Еуроодақ Қазақстандағы кейбір компанияларға санкция енгізбек
Еуроодақ Ресейге қарсы жаңа санкциялар пакеті аясында бірқатар үшінші елдердің компанияларына экспорттық шектеулер енгізуді жоспарлап отыр.
Бұл туралы ЕО-ның сыртқы саясат және қауіпсіздік мәселелері жөніндегі жоғарғы өкілі Кая Каллас мәлімдеді.
Оның айтуынша, жаңа тізімге дрон өндіруге қатысы бар 30-дан астам нысан енгізіледі.
Сонымен қатар Еуроодақ Қытай, Түркия, Қырғызстан, Қазақстан, Біріккен Араб Әмірліктері және Үндістанда орналасқан 50 компанияға экспорт шектеу енгізуді көздеп отыр.
Жаңа санкциялар пакеті Ресейдің, соның ішінде дрондар өндірісінде пайдаланылуы мүмкін тауарлар мен технологияларға қол жеткізуін шектеуге бағытталған.
Әзірге шектеуге ілігуі мүмкін компаниялардың нақты тізімі жарияланған жоқ.
Айта кетейік, бұған дейін Еуроодақ Ресейге қарсы 20-санкциялық пакет аясында үшінші елдерден 120 жеке тұлға мен 16 ұйымды тізімге енгізді. Олардың қатарында Қазақстандағы бір компания мен оның басшысы болды.
Шектеулер Алматыда тіркелген United Trading Group компаниясына қатысты енгізілді. Бұл компания 2022 жылдың наурызында, Ресейдің Украинаға қарсы соғысы басталғаннан кейін көп ұзамай құрылған.
Ашық деректерге сәйкес, компанияда небәрі бір қызметкер тіркелген. Соған қарамастан, төрт жыл ішінде 111 млн теңгеден астам салық төлеген. Ал қызметкердің жалақысы ең төменгі деңгейде — шамамен 85 мың теңге болған.
Санкциялар сондай-ақ компанияның негізін қалаушы әрі басшысы Әлімжан Бековке де салынды. Еуроодақтың пікірінше, компания Қазақстан аумағы арқылы ресейлік өнеркәсіпке қажет таза хлористі сутекті жеткізуге қатысқан болуы мүмкін..
Бұған дейін Еуроодақ санкцияларына қазақстандық Kazstanex, «Металлстан», Elem Group және DA Group компаниялары да іліккен болатын.