Әлеумет

Хаменеи өлтірілгеннен кейін Ресейде Путинді қорғайтын бақылау жүйесі уақытша өшірілген

Иранның Жоғарғы көшбасшысы Әли Хаменеи қаза тапқаннан кейін Ресейдің арнайы қызметтері президент Владимир Путин мен басқа да жоғары лауазымды тұлғалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған арнайы бақылау жүйесін уақытша өшірген.

Фото: Жас Алаш коллаж

Бұл туралы екі дереккөзге сілтеме жасаған Financial Times хабарлады. Басылым мәліметінше, арнайы қызметтер жүйені мұқият тексеріп, оны интернеттен барынша оқшаулауға тырысқан. Тексеруден кейін ғана жүйе қайта іске қосылған. Аталған жүйе Мәскеу көшелеріне орнатылған шамамен 300 мың бейнекамерадан бөлек жұмыс істейді.

Ақпан айының соңында Әли Хаменеи өлтірілгеннен кейін Израиль барлау қызметі Тегеран жолдарындағы бақылау камераларын бақылауға алып, олардан бірнеше жыл бойы ақпарат алып отырғаны белгілі болған. Басылымның жазуынша, осы мәліметтер Хаменеиге қарсы жасалған әуе шабуылын дайындауға пайдаланылған.

Financial Times мәліметіне сәйкес, бақылау жүйелерін хакерлердің немесе шетелдік барлау органдарының бұзып кіруі бұрыннан белгілі құбылыс. Алайда жасанды интеллект мыңдаған камерадан жиналған миллиондаған сағаттық бейнежазбаларды өңдей алатын қазіргі кезеңде мұндай заңсыз қолжетімділік ерекше қауіп төндіреді.

Басылым сонымен қатар ирандықтардың да Израильдің бейнебақылау жүйелеріне ене алғанын жазады. Бірақ үздіксіз келіп жатқан бейнеағындарды өңдейтін қуатты құралдар болмағандықтан, мұндай әрекеттердің тиімділігі шектеулі болған.

Мамыр айының басында Еуропа елдерінің бірінің барлау қызметі Ресейдің Федералдық қауіпсіздік қызметі Путинге жасалуы мүмкін қастандықтан қауіптеніп, оның қауіпсіздік шараларын айтарлықтай күшейткенін хабарлаған еді.

Financial Times дерегінше, мұндай алаңдаушылық Ресейдегі бақылау камераларына қол жеткізе алған және ресейлік жоғары шенді әскери қызметкерлерге қарсы операциялар кезінде ұялы байланыс деректерін пайдаланған украин арнайы қызметтерінің мүмкіндіктерімен байланысты болуы ықтимал.

Басылым келтірген мәлімет бойынша, ресми құрылымдарға қатысы жоқ украиналық хакер Кремльдегі бейнекамералардың «әлі де жұмыс істеп тұрғанын және оларға тұрақты түрде бұзып кіру әрекеттері жасалатынын» айтқан. Алайда ол Украинада осы деректерді толық талдауға қажетті ресурстардың бар-жоғын нақтыламаған.

Сондай-ақ басылым мұндай технологиялық мүмкіндіктер АҚШ пен Ұлыбританияда бар екенін және олардың Украинаға соққыларды жоспарлау үшін барлау ақпаратын тұрақты түрде беріп отырғанын атап өтті.

Сайт Әкімшілігі