Live

Дәрігерлерге шабуыл жасағандар 15 жылға сотталуы мүмкін

Қазақстанның Қылмыстық кодексіне медицина қызметкерлеріне жасалатын шабуылдарға қатысты арнайы баптар енгізіледі.

Фото: zhasalash.kz

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді.

Үкіметтегі баспасөз мәслихаты кезінде министр бұл өзгерістер Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленгенін хабарлады.

– Бүгінде тиісті нормалар жобасы дайындалды. Бас прокуратурамен, Ішкі істер министрлігімен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Алдын ала оң қорытындылар алынды, - деді министр.

Оның айтуынша, Қылмыстық кодекске жаңа 158-1-бап енгізу ұсынылып отыр. Бұл бап медицина қызметкерлеріне күш қолдану немесе күш қолдану қаупі үшін жазаны қарастырады.

Министр бұл өзгерістердің негізгі мақсаты – медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету екенін атап өтті:

– Бұл – медицина қызметкерлерін қорғауға бағытталған толықтай орынды шаралар. Қыркүйек айында Парламентке енгізіледі, - деді Ақмарал Әлназарова.

  • Егер медицина қызметкеріне күш қолдану қаупі төнгені дәлелденсе — кінәлі адамға екі жылға дейін бостандығын шектеу жазасы қарастырылады.
  • Егер нақты күш қолданылса — екі жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.
  • Бұл әрекет төтенше жағдай кезінде жасалса — он жылға дейін түрме жазасы тағайындалады.
  • Егер бірнеше медицина қызметкеріне (топқа) қауіп төнсе — 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады.

Дәрігерлерге шабуыл туралы нақты оқиғалар мен мәліметтер кейін жарияланады.

Сайт Әкімшілігі