Live

Адвокаттар Тоқаевқа үндеу жолдады: «Адамдар сот әділдігіне деген сенімін жоғалта бастады»

Қазақстандық адвокаттар елдегі сот жүйесіндегі ахуалға байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдады.

Фото: из открытых источников

Адвокат Шолпан Исмаилова жариялаған үндеуде соңғы уақытта азаматтардың сот шешімдеріне қатысты күмәні мен наразылығы күшейіп бара жатқаны айтылған.

«Бүгінде көптеген азаматтар соттардың түсіндіру қиын шешімдерімен бетпе-бет келуде. Істерде маңызды дәлелдер мен заң талаптарының өрескел бұзылғаны анық көрініп тұрса да, кей жағдайда логикаға да, әділет қағидаттарына да сыймайтын үкімдер мен шешімдер қабылданады. Кейбір судьялар өз әрекеттері үшін жауапкершіліктен қорықпайтын сияқты әсер қалдырады. Жазасыздық сезімі қауіпті деңгейге жеткендей көрінеді. Тараптардың уәждері ескерілмейді, маңызды дәлелдер назардан тыс қалады, ал кейде істің нәтижесі нақты жағдайларға қарамастан алдын ала шешіліп қойғандай әсер қалдырады», – делінген үндеуде.

Құжат авторлары әсіресе заңсыз немесе даулы шешімдердің жоғары тұрған сот сатыларында тиісті бағасын алмайтынына алаңдаушылық білдірген.

«Сот қателіктерін түзетудің орнына азаматтар көп жағдайда сол шешімдердің формалды түрде мақұлданғанын көреді. Сондықтан қоғамда сот жүйесіне жекелеген өзгерістер емес, терең әрі ауқымды реформалар қажет деген пікір жиі айтыла бастады. Адамдар сот әділдігіне деген сенімін жоғалтып барады. Адвокаттар ең сенімді дәлелдердің өзі заңды нәтижеге жеткізбейтін жағдайлармен жиі кездесуде. Құқық қорғау барған сайын қиындап барады, өйткені істердің әділ әрі объективті қаралатынына деген сенім әлсіреп келеді», – деп жазылған үндеуде.

Заңгерлердің айтуынша, мәселе жекелеген оқиғалармен ғана шектелмейді.

«Бұл – заңгерлер қауымдастығы мен қарапайым азаматтарды алаңдатқан үрдіске айналып отыр. Заң мен дәлелдер шешуші рөл атқармаса, әділдікті қайдан іздейміз деген сұрақ жиі қойылады. Сот жүйесі – мемлекеттің іргетасы. Егер халық сотқа сенбесе, басқа мемлекеттік институттарға деген сенім де әлсірейді. Бұл – шұғыл назар аударуды қажет ететін қауіпті үдеріс», – дейді үндеу авторлары.

Осыған байланысты адвокаттар президенттен сот жүйесіндегі жағдайға назар аударып, азаматтардың әділ сотқа деген сенімін қалпына келтіруге, заңсыз шешімдер үшін жауапкершілікті күшейтуге және заң үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған нақты реформаларды бастауға шақырды.

«Қазақстанға әділ, тәуелсіз әрі жауапты сот қажет. Онсыз шынайы құқықтық мемлекет құру мүмкін емес», – делінген үндеуде.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Сот