Жемшөп қоры 100 пайыз дайын: әкімқаралардың есебіне сенуге бола ма?

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ

06.10.2021, 17:47

573

Жуырда ауыл шаруашылығы министрлігі биылғы қыстан 32,8 миллион бастан астам малды аман-есен алып шығу үшін облыс әкімдіктерімен бірлесіп жемшөп дайындау жоспары айқындалғанын,  жоспардың 98 пайызға орындалғанын мәлім етті.

Ал Түркістан облысында жағдай бұдан да «керемет». Жергілікті атқамінерлер «облысқа қажетті 3,9 миллион тонна жемшөп қоры 100 пайызға жиналды» деген ақпарат таратты. 100 пайыз! Шенеуніктердің 150, тіпті 200 пайыз деп жібермегеніне шүкір дейміз.

Жалпы, әкімдерде не істесе де, жоғарыдан келген тапсырманың екпінімен істейтін әдет қалыптасқаны жасырын емес. Мамыр айында біз құрғақшылыққа байланысты жұртшылықтың жанайқайынан кейін облыстағы аудандардың басшыларымен сөйлесіп, мал баққан шаруаларға нендей көмек көрсетіліп жатқанын сұраған болатынбыз. Біз хабарласқан бір әкімдік қызметкері: «Қазір малды халық өкімет үшін емес, өзінің күнкөрісі, отбасы үшін асырайды. Малына жемшөп керек болса, шаруа бір әрекетін жасайды ғой», – деген еді. Жергілікті әкімдіктер құрғақшылық проблемасымен шілдеде үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шұғыл және батыл қимылдар жасай алмағаны үшін ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровты отставкаға жібергеннен кейін шындап айналыса бастады десек, өтірік емес шығар. Бірақ соның өзінде де мал баққан ағайынға нендей жәрдемнің берілгені белгісіз. Әркім өз-өзімен әлек.

Ең қызығы, жергілікті шенеуніктер «жемшөп қоры 100 пайызға дайындалды» деген мәліметті қайдан алды? Неге десеңіз, қазір баяғы колхоз-совхоздың заманы емес. Мемлекет меншігінде бір мал не бір гектар жер жоқ. Бәрі жекеменшік. Мал азығын шенеуніктер жинамайды. Баяғы кеңес заманындағы атқамінерлер сияқты күндіз-түні шөп, астық ору, мал төлдету науқанының басы-қасында жүрмейді. Олай болса әркімнің есігінің алдында, қорасында тұрған жемшөптің 100 пайыз болғанын олар қайдан біліп отыр? Біз осы сауалға жауап табу мақсатында бірқатар аудан әкімдіктерімен хабарласып, ауыл шаруашылығына жауапты басшылармен сөйлескен болатынбыз.

Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары Серік Нұрман шаруалардың алдағы қысқа толығымен дайын екенін мәлім етті.

–Ауданда 327 агроқұрылым болса, соның 287-сі мал азығын жинаумен айналысады. Аудан бойынша 480,9 тонна мал азығы жиналды. Жағдайы төмен 18 отбасыға 478 пресс шөп берілді. Бұл шөпті қоғамдық жұмысқа тартылған азаматтардың көмегімен жинадық. Олар шөпті орып, 18 отбасының үйіне апарып, жинап берді. Бұдан бөлек, Қызылорда облысы Арал ауданына көмек ретінде  3000 пресс шөпті үш вагонға артып, жөнелттік. Ауданда мал азығы 100 пайызға жиналды, – деді әкім орынбасары.

«Жемшөп қорының 100 пайыз болғанын қайдан білдіңіздер?» деген сауалға әкім орынбасары:

-Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан арнайы кесте келген. Ауыл әкімдері осы кесте бойынша малы бар жеке тұрғын үйлерге барып, жинаған жемшөбі туралы мәлімет жинады. Тіпті фотосуретке дейін түсірді, – деді.  

Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары Бауыржан Ахметов те «жемшөп қорын толық қамтамасыз етіп қойдық» деді. Яғни әкімдіктегілердің сөзіне сүйенсек, 100 пайыз аспаннан алынбаған. Нақты мәлімет. Егер осы ақпарат рас болса, Түркістан облысының шаруалары биылғы қыстан қысылмай шығуы тиіс.

Ал бұған шаруалардың өздері не дейді? Мал бордақылаумен айналысып жүрген таныс бір азаматтың айтуынша, өкімет тарапынан көзге көрінерліктей көмек берілген жоқ. Әркім өз әрекетін жасап жатыр.  

-Жемшөптің биылғы бағасы қымбат. Алдағы уақытта да арзандамайтын сияқты. Кебектің келісі – 110 теңге. Былтыр осы уақытта 70 теңгенің шамасында еді. Осы төңіректе мал бордақылаумен айналысатын азаматтар ортақ чат құрғанбыз. Осы чатта жазылған мәліметтер бойынша бүгінгі күні бір пресс таза жоңышқаның бағасы 1500-1700 теңге болып тұр. Жантақтың бағасы – 700 теңге. Биылдан бастап қамысты да престеп сататын болған. Оның құны – 600 теңге. Бір машина сабан 75-80 мың теңгеден саудалануда.  Бидай мен арпаның келісі –130 теңге, жүгері жемі –135 теңге, жүгері дәні – 140 теңге, собығы –110 теңге. Жұрт малын жаппай базарға шығаруда. Мен өзім 15-20 шақты жылқымды сатуыма тура келді. Себебі оларды бәрібір қыстан алып шыға алмайтыныма көзім жетіп отыр. Көпшілік қорадағы төрт түлігінің біразын сатып, жемшөбін қамдады.  Ал малы азын-аулақтар, жағдайы көтермей тұрғандардың бір Құдайдан басқа сенері жоқ, – деді ол.

Шаруалардың айтуынша, қолдағы мал қазірдің өзінде 100 пайыз жемшөптің мұртын кеміруге көшкен. Себебі жайылымда дым қалмаған. Қосымша шөп бермесе, мал мүлдем көтерем болып қалуы мүмкін.

Жағдайдың ертең қалай болары бір Аллаға ғана аян. Рас, аудан, ауыл әкімдерінің құзырлары қысқа, ал үкімет пен облыс әкімдіктері қолдан келер шараның бәрін жасады ма? Айталық, құрғақшылық басталғалы жемшөпті экспорттауға тыйым салынды. Үкімет отырысында президент жемшөп қорын жабдықтауды субсидиялау туралы да тапсырмалар берген. Бірақ осы шаралардың нәтижесі қайда? Жемшөп бағасы неге арзандамады?

Бұған ауыл шаруашылығы министрлігі не айтады?

Тегтер: қуаңшылық құрғақшылық мал шаруашылығы мәселе

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 12:14
Орал тұрғындары үйді бұзуға қарсы наразылыққа шықты
Сайт әкімшілігі 15.10.2021, 17:20
Жаңа заң жобасы қабылданды
М.СӘУЛЕБЕК 15.10.2021, 12:19
Үлкен жолайрық – үлкен қалаларға тән құбылыс
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 15.10.2021, 08:25
«Мұнайдың үстінде отырып мұнайға жарымаймыз»
Еңлік АРЫҚБАЙ 15.10.2021, 08:23
Мектеп құлап жатыр: рас па?
Сайт әкімшілігі 14.10.2021, 12:01
«Атамекен-Түркістан» микро қаржы ұйымы алғашқы жобаны қаржыландырды

Аңдатпа


  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29