Назарбаев  алаңында тұрамын. Осындағы шағын аллеяда  күн сайын серуендеймін.  Іргемізде тұрған медуниверситетте оқитын  үндістандық студенттер қарасы жазғы каникул басталғанда саябырлаған еді.  Енді қайта көбейіп кеткендей ме деймін. Мені осында келген үндістандық жастар вирус ағынын тасымалдамай ма деген ой мазалайды, – дейді зейнеткер Күлпән апа.

       Кейуананы алаңдатқан сауалға жауап алу үшін Қарағанды  медицина  университетінің баспасөз хатшысы Татьяна Хватиковаға  қоңырау шалдық. Аталған жоғары оқу орны бұл мәселеге табан астында жауап қатпайтынын, қызметтік хат жолдауымызды сұрап, мәселені кейінге шегерді. Бұдан қайыр болмаған соң, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіндегі мамандардан  мұхит асып келген студенттердің жағдайы мен олардың жатақханасындағы тазалық, індетке қарсы атқарылып жатқан шаралар жайлы айтуын өтіндік. Ондағы БАҚ-пен байланыс хатшысы: «Үндістаннан үміткерлер  әлі келмеді, студенттер тамызда оралады екен. Жауап сол кезде болады. Өйткені ақпарат өзгеруі мүмкін», – деп, жазбаша шорт кесіп жауап қатты. Осылайша жұмбақтың шешуіне ұласқан мәселе басы ашық күйінде қалды. Елді алаңдатқан ақпараттың шынайы әрі әділ болуы халықты қатерден сақтаудың жолы екенін кім де болсын түсінсе екен дейміз.

Екпе ауылдық жерлерге де жетті. Осы шараға елді ынталандыру бағытында Жаңаарқа ауданында вакцина қабылдаған тұрғындар арасында лотерея ойыны  ұйымдастырылды. Аталмыш ауданның олжаға кенелген екі тұрғыны «Сарыағаш» шипажайына жолдама ұтып алды.

Тегтер: медицина коронавирус ПТР тест анықтама

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Гүлжан СЕРІКҚЫЗЫ 17:53
Ішкі туризмнің халі қалай?
Сайт әкімшілігі 17:51
Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі: мемлекетке сену құқығы
Сайт әкімшілігі 17:49
Жаңа кодекс қазақстандықтарды қалай қорғайды?
Нұр САЙЛАУОВА 17:42
Қазақстанның жаһандық бастамаларына оң баға берілуде
Б.СӘРСЕНБИ 17:38
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл»
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 15:21
«Жусан» операциясы: тағдыр тәлкегінен құтқарғандар

Аңдатпа


  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39
  • «Жас алаштағы» жасын жылдар
    15.07.2021, 10:58
  • Ташкенттен «Жас Алаш» газетінің түпнұсқасы табылды (видео)
    07.07.2021, 13:15