Жетістігі көп Жеңіс Қасымбек қай тұста қалт кетті?

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

28.12.2020, 10:12

2368

Қасымбек Қарағандыға әкім болып келгенде көпті көрген зиялы қауым тіксіне қабылдағаны рас. Бұл қалай?  Өндірісті өлкенің жайынан  мүлдем бейхабар жігіт оңдытып не опырмақ?..  Арада аз уақыт өткенде жұрттың сәуегейі сап тиылды.

Сан өткелден көктей самғаған Қасымбек жұмысын дөңгелетіп, тындырған шаруасын  жарнамалаймай, өз соқпағын салып ілгері жылжи берді.  Жаңа әкім жұмысты алдымен  тұрғындардың  ахуалын бағдарлаудан  бастады. Кеңсеге қамалмай, қала мен ауылды  дамылсыз кезіп жүріп қарашамен кездесті. Күрмеуі қиын өзекті  мәселенің түбіне үңіліп, мәнін түсінді. Жеңіс Махмудұлының әкімдік қызметіндегі оң өзгерістерін сараласақ, ертеден ескерусіз қалаған шеткергі шахарлар мен ауылдарда едәуір ілгерлеушіліктер басталғанын байқау қиын емес. Бұл үрдіс әсіресе, тұрғын үй-құрылыс саласында қарқын алды. Облыста  биыл жыл басынан бері  525 мың шаршы метр баспана салынды. Айналдырған бір жылдың ішінде,  «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 5730 отбасы баспаналы болды. Бюджет қаражатын тиімді пайдаланудың нәтижесінде, үй кезегінде тұрған облыс тұрғындарының саны 6 %-ке  кеміді. Мамандардың мәлімдеуінше, бұл кенді өлкеде бұрын соңды болмаған көрсеткіш. Халықтың басты мұқтажына  айналған баспана мәселесі елеулесіз қалған Қаражал мен Сәтбаевта, Абай мен Саран қалаларында, Шахтинскі кентінде, сондай-ақ  Бұқар жырау, шалғайдағы Қарақаралы аудандарының  елді-мекендерінде шешім тапты. Мұндағы, алды жиырма жылдан  бері қабырғасы  қалқайып  қалған  тұрған үйлер толықтай жөнделіп, сұраныс білдірген  жандарға кезек-кезегімен берілді. Әлеуметтік салаға да,  серпіліс кірді.  2020-жылы  күрделі жөндеуден өткен және жаңадан салынған  7 денсаулық сақтау мекемесі, 13 мектеп, 106 спорттық кешен ел игілігіне ұсынылды. Бұл істің басында аймақ басшының үлесі тұрғанын жоққа шығаруға болмас. Ол құрылысқа жауапты мердігерлерді  үнемі жауапкершілікке шақырудан таймады.

«Егер халықтың осал топтары үшін тұрғын үй салсаңыздар, онда бір жерде ақау жібере салуға болады деп ойламаңыздар. Мұндай жағдайда, қатаң тексеру болады»-деп еміс-еміс ескертіп, жадыларына құйып отырды. Ілгеріде, ҚР инвестициялар және даму вице-министрі, кейін еліміздің индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі  қызметін атқарған Қасымбек осы лауазымдарда жинаған тәжіребиесін молынан қолданды. Аймақтағы өнеркәсіптердің күретамырына қайта қан жүгірді. Өзге экономикалық көрсеткіштер бойынша да, оң серпін бар. Өңір кәсіпорындарында өнім шығару көрсеткіші өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,5%-ға артты. Биыл желтоқсан айында, Саран қаласында көлік жасайтын зауыт ашылды. Небары жиырма күнде  құрастырылып шығарылған алғашқы «Yutong» маркалы заманауи шағын автобус қазір  шахардағы №104- мектеп-гимназияның оқушыларын мектеп пен тұрғылықты жерлеріне  тасмалдап жүр. Жалпы, өңірдегі ірі  инвестициялық жобалар көлемі едәуір өсті. Облыс жетекшісі  өнеркәсіп үдерісін өркендетпей, халықтың жағдайын көтеру мүмкін емесін жақсы түсінді. Себебі, Қарағанды еліміздің жетекші индустриялы аймағы болып табылады. Аймақтағы аузын айға білеген  «АрсилорМиттал Теміртау» АҚ–ның қожайындарын бұған дейін ешқандай  әкім сабасына түсірмеген.  Кемшілігін көрсе де, кейбір шенеуніктер кежегесі кері кетіп, көзжұмабайлыққа салынатын. Дәті бармайды-ау, сірә… Металлургиялық комбинатта өткен көшпелі кеңестің  бірінде, Жеңіс Қасымбек Үндістандық магнаттарға мынаны еске салды: «Игеріліп жатқан байлықтың қожайыны-Қазақстан. Ендеше, өндіріске қажетті құрал-жабдықтарды бұдан былайғы  шет елдерден дорбалауды тоқтатып, жергілікті немесе  еліміздің аумағындағы кәсіпорындардан алыңыздар!» деп,  мәдениетті иіріммен сабасына түсірді. Жеңіс Қасымбектің кеншілер өлкесінде еңсерген  жемісті жетістіктерін  жіпке тізіп, бір мақалада арқау ету  аздық етеді. Баянды жұмыстарының бірін айтсаң, бірі қалады. Қашанда, халық –айна, сыншыл, міншіл келеді. Бұқараның ашық алаңына айналған әлеуметтік желіден осыған дейін тұрғындардың әкімге  қаратып айтқан  сын-ескертепелерін кездестірмедік. «Фейк» қуып, жалған мәліметті ыңғайымызға  салып бұрмалау әбестік болады.  Әйткенмен, арғымақ атта да сын болады. Қайыспас қара нарға теңген Қасымбектің соңғы кезде  қалт кеткен сәтіне қапа болдық. Әкім қараша айында, Қарақаралы ауданының Егіндібұлақ ауылында жөндеуден өтіп жатқан мәдениет үйі мен мектептің құрылыс жұмысын бақылауға барғанда, әлеуметтік қиындыққа киліккен тұрғындардың өтінішін елдің аузынан естіместен, жауаптылардан сұрап  жедел жүріп кетті. Өңір басшысымен көптен бері кездесуді қалаған қараша орайы келген сәтті өткізіп алғанда, қатты қапаланды. Ауылдағы ағайын арада ай өтпей жатып тұрмыстағы түйткілдерін тізбектеп облыс басшысына хат жазды. Аймақ жетекшісі  облыс орталығынан 300 шақырым қашықтықта жатқан қасиетті өңірдің халқымен  жүзбе-жүз қауышудан неге тайсалды? Әлде,  жергілікті атқамінерлердің уәжіне  иланды ма? Жеңіс Қасымбектің ендігі ұтылған тұсы  неде?

Қасымбектің  атқарушы билік лауазымына отырғанына  3 ай толған күні азат елдің абыройын асқақтатып жүрген боксшы Геннадий Головкин туған жеріне арнайы келді. Әлем чемпионын облыс әкімі қабылдап, жылы жүздесу өткізді. Екеуара кездесу барысында спорт саласын дамыту жайы талқыға салынды. Дүниежүзіне әйгілі спортшы балалық шағының белесі қалған Майқұдықтағы кетеуі кеткен көлік жолын толық жөндеуден өткізуді, «Литейщик» стадионын қалыпқа келтіруді сұрады. Қасымбек сөзінде тұрды, даңқты  спортшысының өтінішін іске асырды. Алайда, әкім Головкинді  осы жолғы жеңісімен әлеуметтік желі арқылы ғана құттықтады. Жерлестері атынан жеделхат  жолдамады. Одан қалса, сұңқар спортшының анасы-Елизавета Головкина кеншілер шахарында тұрады. Дүйім Қазақстандықтардың көңілі тасыған сәтте, әкім біртуар азаматтың анасына барып қуанышын еселеткенде, қандай жарасымды болар еді?! Әлде, мемлекет қайраткерлерінің алдын орап, әдептен озбайын  деп әдептілікке салынды ма, екен?! Әкім екі ұдай күйге түскенде, жөн көрсетіп, жол сілтейтін айналасындағы аттай шабылған идеологтар қайда қарап қалды? Қапыда кеткен кілтипан кейін кемелдене келе кемейтіні хақ. Келешегінен үміт күттіретін әкімнің ендігі әйдек бастамаларын келер жылдың еншісіне қалдырайық.

Тегтер: әкім тағайындау кадр маман мәселесі

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ 18:10
Шығыста «қосылғыштар» орын алмасып жатыр
Сайт әкімшілігі 12:19
Сегіз өңір "қызыл" аймаққа енді
Мариям МАҚСАТ 09:30
Ауылдағы ағайын ауызсуға жарымай отыр
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 26.01.2021, 11:30
Кітапқұмар қылмыскердің жазасы қысқаруы мүмкін
Тоқтар ҒАБДІРЕШҰЛЫ 26.01.2021, 10:28
Шалқар көлін құтқару «операциясы» қашан басталады?
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ 26.01.2021, 10:23
Өкімі өзінен бұрын жеткен Сақтағанов Семейді басқаруға тағайындалды

Аңдатпа


  • Кім көрінгеннің ермегіне айналған отбасы заңы
    09:28
  • Озат ойдың айбыны
    26.01.2021, 11:26
  • Өкімі өзінен бұрын жеткен Сақтағанов Семейді басқаруға тағайындалды
    26.01.2021, 10:23
  • "Вакцина жасатқандар жарты жылдан кейін жаппай өле бастайды», бұл ақиқат па?
    25.01.2021, 09:46
  • Қазақ қызы АҚШ президентінің протокол басшысының міндетін атқарушы болып тағайындалды
    22.01.2021, 13:10