Live

Қазақтың рухани құндылықтарын бойына сіңірген сарбаз: бес аспапта ойнайтын жауынгер Ұлттық ұлан қатарына қосылды

Қазақ халқы үшін күй мен музыка – тек өнер емес, ұлттың жаны мен тарихын жеткізетін рухани мұра.

Фото: polisia.kz

 Домбыраның үні арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жеткен бұл құндылық бүгінгі жас буынның бойында да жалғасын тауып келеді.

Осындай ұлттық өнерді серік еткен Қарағанды қаласының тумасы Бексұлтан Серікбеков Ұлттық ұланның 5512 әскери бөліміне қатардағы жауынгер ретінде қабылданды. Ол ішекті, үрмелі және пернелі музыкалық аспаптарды жетік меңгерген талант иесі.

Бексұлтанның алғашқы аспабы – домбыра. Тоғыз жасынан бастап күй тартып, бүгінде қырыққа жуық күйді орындайды. Оның ішінде «Алатау» күйі жүрегіне ерекше жақын. «Домбыра тартқанда жан дүнием тынышталып, артық ойдан арыламын. Сондықтан әскерге де өзіммен бірге домбырамды ала келдім», – дейді сарбаз.

Жас өнерпаз 2021 жылы Астанада өткен “Ақсұңқар” республикалық байқауында бірінші орын алған. Мектептен кейін Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжіне түсіп, домбырамен қатар қылқобыз, қобыз, флейта және фортепиано аспаптарын меңгерген.

Бексұлтан алдағы уақытта әскери оркестр құрамына қосылып, өнер мен әскери қызметті қатар алып жүруді жоспарлап отыр. Оның арманы – қазақтың ұлттық аспаптарын, әсіресе қылқобыздың үні арқылы әлемге таныту.

Қазіргі таңда жас жауынгер әскери бөлімде ғана емес, қалалық іс-шараларда да белсенді өнер көрсетіп жүр. Сонымен қатар ол Павлодар қаласының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге атсалысып, қызмет барысында батылдығымен көзге түсуде.

Сайт Әкімшілігі