Live

Алматы облысында 422 млн теңгеге жаңартылған кітапхана пайдалануға берілді

Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданындағы Шелек ауылында күрделі жөндеуден өтіп, заманауи талаптарға сай қайта жаңғыртылған кітапхана пайдалануға берілді.

Фото: gov.kz

Салтанатты ашылу рәсіміне зиялы қауым өкілдері, мәдениет саласының мамандары, қоғам қайраткерлері, ауыл тұрғындары мен оқырмандар қатысты.

Іс-шараға арнайы келген Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев жаңа кітапхананың өңірдің рухани және мәдени өміріндегі маңызына тоқталып, кітапхана қорын 100-ден астам сұранысқа ие жаңа кітаппен толықтырды.

Жаңғырту жұмыстары нәтижесінде кітапхана толықтай заманауи үлгіде жабдықталып, оқырмандарға қолайлы жағдай жасалған. Ғимарат бірнеше функционалды аймаққа бөлінген. Мұнда оқу және абонемент залдары, конференц-зал, балалар бөлімі, интернет орталығы мен коворкинг алаңы жұмыс істейді. Сонымен қатар цифрлық технологиялар енгізіліп, келушілердің ақпаратқа қолжетімділігі кеңейтілген.

Кітапхана қоры бүгінде 88 мыңнан астам әдебиетті қамтиды. Тұрақты тіркелген оқырмандар саны 4,5 мыңға жуық. Нысанды жаңғыртуға жалпы көлемі 422 миллион теңге қаржы жұмсалған.

Салтанатты жиында сөз сөйлеген Марат Сұлтанғазиев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кітапхана саласын дамытуға ерекше көңіл бөліп келе жатқанын атап өтті.

Облыс әкімінің айтуынша, кітапхана – ұлттың тарихи жады мен рухани қазынасын сақтайтын маңызды мәдени институт. Сондықтан елімізде кітап оқу мәдениетін дамыту, жастардың білімге деген қызығушылығын арттыру және кітапханаларды жаңғырту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді.

Сондай-ақ өңір басшысы Алматы облысында бүгінде 145 кітапхана тұрақты жұмыс істеп тұрғанын айтты. Жыл сайын жергілікті бюджет есебінен кітап қорларын толықтыруға қаражат бөлініп, отандық қаламгерлердің жаңа туындылары оқырманға жол тартуда. Қазіргі уақытта облыста тағы екі кітапхана жаңғыртудан өтіп жатыр.

«Жаңартылған кітапхана тек кітап сақталатын орын ғана емес, жастардың шығармашылық әлеуетін дамытатын, жаңа идеялар туындайтын және тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік беретін заманауи мәдени орталық болуы тиіс. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады», – деді облыс әкімі.

Шара барысында Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев пен ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Ғазиза Нұрғалиева сөз сөйлеп, жаңартылған кітапхананың ашылуымен құттықтады. Қонақтар кітапхана қорына бірқатар құнды басылымдарды тарту етіп, мұндай мәдени ошақтардың қоғамның интеллектуалдық дамуы үшін маңызы зор екенін атап өтті.

Ауыл тұрғындары да жаңа кітапхананың ашылуын үлкен қуанышпен қабылдады. Олардың айтуынша, заманауи әрі жайлы орта балалар мен жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, білім алуға қосымша мүмкіндік береді.

Жаңғыртылған кітапхана енді Шелек ауылының тұрғындары үшін білім мен мәдениеттің, рухани дамудың және қоғамдық белсенділіктің маңызды орталығына айналмақ. Бұл жоба өңірде кітап оқу мәдениетін дамытуға бағытталған жұмыстардың нақты нәтижесі ретінде бағалануда.

Сайт Әкімшілігі