Live

Қытай Қазақстандағы жаңа мұнай учаскелерінің тең жартысын иеленді

Энергетика министрлігі хабарлағандай, электронды аукцион нәтижесінде көмірсутек қорларын барлау және өндіру құқығы төрт жер қойнауы учаскесіне берілді.

Фото: zhasalash.kz

Олардың жартысын Қытай азаматтары мен компанияларымен байланысы бар заңды және жеке тұлғалар иеленген.

Аукцион нәтижесінде мына компаниялар жеңімпаз деп танылды:

  1. «EARTH OIL & GAS» ЖШС — Қызылорда мен Түркістан облыстарындағы Сарысу учаскесінде барлау және өндіру жұмыстарына құқық алды;
  2. «Taraz Petroleum» ЖШС — Жамбыл облысындағы Кокой учаскесінде барлау және өндіру жұмыстарына құқық алды;
  3. Kazakhstan Dinghua Energy Co Ltd — Маңғыстау облысындағы Үстірт-2 учаскесіне ие болды;
  4. «Almaty Oil Ventures» ЖШС — Жетісу мен Алматы облыстарындағы Жаркент учаскесінде жұмыс істеуге құқық алды.

Компаниялар туралы деректер:

  • EARTH OIL & GAS компаниясы 2024 жылдың шілдесінде тіркелген. Оның құрылтайшылары — Hong Kong Bai Li Oil & Gas Limited және Рамиль Кимуров. Соңғысы бұған дейін Priority Oil&Gas барлау компаниясының жалғыз иесі болған. Кейін бұл компанияның 99,993% акциясы қытай-нидерландтық Sino-Science Netherlands Energy Group B.V. иелігіндегі «Матен Петролеум» компаниясына өткен.
  • Taraz Petroleum компаниясы 2023 жылдың қарашасында Түркістан облысында тіркелген. Оның құрылтайшылары — Серік Мырзабеков пен Саттар Муталханов.
  • Kazakhstan Dinghua Energy Co Ltd — 2024 жылдың тамызында Астана халықаралық қаржы орталығында тіркелген жеке компания. Құрылтайшысы және жалғыз иесі — Ли Цзе. Компания мұнай мен газ өндірумен қатар, сирек кездесетін және бағалы металдарды барлау және өндірумен айналысады.
  • Almaty Oil Ventures 2023 жылдың желтоқсанында Алматыда тіркелген. Құрылтайшылары — Tengri Partners (Kazakhstan), Бекжан Сафинов және Данияр Каулдашев. Tengri Partners компаниясы Нидерландыда тіркелген.

Аукцион 28 ақпанда жарияланған болатын. Алайда бес учаске бойынша аукцион өткізілмеді. Олар:

  • Атырау облысындағы Айыртау–II (Шығыс),
  • Маңғыстау облысындағы Тюбеджик (Қарақұм),
  • Батыс Қазақстан облысындағы Оңтүстік-Гремячинское,
  • Ақтөбе облысындағы Қаратусай,
  • Батыс Қазақстан облысындағы Дарьинское кен орны.

Бұл аукцион Қытай компанияларының Қазақстандағы мұнай секторына қызығушылығы артып келе жатқанын көрсетеді.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Қытай