Live

Ұлттық ұлан төрт баланың әкесіне баспана бермеу ісі бойынша сотта жеңілді

Қостанайда Ұлттық ұланның әскери қызметшісі – төрт баланың әкесі тұрғын үй алу құқығын сот арқылы қорғауға мәжбүр болды.

Фото: из открытых источников

Сот мәліметінше, әскери қызметші 2019 жылдан бері отбасы мүшелерімен бірге баспанаға мұқтаж ретінде тіркеуде тұрған және тұрғын үй төлемдерін алып келген. Алайда 2025 жылы оған алты адамнан тұратын отбасы үшін 32,6 шаршы метрлік бір бөлмелі пәтер ұсынылған. Тұрғын үй көлемі отбасы құрамына сай келмегендіктен, ол ұсыныстан бас тартқан.

Осыдан кейін тұрғын үй комиссиясы оны кезектен шығарып, төлемдерді тоқтату туралы шешім қабылдаған. Әскери қызметші бұл шешіммен келіспей, сотқа жүгінді.

Сот бірінші инстанцияда талап-арызды қанағаттандырып, комиссия шешімін заңсыз деп таныды. Апелляциялық шағым берген Ұлттық ұлан бұл істе де жеңіліс тапты – сот бастапқы шешімді өзгеріссіз қалдырды.

Сот шешімінде тұрғын үй беру кезінде отбасы құрамын және заңда белгіленген нормаларды сақтау қажет екені атап өтілді. Ал алты адамнан тұратын отбасыға бір бөлмелі пәтер ұсыну – талаптарға сай келмейтіні көрсетілді.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: ұлттық ұлан