Жобалар жүзеге асуымен құнды

Нұр-Қасым ЖОМАРТ

22.10.2020, 04:30

3806

Жуырда Қызылорда облысының 2023 жылға дейінгі экономикалық даму жоспары әзірленді. Оның аясында құны 270 млрд теңге болатын 265 жоба іске аспақ. Бүгінде оның 59-ы іске асырылып, 50-ге жуығы жұмыс үстінде екен. Бұл туралы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен өткен экономикалық және бюджеттік саясат мәселелері жөніндегі кеңесте білдік.

Енді индустрияландыру бағдарламасы аясындағы ірі өндірістерге ілеспе бизнес қызметтері қосылып, әлеуметтің әлеуетін көтеретін жаңа жұмыс орындары ашылмақ. Облыс әкімінің айтуынша, өндірісті өркендетудің нақты қадамы айқын, жоспары жүйелі. Дегенмен, сұранысқа ие мамандар жоқтың қасы дейді. Карантин кезінде кейбір ірі құрылыстардың қарқыны бәсеңдеп қалуына да шетелдік жұмыс күшінің жетіспеушілігі себеп болған деседі. Олқылықты облыс әкімінің өзі бағамдап тұр. 

– Ертең мына іске қосылатын шыны зауытында шетелден келген мамандар жұмыс істейді. Біз он жыл бұрын осы шыны зауыты салынатынын білдік қой. Неге маман дайындамаймыз? Өңірде оқытылатын мамандықтарға талдау жүргізе отырып, жүйелі жоспар құру қажет, – деген Гүлшара Әбдіқалықова бір нәрсені ескермеген сыңайлы. Кезіндегі әкім Көшербаев осы бағытта ашылатын өндіріс орындарына арнаулы мамандар даярлау мақсатында Ресей елінің іргелі оқу орындарымен келісіп, бірнеше жүздеген студенттерді оқытуды бастаған еді. Енді осы мамандарды шашау шығармай, іргелі жұмыстарға жұмылдыруды бүгінгі әкім қолға алуы қажет. Өйткені тамыр-таныстықпен ғана қызметке тұратын туған жерінен жұмыс таппай, сырттап кеткен жастар жетерлік. Оларды осы бастан кадрлық резервке қойып, шетелден келетін немесе сыбайластықпен жұмысқа тұратындарға тосқауыл қою өзекті мәселе.

Өңірде әлі ашылмаған шыны зауытынан бөлек, бүгінгі күнге аса қажет дәрігер қауымы тапшы болып тұр.

Індеттің екінші толқынына арналып салынып жатқан Жалағаштағы құны қымбат аурухана екі айдың айналасында іске қосылмақ. Дегенмен, «дәріге» емес, дәрігерге деген сұраныс тағы шығады.

– Облысқа әлі де 120 дәрігер қажет. Керек болса, пәтер берейік. Жол картасын жасаңыздар. Оларды ынталандыру мақсатында ұсыныстар жасайық, – деді Г.Әбдіқалықова.

Бұдан бөлек, облыс әкімі суармалы судың жайын, жоба деңгейінде тұрған бірқатар су қоймаларын салу мәселесін, әсіресе, егіншілікті әртараптандыру бойынша ғылыми негізделген ұсыныстар енгізу қажеттігін айтты. Ал балық шаруашылығына келесі жылы 1 млрд теңге қаржы бөлу жоспарда тұр екен. Бұл қаражат 55 көл-тауарлы балық шаруашылығын, 9 тоған және акваөсіру өндірістеріне бөлінбек. Аймақта тауарлы балық шаруашылығын дамыту маңызды, әрине. Бірақ одан бөлек, бақша немесе балық шаруашылығына берілетін субсидия мәселесін біржақты ету мәселесі ол тұр.

Субсидия мәселесіне орай, балық шаруашылығында 12 жылдан бері тер төгіп жүрген Төребек Игіліков өзінің ойын ортаға салды.

– Бізге субсидияны тек қана жемге беріп, басқаға бермей тұр. Малға көп субсидия беріліп жатыр. Ал біздер балық шаруашылығында шетелге экспорт жасап, көп есе жіберіп жатырмыз, – дейді кәсіпкер. 

Оның ашқан цехында жылына 1,5 мың тонна балық өңделіп, ішкі нарықтан бөлек, алыс-жақын шетелдерге экспортталады. Жыл сайын балық өніміне сұраныс артқандықтан, ол жақында Ақшатау көлінің маңынан инкубациялық цех салды. Енді өндірісін 5 есе арттыруды көздеп отыр. Алайда тіршілігіне тұсау болған түйткілдер жоқ емес…  

Бұдан бөлек, су қорғау белдеулерінде балық өсіру шаруашылықтары мен құрылыстар салуға тыйым салынған. «Балық өсіру кезіндегі тұтынылған су көлеміне артық төлем жасау секілді мәселелерді де заңнамалық тұрғыда шешу маңызды»  дейді сала маманы Т.Барақбаев. 

– Балықпен айналысатын кәсіпкерлерге, балық өсіруші мамандарға мемлекет тарапынан субсидия бөлу керек. Яғни, ол субсидиялар жемге, құралдар алып беруге, ғылыми биологиялық негіздемелер жасауға үлкен көмек болар еді, – дейді «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» Арал филиалының директоры Тынысбек Барақбаев. 

Сарапшылардың айтуынша, саланы серпілту үшін салық, су, жер кодекстеріне де бірқатар түзету енгізу қажет екен.

Аймақта жылына 12,5 мың тонна балық өңдейтін 9 зауыт бар. Оның төртеуін «Еурокод» иеленген. Яғни, өнімін Еуропа елдеріне сата алады. Бірақ жыл сайын өзен-көлдерден бар болғаны 8 мың тонна су маржаны сүзіледі. Балық шаруашылығын толық қуатында жұмыс істету үшін шикізат қорын көбейту керек. Оны қайтып көбейтеміз. Әрине, тоған шаруашылығын, балық қорын көбейтуді көздейміз. Енді әкім айтқан өңірлік бағдарламалармен қатар, облыстың 2023 жылға дейінгі экономикалық даму жоспары іске асатын болса, балық өсірудің адымы ашылар еді. Оны сала мамандары да құптап отыр.  

Кеңесте Г.Әбдіқалықова бюджет қаражатының тиімді әрі мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз етуді, қаржылық тәртіпті қатаң сақтауды тапсырды. Жалпы, айтылған жобалар орындалса, әкімнің абыройын биіктете түсер еді. Бірақ айналасындағылар «айтқанға құлақ түрсе» дейсің ғой.

Бір айта кетерлігі, келер жылға арналған бюджет жобасы ешқандай қарызсыз бекітілетін болыпты. Бұл үшін 27,6 млрд теңге қаралып отыр екен.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Мариям МАҚСАТ 17:49
Ұлттық Ұлан сарбаздары Павлодарға жете алмай әлек болды
Тоқтар ҒАБДІРЕШҰЛЫ 16:57
Қар жауғанда тал егу қаржы жымқырудың тәсілі емес пе?
Тоқтар ҒАБДІРЕШҰЛЫ 10:30
Орман оталса, Орал «өкпесінен» айырылады
Нұр-Қасым ЖОМАРТ 23.11.2020, 18:46
Қызылордада жаңа әуежай салынбайды
Сайт әкімшілігі 23.11.2020, 16:59
"Ешбір тыйым болмай тұрған тойларды тоқтату керек" - Шөкеев
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 23.11.2020, 12:59
13 жастағы жасөспірім жоғарғы қабаттан құлады

Аңдатпа


  • «Жас Алаштың» себепкер болуымен көп балалы ана жер алды
    23.11.2020, 11:20
  • Құны 68 мың теңгелік бетперденің қандай мақсатта алынғаны белгілі болды
    12:41
  • Үгіт-насихат материалдарын "Жас Алашқа" ұсыну тәртібі туралы мағлұмат
    23.11.2020, 18:42
  • Семинарға сенбеңіз, қаржылық сауаттылық туралы оқытқан алаяқ ұсталды
    23.11.2020, 10:49
  • Ауыз шаюға арналған сұйықтық коронавирусты емдей ме?
    23.11.2020, 09:56