Әмір Қасеновтың ісі жабық қаралса, оны цензура ретінде бағалауға болады – адвокат
«ҚазТАГ» агенттігінің бас редакторы Әмір Қасенов үстінен өтіп жатқан сот процесін жабық форматта өткізу цензураның көрінісі ретінде бағалануы мүмкін. Бұл туралы оның адвокаты Сәлімжан Мусин мәлімдеді.
Адвокаттың айтуынша, мұндай істерде тараптардың бірі сот отырысын жабық режимде өткізуді сұрап, істің жария талқылануын, БАҚ қатысуын және ақпараттың кеңінен таралуын шектеуге тырысады.
«Конституцияда, Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіде, сондай-ақ Қылмыстық-процестік кодексте сот процестері ашық, жария және бейтарап өтуі тиіс екені көрсетілген. Бұқаралық ақпарат құралдары мен сотқа қатысқысы келетін азаматтардың қатысуына мүмкіндік берілуі керек. Қоғам сот төрелігінің қалай жүзеге асырылатынын білуге тиіс», - деді Мусин.
Оның сөзінше, жұртшылық тек үкімді естіп қана қоймай, сот барысында ұсынылған дәлелдер мен тараптардың уәждерін де көруі керек. Бұл сот шешімінің әділдігі мен объективтілігіне көз жеткізуге мүмкіндік береді.
Адвокат БАҚ-тың сот процестерін жариялау құқығы заңмен қорғалатынын атап өтті.
«Цензураға заңмен тыйым салынған. Сондықтан сот процесінің ашықтығын шектеу белгілі бір деңгейде цензура ретінде қабылдануы мүмкін», - деді ол.
Мусин сондай-ақ сот отырысының күні бастапқыда 15 маусымға белгіленіп, кейін күтпеген жерден 10 маусымға ауыстырылғанын айтты. Оның пікірінше, мұндай тәжірибе бұған дейін де кездескен.
Адвокат мысал ретінде журналист Мұрат Адам лицензиясынан айырылған кездегі сот процесін келтірді. Оның айтуынша, ол кезде де сот күні ертерек мерзімге ауыстырылып, БАҚ өкілдерінің қатысуы шектелген.
«Қазір соттарда журналистерге көбіне жеке зал бөлініп, сот отырысын шағын монитор арқылы көруге мүмкіндік беріледі. Бірақ монитордан трансляция көру мен сот залында тікелей отырып, қатысушылардың реакциясын, эмоциясын бақылаудың айырмашылығы өте үлкен. Бұл ақпарат алуға елеулі кедергі келтіреді», - деді адвокат.