Live

Қазақ азаматтарының паспортында барыс бейнесі пайда болады

ҚР Ішкі істер министрлігі қазақстандық паспорттың қорғаныс деңгейін арттыру бағытында жұмыс жүргізіп жатқанын хабарлады.

Фото: БАҚ

Бұл туралы ІІМ басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Аленов мәлім етті.

Сөз сөйлеу барысында ол жаңартылған Қазақстан паспортының дизайнын көрсетіп, онда барыс бейнесі болатынын айтты.

– Паспорт барлық халықаралық стандарттарға сай. Онда қажетті барлық қорғаныс элементтері бар. Қазір біз қосымша қауіпсіздік деңгейлерін енгізу мәселесін пысықтап жатырмыз, - деді Аленов.

Жаңа үлгідегі паспорттың таныстырылымында таңбадағы барыс бейнесі анық көрініп тұр. Бұл – Қазақстанда құжаттарды қорғауға арналған жаңа, заманауи технологиялар енгізіліп жатқанын көрсетеді. 

Сондай-ақ Бауыржан Аленов ІІМ Қауіпсіздік кеңесінің отырысында берілген тапсырмаларды орындап жатқанын мәлімдеді. Атап айтқанда, ведомство көші-қон саласындағы ақпараттық жүйелерді интеграциялау бойынша шаралар қабылдайды. Оның айтуынша, көші-қонды бақылауды күшейту мен процестерді жетілдіру ІІМ-нің басым бағыттарының бірі болып қала береді.

Сондай-ақ ол қазақстандықтар визасыз 43 елге еркін бара алатынын атап өтті.

Бұған дейін ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Қазақстанға кіру талаптарының күшеюі мүмкін екенін айтқан болатын.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: паспорт