Шенеуніктерге спорт федерацияларын басқаруға әзірге тыйым салынбайды
Қазақстанның Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифингте спорт федерацияларының басшылығына қатысты пікір білдірді.
Министрдің айтуынша, жаңа олимпиадалық циклде бірқатар спорт федерацияларында қайта сайлау өтіп, нәтижесінде олардың басшылығына бизнес өкілдері және белгілі бір ведомстволарды басқаратын тұлғалар келген.
«Мемлекет бюджеттік қаражат бөлгендіктен, федерация президенттері де демеушілік немесе инвестициялар арқылы спортшыларды дайындауға белсенді атсалысуы тиіс. Барлық федерация басшыларына қойылатын KPI талаптары бірдей», – деді Ербол Мырзабосынов.
Сондай-ақ министр қазіргі уақытта шенеуніктердің спорт федерацияларын басқаруына тыйым салу мәселесі күн тәртібінде тұрмағанын атап өтті.