Live

Қызылордада этностар татулығы талқыланды: Ассамблея 30 жылда не тындырды?

Қазақстанның тұрақты дамуы мен қоғамдық келісімнің нығаюы – этносаралық татулықтың жемісі.

Фото: БАҚ

Бұл ретте Қазақстан халқы Ассамблеясы елдегі бейбіт өмір мен достық қарым-қатынасты қамтамасыз етуде жетекші рөл атқарып келеді. Қоғамдағы әр этнос өкілінің құқықтары мен мүдделерін қорғау, өзара құрмет пен түсіністікке негізделген диалог орнату – Ассамблея жұмысының басты қағидаттарының бірі.

Осыған орай, Қызылорда қаласындағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігінің Ассамблея хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілхановтың қатысуымен кездесу өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет, сондай-ақ өңірлік этномәдени бірлестіктердің басшылары қатысты.

Кездесу барысында облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары әрі ҚХА хатшылығының жетекшісі Артур Қамбаров Қызылорда облысында этносаралық қатынастарды дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, алдағы жоспарлармен бөлісті.

Өз сөзінде Марат Алмасұлы аймақтағы бірлік пен келісім бағытында жүргізіліп жатқан істерге оң бағасын берді. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясында айтқан тапсырмаларының маңыздылығына назар аударды.

– Қазақстан халқы Ассамблеясы осыдан 30 жыл бұрын Елбасы бастамасымен құрылған болатын. Содан бері бұл құрылым ел ішіндегі бейбіт өмір мен қоғамдық келісімнің берік платформасына айналды. Әр этностың үнін естіп, мәдени мұраларын ұлықтауға ықпал етіп келеді, - деді ол.

Сонымен қатар Ассамблея қызметінің ауқымын кеңейту мақсатында қолға алынған жаңа жобалар туралы ақпарат берілді. Атап айтқанда, Алматы, Жетісу, Жамбыл және Түркістан облыстарындағы аудандық деңгейдегі ҚХА хатшылықтарының құрылуы, Ақтау қаласында өтетін этномедиация форумы, Өскемен қаласында ұйымдастырылатын ҚХА конгресі және Астанада жұмысын жалғастырып жатқан ҚХА академиясы – осының дәлелі.

Облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Зинабдинұлы жиынға қатысушыларға алғысын білдіре отырып, Ассамблеяның ел ішіндегі татулық пен тұрақтылықты сақтау жолындағы рөліне ерекше тоқталды. Ол Мемлекет басшысының саяси реформаларын жүзеге асыруда этносаралық татулық пен азаматтық келісім маңызды орын алатынын баса айтты.

Кездесуде сондай-ақ ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Нұрмұрат Ерманов, «Славяне» этномәдени бірлестігінің жетекшісі Галина Щербакова сынды қоғам белсенділері сөз сөйлеп, этносаралық қатынастарды одан әрі нығайту жөнінде өз ой-пікірлерін ортаға салды.

Бұл кездесу – ел ішіндегі бейбітшілік пен бірлікті сақтау бағытындағы жүйелі жұмыстардың бір бөлігі. Этносаралық келісімді дамыту – тек мемлекеттік органдардың емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. ҚХА жұмысы – еліміздегі сан түрлі ұлт пен ұлыстың өзара түсіністікте, тату-тәтті өмір сүруіне кепіл. Қазақстанның басты байлығы – халық бірлігі екенін тағы бір мәрте айқындайтын бұл басқосу, қоғамдық тұрақтылықты сақтау жолындағы маңызды қадамдардың бірі болды.

Сайт Әкімшілігі