Филиппиннің оңтүстігіндегі жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 37 адамға жетті
Филиппиннің оңтүстігінде болған магнитудасы 7,8 балдық жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 37 адамға жетті.
Елдің Азаматтық қорғаныс басқармасының мәліметінше, табиғи апат салдарынан 456 адам жарақат алған. Тағы төрт адам із-түзсіз жоғалғандар қатарында.
Жергілікті билік өкілдерінің хабарлауынша, Минданао аралы аумағында шамамен 1,9 мың ғимарат зақымданған. Олардың қатарында мектептер, ауруханалар және тұрғын үйлер бар. Соның ішінде 1,5 мыңға жуық нысан толықтай қираған.
Хенераль-Сантос халықаралық әуежайы да зардап шегіп, нәтижесінде бірқатар әуе рейстері тоқтатылды.
Соған қарамастан, Филиппиннің Азаматтық авиация басқармасы әскери, үкіметтік және гуманитарлық ұшақтарға табиғи апат салдарын жою жұмыстарын жүргізу үшін әуежайды пайдалануға рұқсат берді.
Апаттан қатты зардап шеккен Хенераль-Сантос қаласында төтенше жағдай жарияланды.
Жер сілкінісі елдегі мемлекеттік мектептерде жаңа оқу жылы басталған күні болған. Мемлекеттік Philippine News Agency агенттігінің мәліметінше, табиғи апаттың салдары шамамен 3,2 миллион оқушыға, сондай-ақ 128 мың мұғалім мен білім беру ұйымдарының қызметкерлеріне әсер еткен.
Жер сілкінісінен кейін Pacific Tsunami Warning Center Филиппин жағалауының кейбір бөліктерінде биіктігі үш метрге дейінгі, ал Индонезия мен Малайзия жағалауларында бір метрге дейінгі толқындар болуы мүмкін екенін ескерткен. Кейіннен цунами қаупінің негізінен сейілгені хабарланды.
Филиппин табиғи апаттарға ең жиі ұшырайтын мемлекеттердің бірі саналады. Елдің Тынық мұхитының отты белдеуі аумағында орналасуы жер сілкіністері мен жанартау атқылауларының жиі болуына себеп болады. Бұған қоса, архипелаг жыл сайын шамамен 20 тайфун мен тропикалық дауылдың ықпалына ұшырайды.