Ұлттық қауіпсіздік – ел тұрақтылығының кепілі
Қай елде болмасын, ұлттық қауіпсіздік – мемлекеттің болашағы мен азаматтарының амандығын қамтамасыз ететін басты басымдықтардың бірі.
Қазақстан үшін де бұл салада жүйелі әрі кешенді жұмыс атқару – стратегиялық маңызы бар міндет.
Қазақстан бейбітсүйгіш, өркениетті мемлекет ретінде тұрақтылықты ту еткен ел. Алайда бейбіт өмір мен қоғамдық тәртіпке қауіп төндіретін қылмыстық әрекеттерге тосқауыл қою – үздіксіз назарда тұрған мәселе. Осы орайда ел тыныштығын қорғау жолында Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) мен Ішкі істер министрлігі (ІІМ) айрықша рөл атқарып келеді.
Террористік қауіп пен оның алдын алу. ҰҚК-нің мәліметінше, соңғы екі жылда 4 террористік актінің алдын алынып, терроризм мен экстремизмге қатысы бар 84 адам сотталған. Тағы 44 күдікті ұсталып, тергеу амалдары жүргізілді. Сонымен қатар лаңкестік әрекетке қатысы бар 6 қазақстандық азамат Түркия мен Сириядан елге жеткізіліп, екеуі сот үкімімен жазаланды. Шетелден келуі мүмкін қауіптердің алдын алу мақсатында 824 шетелдік азамат Қазақстанға кіргізілмеді.
2025 жылдың алғашқы жартысында да лаңкестікке қарсы іс-шаралар жалғасып жатыр. Атап айтқанда, 32 адам террористік қылмысы үшін сотталып, 23 адам тергеліп жатыр. Екі террористік әрекеттің жолы кесілген: бірі – Ақтауда, екіншісі – шетелде жоспарланған.
Қылмыстық топтарға соққы берілді. Ұйымдасқан қылмыстық топтарға (ОПГ) қарсы күрес күшейтілді. ІІМ-нің дерегінше, 2025 жылдың басынан бері ұйымдасқан қылмыстық топтарға қатысы бар 51 іс қозғалған. Жалпы саны 150-ден аса күдікті тергеуге алынды. Бұл істердің кейбірі трансұлттық сипатқа ие – алғаш рет халықаралық деңгейде қылмыстық қоғам құру және оған жетекшілік ету дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.
Алматыда “күзет қызметі” атын жамылып әрекет еткен топтар анықталды. Олар бұзақылық жасап, ақша бопсалап, заңсыз қару сақтаған. Соңғы екі жылда ғана 90-нан аса қылмыстық топтың ісі сотқа жіберіліп, 130-дан астам адам 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.
Есірткімен күрес – басты бағыттардың бірі. ҰҚК мен ІІМ есірткімен күреске ерекше мән беріп отыр. 2024 жылы ғана 33 есірткі зертханасы жойылып, 35 халықаралық, 31 өңірлік арна анықталған. 3,2 тонна есірткі, 4,5 тонна көкнәр шикізаты және 18,8 тонна прекурсор тәркіленіп, 162 адам сотталды.
2025 жылдың алғашқы алты айында тағы 800 кг синтетикалық есірткі мен 13 тоннадан аса химиялық реагент тәркіленді. 16 жасырын зертхана мен 41 есірткі арнасы жойылып, есірткі тасымалына тосқауыл қойылды.
Қарудың заңсыз айналымына тыйым. Соңғы жылдары заңсыз қару-жарақ пен оқ-дәрілердің айналымы да қауіп төндіруде. ҰҚК-нің дерегінше, 505 дана атыс қаруы, 5 қолдан жасалған жарылғыш құрылғы, 45 жарылғыш зат пен 15 мыңнан астам оқ-дәрі тәркіленген. 2025 жылы тағы 316 дана қару мен оқ-дәрі заңсыз айналымнан алынды.
Шекара қауіпсіздігі мен киберқорғаныс. Мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту, көлеңкелі көші-қон және контрабанда әрекеттері де назардан тыс қалмаған. 2024 жылы шекара қызметі 55 мыңға жуық заң бұзушыны ұстаған. 2025 жылы 17 мыңнан аса адам шекара режимін бұзғаны үшін жауапқа тартылып, заңсыз балық аулау құралдары тәркіленген. Құны 3 миллиард теңгеге жуық залалдың жолы кесілді.
Сондай-ақ ҰҚК киберқауіпсіздікке қатысты 552 миллионнан астам кибершабуыл мен 6 мың DDoS-шабуылды тойтарып, мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін қорғап қалды.
Сыбайлас жемқорлықпен күрес. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытта жүргізілген істер нәтижесінде 1,6 триллион теңге көлеміндегі қаржының ұрлануына жол берілмей, 315 миллиард теңге мемлекетке қайтарылған. Бұл бағытта 46 адам сотталған.
Қазақстанның қауіпсіздігі – елдегі бейбіт өмір мен тұрақтылықтың кілті. ҰҚК мен ІІМ-нің үйлесімді жұмысы, қылмыстық топтарға, экстремизм мен терроризмге, есірткі айналымына, қару-жарақтың заңсыз тасымалына қарсы күресі елдің болашағы үшін маңызды. Алайда мемлекеттік құрылымдардың жұмысы ғана емес, әр азаматтың саналы әрекеті де – қауіпсіз қоғамның негізі. Қоғамда заңға бағыну, тәртіпке мойынсұну, қылмысты үнсіз қолдамау – нағыз отансүйгіштіктің белгісі!